250 мыңнан астам қуғын-сүргін құрбаны ақталды – Ерлан Қарин
250 мыңнан астам қуғын-сүргін құрбаны ақталды – Ерлан Қарин
337
оқылды
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижелерін жариялады. ҚазАқпаратқа берген сұхбатында Ерлан Қарин мемлекеттік комиссия еліміздің барлық өңіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық мұрағатта жұмыс жүргізгенін айтты. Бұл құжаттар классификациясын енгізуге және оларды бірыңғай білім базасына қалыптастыруға мүмкіндік берді. Мемлекеттік комиссия жұмысына 316 сарапшы-ғалым тартылған. Оның 261-іне жабық мұрағаттарда жұмыс істеуге өкілеттік берілген. Одан бөлек жергілікті комиссиялар жұмысына 500-ден астам адам қатысқан.
«Өткен кезеңде бас прокуратура 2,4 млн-нан астам материалды, ҰҚК – бір жарым мыңнан астам мұрағаттық іс пен құжатты, ішкі істер министрлігі – 5,3 мыңнан астам құжатты құпия емес деп таныды. Мемлекеттік комиссияның қызметі аясында прокуратура органдары жаңа деректерді анықтады. Прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталды», – деді мемлекеттік хатшы.
Құпиясыздандырылған материалдарды сараптау үшін мұрағат материалдарын зерттеу орталығы құрылды. Орталық қызметкерлері ведомстволардан келіп түскен құжаттарды өңдеп, реставрациялап цифрлайды. Әрбір ведомстволық мұрағат арнайы кесте бойынша өз материалдарын дайындап, орталыққа тапсырады. Қазір, Кариннің айтуынша, орталыққа осындай 50 мыңға жуық материал келіп түскен.
«Осылайша, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге қатысты барлық тарихи материалды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрылады», – деп түсіндірді Ерлан Тынымбайұлы.
Сондай-ақ, мемлекеттік комиссия тарихи материалдарға негізделген ғылыми жинақтар шығарады. Бүгінде репрессияға негіз болған ұйымдастырушылық және әкімшілік құжаттар туралы мәліметтерді қамтитын екі жинақ жарық көрді. Басылымдардың бұл сериясы жыл бойы жалғаспақ.