Құрбандарды еске алып, ескерткіш орнатты
Құрбандарды еске алып, ескерткіш орнатты
526
оқылды
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Қарағандыда митинг-реквием ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша іс-шара Спасск мемориалдық кешенінде өтті. Сонымен қатар Еуропа қазақтары тарту еткен ескерткіш Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы саябаққа, дәл «Әнет баба» мешітінің жанына орнатылды. Спасск көптеген шет мемлекеттер үшін ұмытылмас орынға айналды. Мұнда қуғын-сүргіннің қыспағына түскен адамдар мәңгі тыныштық тапқан. Митингке Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Сондай-ақ зардап шеккендерге құрмет көрсету үшін елшіліктер мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері келді. Мұнда түрлі мемлекеттер қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға 28 ескерткіш белгі орнатқан. – Бұл – өткен ғасырда болған үлкен трагедия. Біздің парызымыз – бұл естелікті бар­ша халықтың есінде сақтау, – деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада. – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Қазақ­стан жерінде 50 мың жапондық қалды. Олардың барлығы да отанына орала алмады. Бірақ барлық жапондықтар қазақтарға баспана мен көмек бергені үшін алғыс білдіреді, соның арқасында олар аман қалды. – Бүгін біз еріксіз ұлы далада қалып, осында мәңгі мекен тапқандарды еске аламыз, – дейді Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов. – Біз сол қиын кезеңді есте сақтауымыз керек және бұл қайталанбауы үшін оны жаңа ұрпақтың есіне салып, түсіндіруіміз керек. Біздің ата-бабаларымыз да осында жатыр. Мен де қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағымын. Тек қазақ халқының мейірімділігінің арқасында басқа халықтар аман қалды. Спасск мемориалдық кешені 2004 жылы тоталитаризм жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жерленген жерінде құрылды. Мұнда 1930–1950 жылдары КСРО Ішкі істер халық комиссариатының бөлімше­лері, әскери тұтқындар мен жалпы тұтқындарға, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған КСРО азаматтарына арналған лагерь орналасты. Мұра­ғат­тарға сәйкес, Спасск зиратында 5 мыңнан астам адам, 50-ден астам ұлт өкілдері жерленген. Өткен ғасырдағы ашаршылық құрбан­дарына ескерткіш Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы Қарағанды этнопарк аумағында, «Әнет баба» мешітінің жанында орнатылды. Ол аштықты бейнелейтін жабық қазанның бейнесін құрып тұрған ер мен әйелдің жапсарлас фигуралары түрінде жасалған. Қазан – қазақ үшін молшылық пен тоқшылықтың белгісі. Ал егер ол төңкерулі жатса, жүрегіңіз шымырлайды. Мүсінші іргеге ағаш қойыпты. Оны болашаққа деген үміт деп түсіндірді. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, қоғам қай­рат­керлері және шетелден келген қандас­тарымыз мейман ретінде қатысып, бабалар рухына тағзым етті. Жиылған жұртшылық ашаршылық һәм қуғын-сүргін кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. – Бүгін қордасына қан сіңіп, қойнауына шер тұнған Қарағандыда сонау сортаң күндердің сорабынан сыр шертер тағы бір ескерткіш бой көтеріп отыр. Шетелдерде тұрып жатқан қандастарымыздың бастамасымен жүзеге асқан бұл идея тарихымыздың терең қойнауындағы қалтарыс пен ақтаңдақтың сырын ашуға ұмтылған мемлекеттік мүддемен астасып жатыр. Биік парасат, тарихи талғаммен екшелген жобаның құндылығы сол, мұнда тағзым етуге келген әрбір азаматтың санасын билеген өкініш өр рухқа жол беріп, әрқайсымызға ой салатын болады, – деді Ербол Шымкентбайұлы. Германияда тұратын мүсінші Жармұхамбет Тілеген ескерткішті елге келіп жасаған, оған жарты жыл уақытын жұмсапты. – Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату идеясы Еуропаның әр түпкірінде тұратын қазаққа тиесілі. Германияда біздің «Наурыз тобы» атты қоғамымыз бар. Бәрімізді атамекен, Отан, ортақ тарих байланыстырады. Аштық жылдары үш миллионнан астам қазақ қырылды. Біздің ата-бабаларымыз зобалаң зұлматты басынан өткерді. Өскелең ұрпақ бұл тарихи оқиға туралы біліп жүруі үшін ашаршылық туралы еске салатын ескерткіш орнатуды жөн көрдік, – дейді мүсінші Жармұхамбет Тілеген. Мүсінші әуелі бірнеше эскиздер жасап көрген. Көптің талқысынан, таңдауынан өткені осы болыпты. Граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі 1,2 метрді құрайды. Салтанатты шара «Отандастар қоры» қоғамының басшысы Абзал Сапарбекұлының, мүсін авторы Жармұхамет Тілегенұлының, сондай-ақ Норвегия, Германия, тағы басқа Еуропаның елдерінен келген қандастарымыздың тілегімен жалғасты.

Қарағанды облысы