Жасаған жақсылығын, қоғамға тигізген пайдасын, адам өмірін сақтап қалғанын еш уақытта міндетсінбейтін адамдар болады. Ол оны күнделікті қарапайым дүние, менің орнымда кез келген адам солай істер еді деп қабылдайды. Ал кейбіреулер аз ғана жақсылықты жарияға жар салып, содан ұпай жинағысы келеді.
Біздің кейіпкеріміз – Арыста болған жарылыста өзі жұмыс істейтін кітапхананы қауіптен қорғап қалған қарауыл Сапарғали Нәби. Алайда ол өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайды.
Естеріңізде болса, 2019 жылы маусымның 24-іне Шымкенттен шамамен жүз шақырым жерде орналасқан 44 мың халқы бар Арыс қаласының әскери қоймасында жарылыс болды. Қару-жарақ қоймасының бірінде оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласты. Таңғы 9 сағат 20 минутта болған оқиғадан 44 мың халық басы ауған жаққа босып кетті. Қалада жан баласы қалған жоқ. Ал Сапарғали Мылтықбайұлы болса өзі жұмыс істейтін 90 жылдық тарихы бар Арыс қаласының орталықтандырылған кітапханасында кешке дейін жалғыз отырған. Құнды дүниесі бар мәдениет ошағы жарылыс кезінде қысымнан атылып кетпесін деп есік-терезені ашып, күзеткен.
Екінің бірінің батылы бармайтын батырлықты жасап отырса да, кейіпкерімізді бұл туралы айтуға әрең көндірдік. «Оны ерлік деп ойламаймын, батырлық дегеніміз – соғыста қолына қару алып, майданға барғандарды айтады, жазудың керегі жоқ. Мен өз тірлігімді істедім» деп азар да безер болды.
«Сол күні кітапханадағы күзетшілік жұмысыма кешке түсуім керек еді. Таңертең үйден шаруалармен көшеге шығып едім, көлігім бұзылып, соның жанында тұрғанымда әскери бөлім жақтан қатты жарылыс болып, өрт басталды. Қала көк түтінге оранды. Шулаған ел, жылаған бала, оқыс жағдайдан шошынған жұрт ілінген көлікке мініп қашып бара жатты. Мен балабақшадағы қызымды көрейін деп, сол жаққа асықтым. Барсам, балаларды көлікке мінгізіп алып кетіпті. Бойымда жоғалтып аламын деген қорқыныш болған жоқ. Себебі тәрбиешілер балаға жауапкершілікпен қарайды ғой. Бір жерге жинайтын шығар дедім де, үйге келдім. Келіншегім балаларды алып, көршінің көлігімен Байырқұмдағы туыстарымыздың үйіне кетіп бара жатырмыз деп хабарласқан болатын. Мен оларды шығарып салып, өзім велосипедімді мініп, жұмыс орныма алаңдап, сонда кеттім», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Сапарғали Нәби келгенде кітапханада ешкім болмаған. Қызметкерлер есіктерді үлгергенінше жауып кетіп қалыпты. «Білмеймін, қорқыныш болған жоқ, жарылыс салдарынан өрт болса, сонша құнды дүние кетеді ғой деген оймен асығыс шешім қабылдадым. Есіктерді, барлық терезені ашып, өрт болса, әрекетімді жасармын деп іште отыра бердім. Толқын бола қалған жағдайда ашық терезеден шығып кетер деген үміт болды. Айнала қайта-қайта тарс-тұрс болып жатты. Тіпті, біздің ғимарат маңына да бір жарылғыш зат түскендей дүрс ете қалды. Азанда басталған дүмпу көпке дейін созылды. Кешірек сағат 6-лар шамасында әбден басылған соң, сыртқы есікті құлыптап, балабақшадағы қызымды іздеу үшін Шымкент жаққа кеттім», – дейді ол.
6 баланың әкесі балабақшадан кеткен 3 жасар қызын жоғалып кетеді деп мүлдем қауіптенбепті. Балабақша қызметкерлері қалай болмасын оларды бір жерге жайғастырып, ас-суын беретініне сенімді болған. Алайда, жұбайы мен туыстары шарқ-ұрып іздеп жатқан соң ол да шығыпты. Қызы көп кешікпей, Шымкент қаласындағы мектептердің бірінен табылған.
Кітапхана меңгерушісі Айдын Молдашева 18 мың кітап қоры бар орталықтандырылған кітапхананы көздің қарашығындай қорғаған Сапарғали Мылтықбайұлына ерекше алғыс білдіріп отыр. «Таңертең жарылыс басталғанда келіп, кезекшілігін тастамай, айналадағы дүмпулер басылғанша осында отырып, кітапхананы күзеткен. Есік-терезені ашып отырғанының арқасында мұнда ешқандай зақым келмеген. Егер есік-терезе ашылмағанда іштегі қысыммен ғимарат жарылар ма еді?! Кітапхана киелі орын дейміз ғой. Тұп-тура кітапхананың артына үлкен снаряд түсіп, жарылмай қалған. Біз өзінің отбасына да қарамай, кітапхана мүддесін жоғары қойып, жұмысына адалдық танытқан Сапарғали ағаға ризамыз», – дейді меңгеруші.
Сапарғали Нәби осы ерлігі үшін Мәдениет министрлігінен Алғысхат алған. Жалпы, мұны күнделікті жұмысы сияқты қабылдап отырған жігіт ағасы марапатқа аса құштар болмағанын айтады. «Елдің бәрі қашып бара жатқанда, сіз жалғыз қалай өміріңізді қауіпке тіктіңіз?» деген сұрағымызға: «Ажалың жетсе, қанша қашсаң да құтылмайсың ғой», – деп сабырлы ғана жауап берді. Біз өмірдің осындай жандармен керемет екенін ұғынып қайттық...