1 маусым Балалар күніне орай елордада «Балапан әлемі» атты фестиваль өтті. Фестивальда балаларға арнап сайыстар ұйымдастырылып, кітап және қуыршақ көрмесі болды.
Бір қызығы, қуыршақ көрмесіне балалар 1 ай бойы дайындалған. Астанадағы №2 өнер мектебінің директоры Гүлмира Жангелдіқызының айтуынша, көрме онкологиялық дертке шалдыққан балаларды қуанту үшін ұйымдастырылған.
– Бұл көрменің мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласындағы онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға туындыларымызды сыйлап, көңілдерін көтеру. Барлығы 280 қуыршақ жасалды. Оның 221-і қалалық онкологиялық ауруханаларға таратылды, – дейді ол.
Байқау ережесі бойынша, ойыншықтар таза матадан тігілуі керек. Екіншіден, ойыншық жұмсақ болуы шарт. Сондай-ақ қандай ойыншық болмасын, қазақы ою-өрнек бейнеленуі қажет.
Сайыс 3 номинация бойынша өтті. Олар: «Қуыршақ номинациясы», «Жануарлар номинациясы» және «Жұмсақ жастық номинациясы». Бұл номинацияларға Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық мектептен 300-ге жуық оқушы қатысты. Фестивальда 57 ойыншықтың иесі марапатталды. 3 номинация бойынша 3 бас жүлдегер анықталды.
Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық «Асық ату» ойыны да өтті. Оған 10 бала қатысып, ішінен 3-еуі озып шықты. Сондай-ақ №2 өнер мектебі ұйымдастырған «Асфальтқа сурет салу» сайысы да тартысты өтті. Фестиваль соңында өнерімен ерекшеленген бүлдіршіндер марапатталды.
Салтанат АСАНӘЛІҚЫЗЫ,
Қарақат ӘНУАРҚЫЗЫ