Көкшетауда көпір құрылысының «жыры» 1 жылдан артық уақытқа созылып кеткен. Сол уақыттан бері аталған аудандағы мыңдаған халық қоғамдық көлік қатынасынсыз қалған. Мәселені шешпек амалмен жақында қала әкімдігі тағы 600 миллион теңгеден астам қосымша қаржы бөлген. Сонымен бір көпір көкшеліктерге 1 миллиард теңгеден астам қаражатқа түскелі отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жоба мемлекеттік сату және сатып алудың https://www.goszakup.gov.kz порталында алғаш рет 2020 жылдың қарашасында өткізілген. Бұл жолы қала әкімдігі жанындағы Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көпірдің құрылысына 500 миллион теңгеге жуық қаражат құйған. Жобаны «Бука» деген мердігер компания жеңіп алған. Алайда өткен жылдың желтоқсанына дейін толығымен аяқталуы тиіс көпірдің құрылысы әлі аяқталмаған. Бұл Қылшақты өзені арқылы өтетін 10 мыңдаған халықты автобус қатынасынсыз қалдырған.
«Біз жылдан астам уақыт бойы автобус күтудеміз. Жақында инстаграмда бұл мәселені тағы да көтергенмін. Бірақ қала билігін тұрғындардың жанайқайы еш алаңдатар емес. Олардың қызметтік көліктері бар ғой. Ал тұтас аудан қоғамдық көлік қатынасынсыз. Өркениетті бірде бір елде бұған жол берілмес еді. Ал осыдан кейін де олар барлық үздік рейтингтерде енгісі келеді», - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Индира Қабдылмәлік.
Қала әкімдігі мәселені бюджет қаражатынан тағы да қомақты қаражат бөліп шешпек болыпты. Біз мұны мемлекеттік сатып алу порталынан анықтадық.
«Сүлейменов көшесіндегі Қылшақты өзені арқылы өтетін автомобиль жолы көпірі реконструкциясы» деп аталған жобаға қала әкімдігі тағы да бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлуге шешім қабылдаған. Сөйтіп тиісті міндеттерін уақытында орындай алмаған «Бука» компаниясына қосымша тағы 602 789 803,57 теңге беруді жөн санапты...
Аталған мәселе бойынша Көкшетау қаласы әкімдігінен түсініктеме беруін сұрадық. Әкімдік бағаның қымбаттағанын алға тартып, жобаға түзету жасалғанын мәлімдеді.
«Негізгі келісімшартқа қосымша мердігер «Бука» компаниясымен мемлекеттік сараптамада түзетулер негізінде қосымша келісім жасалды. Бағаның қымбаттауына және ұлттық валютаның шетелдік валютаға қарағанда курсының айтарлықтай өзгеруі себепті осылай етуге мәжбүр болдық. ҚҰрылыс материалдарының қымбаттауы 47 пайыздан астам қымбаттаған», - деді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.
Осылайша көпір құрылысы көкшетаулықтар үшін 1 миллиард теңгеге жасалмақ. Ал миллиардтың көпірі қашан аяқталатыны әлі белгісіз.