1,38 миллиард халқы бар елдің астанасында Абай бюсті ашылды
1,38 миллиард халқы бар елдің астанасында Абай бюсті ашылды
375
оқылды
Үндістан астанасы Нью-Делидегі Сан Мартин Парк скверінде қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Үкімет басшысының орынбасары Бақыт Сұлтановтың, Үндістанның сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхидің, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті.
– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық», – деді Б.Сұлтанов.
Ол Махатма Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие екенін атап өтті. Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен,  Абайдың «Тегінде,  адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді Махатма Ганди да бағалаған. Ол «сіздің сеніміңіз сіздің ойыңызға айналады, ойыңыз сөзіңізге айналады, сөзіңіз әрекетіңізге, ал әрекетіңіз әдетке, әдет сіздің құндылығыңызға, құндылықтарыңыз сіздің тағдырыңызға айналады» деген. Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті. Сондай-ақ тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.

Асемай Макуова