Balapan телеарнасында ребрендинг: логотипі өзгеріп, эфир дизайны жаңарды
Balapan телеарнасында ребрендинг: логотипі өзгеріп, эфир дизайны жаңарды
622
оқылды
«Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты Balapan телеарнасының логотипі, эфир және эфирден тыс дизайн стилі толығымен өзгерді. Телеарнаның жаңа бейнесі мен әнұраны бүгін BALAPAN ӘЛЕМІ республикалық балалар фестивалі аясында таныстырылды. «Жаңа брэндбукке сәйкес, балапандар өсіп, тілі шыққан, яғни енді балалармен сөйлесе алады. Арнаның бейнесі 4 түрлі мінезбен ерекшеленеді: балапандар білімпаз, өнерпаз, спортшы және ерке. Әрбір сипаты заманауи балалардың қызығушылығы мен мінезін бейнелейді. Кішкентай көрермендер жаңа образдардан өздерін танып, виртуалды «дос» таба алады», – дейді арна мамандары. Телеарнаның эфирі стильді ID-роликтермен толықтырылып, заманауи аранжировкада жазылған аудио-роликтермен сүйемелденеді. Эфирді безендіруге арналған музыканы еліміздің талантты композиторы Ермек Елгезеков жазып шықты. Ал жаңа әнұран авторлары – композитор Серікжан Әбдінұров пен ақын Олжас Қасым. Телеарна ребрендингіне дайындық жұмыстары жарты жылға созылды. Жаңа логотипті жасауға еліміздің үздік дизайнерлері қатысып, арнайы фокус-топтар құрылды. Бұдан бөлек арна аудиториясы – балалардың және ата-аналардың қалауын жан-жақты зерттеуді қамтыған статистикалық мәліметтер жинақталды. Ребрендинг жасау барысында логотиптің түсі мен қаріпіне де ерекше көңіл бөлінген. «Заман талабына сәйкес аудиторияның назарын аудару және оның санын ұлғайту үшін контентті трендке сай безендіре отырып ұсыну керек. Осы ретте көрермендеріміздің талғамы мен қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып, телеарнаның ребрендингін жасауды жөн санадық. Телернаның жаңа дизайны бүгінгінің балалары түсінетін заманауи «тілде» сөйлесуге мүмкіндік береді және арнаға жаңа леп әкеледі деп сенеміз,– дейді телеарна қызметкерлері. Balapan телеарнасы жаңа телемаусымда көрерменге отбасылық құндылықтар мен салауатты өмір салтын насихаттайтын, қазақ тарихы мен музыкасынан сыр шертетін, отансүйгішттікке баулып, жаңа технологияларды тануға үндейтін қызықты әрі бала пайымына лайықталған 22 жоба ұсынады. Оның ішінде 9 анимациялық сериал мен 13 тележоба бар. Сондай-ақ, шығармашылық ұжым телеарнадағы тікелей эфирді қайта жаңғыртып, «Кім тапқыр?» бағдарламасын жаңа форматта ұсынбақ. Көрерменмен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама аптасына 5 рет – дүйсенбі мен жұма аралығында эфирге шығады.