Бейітті су шайды
Бейітті су шайды
496
оқылды
Елорданың іргесіндегі батыр Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы бейітті су шайып кетті. Тұрғындар жергілікті биліктің жағдайдан хабардар бола тұра ешқандай шара қолданбағанын ашына айтады. Бұл мәселені облыстың жергілікті атқарушы органдары ауылдың бейітін судан қорғау үшін бюджеттен тиісті қаражаттың қарастырылмағанын алға тартып, мәселені жылы жауып келген. Суға кеткен сүйектер Бүгінде Нұра өзенінен толассыз аққан су бейіттің іргесіне дейін жетіп, тіпті өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы зираттар суға кеткен. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдардан бері мәйіттің су шайып жердің бетіне шығып қалған адам қаңқаларын құран оқытып, қайта жерлеуге мәжбүр. «Қазір өзенде балықтан, адамның сүйектері көп десем артық айтпаймын. Ескі бейіттің 50 пайызын толығымен су шайып кетті. Бейіттің су шайған жағы жарқабақтанып мәйіт жатқан жерлер опырылып құлап жатыр. Өйткені өзеннің жанындағы құм мен тасты карьер қылып қазып жатқан компаниялар жетерлік. Компаниялар емес, тіпті құм қазып ұрлап жатқандар да баршылық. Кеңес Одағы тұсында өзен бейіттен біршама алыс ағатын. Ал енді өзеннің жанында қазылған карьер­лерден өзеннің арнасы бұрылып зиратқа қарай жайыла бастады. Осы суға біздің бала-шағамыз түсе­ді. Олардан түрлі ауру жұғатынына да ешкім кепілдік бере алмайды», – дейді Рақымжан Қошқарбаев ауылының тұрғыны Сейіт Ыбыраев. Ауыл тұрғындары бұған дейін мәселені біле тұра ешқандай шара қолданбаған аудан, облыс әкімдік­тері рұқсат етсе, өзен арнасын басқа жаққа бұруға дайын. Бәрі білгенді басқарма басшысы білмейді Жақында ауылға келген Парламент Мәжілісінің депутаты Асқарбек Үйсімбаев та бұл мәселені естіп, көрді. Осыдан кейін ғана сең қозғалғанға ұқсайды. сүйек Дегенмен біз хабарласқан облыстың тиісті сала басшылары аталған жайсыз жағдайдан хабар­сыз болып шықты. Мәселе жөнінде Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды рет­теу басқарма­сының басшысы­мен тілдескен едік. Алайда бас­қарма басшысы бұл жайды бірінші рет естіп отырғанын, тіпті аудандық әкімдіктен аталған мәселеге орай қаржы сұраған хаттың да кел­мегенін жеткізді. «Бұл жағдайды Сізден бірінші рет естіп отырмын. Осы басқармада тоғыз жылдан бері қызмет етіп келемін. Бірақ «Нұра өзені ауыл жанындағы бейіт басын шайып жатыр» деп қаржы сұрап ешқандай өтінім де, хат та келген жоқ. Бізге келсе өтінім одан әрі облыстық мәслихат депутаттарына беріліп, одан кейін тиісті қаржы мәселесі қаралуы тиіс еді. Мәселенің мән-жайын сол ауыл мен аудан әкімдік­терінен біліңіз», – деді басқарма басшысы Руслан Әубәкіров. Басқарма басшысының «нұс­қауы­мен» ауыл зиратын су шаю мәселесі бойынша ауыл әкімімен тілдеспек болдық. Бірақ ауыл әкімі­мен әңгімеміз ұзаққа созылмады. Мәселемізді айтуымыз мұң екен ауыл әкімі қолының тимей жатқа­нын айтып, кейінірек хабар­ласуымызды өтінді. Одан кейін Гүлбану Әлінтайқызымен сөйлесу мүмкін болмады. Бір ай уақыт сұрады Есесіне аудан әкімінің орын­басары аталған жағдайдың өңірлік жедел штабтың қарауына енгізіл­генін атап өтіп, бір ай ішінде мә­селенің соңғы нүктесі қойылатынын айтты. «Рақымжан Қошқарбаев ауы­лын­дағы бейіт мәселесі бойынша бүгін облыс әкімдігінде өңірлік жедел штабтың жиналысы болып жатыр. Біздің аудан әкімі Бахыдбек Амантайұлы осы жиынға кеткен. Бұл мәселені негізі облыстық табиғи ресурстар басқармасымен тығыз байланыста шешілуі керек. Оларға өткен аптада да хат жолдағанбыз. Бірақ мәселе дереу шешуді қажет ететіндіктен облыс әкіміне тікелей шықтық. Мәселе шешіледі. Облыс әкімдігінде өткен жиын қорытындысы мен хаттамасы бойынша Нұра өзенінің арнасын ескі арнасына қарай жылжыту керек. Бұлай етсек сол жерді қазып жатқандар «Әкімдік құмды сатып жатыр» деп те шығарады. Сон­дық­тан хаттама шыққан соң іске кірі­семіз», – дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Анаш Жантеміров.
P.S. Сонымен, әзірге ескі бейітті шайып кеткен өзенге тосқауыл қойылмай тұр. Әкімдік облыстық тиісті басқармаға, басқарма аудан әкімдігіне сілтейді. Ал бейіттер қопарыла құлап жатыр.

Ақмола облысы