Мемлекеттік салтанатты шараларда мерекелік әскери формамен сымдай тартылып, мемлекеттік Ту көтеріп, Елтаңба мен Конституцияны, Президенттік штандарттарды алып жүретін жауынгер жігіттерді сырттай көргенде тамсана да риза болып қарайтынымыз рас. Тіпті, тірі ескерткіш секілді бір орында тапжылмай, еш қимылсыз сағаттап тұратын қажырлы шыдамдылығына қарап таңданысымызды да жасыра алмаймыз. Ендеше, бүгін осы құрмет қарауылы мектебінен өтіп, бүгінде өзі де жеке құрамдағы ізбасар інілерін әскери іске, оның ішінде рәсімдік шараларды атқару шеберлігіне баулып жүрген замандасымыз, Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің 0112 әскери бөлімі басқарма бастығының орынбасары, подполковник Ұлан Нұрлановпен таныс болыңыздар. Кейіпкеріміз – мемлекеттік Ту ұстаушылардың бірі. 2006 жылғы Президент инаугурациясында, 2017, 2018 жылдары әскери шерулерде мемлекеттік Туды ұстаған жан.– Ұлан мырза, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерекесі құтты болсын! Ендеше, ел айбыны мен абыройын асқақ ұстап, мемлекеттік рәміздерді қорғау, алып жүру, қарауылға тұру екінің біріне сеніп тапсырыла бермейді. Көп алдында болсаңыздар да, көп қолға түсе бермейсіздер. Ендеше, өзіңізді таныстырып өтіңізші?
– 1980 жылғы 31 қаңтарда Алматы облысы, Алакөл ауданы Үшарал қаласында дүниеге келгем. 1999 жылы мерзімді әскери қызмет атқаруға шақырылғаннан бастап осы 0112 әскери бөлімінде әскери қызметтемін. Қатардағы сарбаздан бастап, келісімшарт бойынша әскери қызметші, содан кейін офицер, қазір басқарма бастығының орынбасары болып қызмет етемін. 2008 жылы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітіргенмін. Отбасым, екі ұлым бар.
Мемлекеттік Туды көтеру мәртебесіне ең алғаш 2000 жылы ие болдым. 1999 жылы Республикалық ұланға әскер қатарына шақыртылған едім. Сол кезде мені құрмет қарауылы ротасына іріктеп алды. Мен секілді 100 баланың арасынан бес баланы ту тобына таңдады. Солардың арасында мен де болдым. Сол жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығына орай Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің алдында салтанатты шара өтті. Шеру кезінде мемлекеттік Ту ұстап шықтым. Содан бері әскер мектебінен өтіп, көптеген шараларда мемлекеттік рәміздерді алып жүрміз. Сондай шараның бірі – 2005 жылы Ақорда салынып, астанадағы ескі резиденциядан мемлекеттік рәміздерді көшіру салтанатында да мемлекеттік Туды мен ұстадым.
– Мемлекеттік рәміздер ел тәуелсіздігінің ажырамас бөлшегі. Олардың айшықты көрінетін ең бір салтанатты сәті – Президентті ұлықтау рәсімі. Өзіңіз сондай бір маңызды шарада мемлекеттік Туды көтеріп алып шыққан екенсіз. Сол туралы айтып беріңізші?
– 2006 жылы Елбасын ұлықтау рәсімі өтті. Сол кезде мемлекеттік Туды өзім алып шықтым. Ол кезде 26 жаста едім. Туды алып шыққан деген үлкен мәртебе ғой. Ал оны алып шығу маған бұйырғанына қатты қуандым. Расын айтсам, «тұра аламын ба, тұра алмаймын ба?» деген кішігірім қобалжудың болғаны рас. Хаттама басшылығы «жиын 1,5 сағатқа созылады, соны алып шығуың керек, ешқандай да ауысу болмайды» деген кезде, ол қобалжуды жауапкершілігім жеңді де, бойымды дереу жинап алдым. Осылайша, сол кездегі жанымдағы әріптес жолдастарым бар, бәріміз бірге мерекелік нысанды киімде салтанатты ұлықтау кешінің сәнін аспандатып, Елбасының айбынды абырой биігін одан сайын асқақтатып, Қазақстан тәуелсіздігінің мызғымастығының атрибутындай тапжылмастан құрмет қарауылының беделін түсірмей, еңселі алып шықтық. Бұл тіпті мен үшін үлкен құрмет болды десем болады. Өйткені басшылықтың маған артқан сенімі еді. Осы уақытқа дейінгі әскери қызметке жан-тәніммен берілгенімнің, қажырлы еңбегімнің бағасы еді. Тіпті, өмірімнің ең бір биік белестерінің бірі болды деп санаймын.
– Бұл сіздің өміріңіздегі ең бір жауапты міндет болған екен. Одан да басқа еске алуға тұратындай қандай оқиғалар болып еді?
– Иә, жалпы менің өмірімдегі сынға шыдап, сынақта шыңдалған уақыт осы 2006 жыл деп айтуға болады. Бұл жылы Президент пен Туға қатысты тағы бір оқиға туралы айтып берейін. Қазіргі «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде салтанатты жиын өтіп, Тұңғыш Президент Туды өзі көтеретін болды. Бүгінгі республикамыздағы ең үлкен Ту ол кезде жоқ. Түймені басып қалып, өзі көтеретін электрлі механизмі де жоқ. Оның орнында темір сырыққа ілінген, тұтқасы бар шығыршықпен шыр айналдыра бұрап көтеретін Ту бар. Дайындық кезінде Хаттама басшылығы Президентке оны қалай көтеру керегін түсіндіруді және көмектесуді маған тапсырды. Мен «қалай айтам» деп жүрексініп едім, ешқандай да қиындығы жоқ екенін, Президенттің кішіпейіл, тез түсініп алатынын жеткізді. Осылайша, дайындала бастадым. Елбасы келді, қолымды шекеме алып барып мәртебе көрсетіп, амандасып едім, өзі қолын ұсынып, қолымды алып амандасты. Бұған дейін толқып тұрғаным сап басылды. Содан қалай өтетінін түсіндіріп, Әнұран басталған кезде Туды көтеретінін, шығыршықты қалай бұрау керек екенін айтып бердім. Әнұран басталғанда ол шығыршықты бұрап көтерді. Әнұраннан соң Елбасы сөз сөйлеуі тиіс. Сондықтан да Туды ең жоғарысына дейін көтеріп үлгеру керек. Мен көмекке дайын тұрмын. Ол да соны түсінген болу керек, Әнұран соңғы жағына жеткенде, маған көзінің қиығымен қарағандай болды. Мен бірден рұқсат сұрап дайын екенімді білдірдім, ол «Мемлекеттік Туды көтеру – азаматтың абыройы» деп маған тұтқаны ұстауға рұқсат етті. Өзі сөз сөйлеу үшін мінбеге қарай баспалдақпен түсіп кетті. Сол бір ауыз сөз бен Туды маған тапсырғаны мен үшін үлкен мәртебе болды. Кеудемді мақтаныш пен қуаныш кернеді. Елбасы сөйлеп бастағанға дейін Туды тұғырына орнатуым керек дедім де, шығыршықты тездетіп айналдырып, дәл уақытында үлгердім. Сол бір жарқын сәттерді мен әлі күнге дейін ыстық құрметпен есіме алып жүремін. Соның әсерімен қызмет барысында да өзіме деген жауапкершілік жүгін еш жеңілдеткен емеспін.
– Сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алатын Мемлекеттік күзет қызметінің жауынгерлеріне қойылар талап қандай?
– Талаптар әрине қатаң. Бойы 1,85-1,95 метр аралығында, түр-келбеті келіскен болуы керек. Ұстамды, сабырлы болғаны жөн. Білімі ортадан бастап жоғары білімге дейін қабылданады. Физикалық жағдайы, денсаулығы өте мықты болуы қажет. Психологиялық жағдайы да мінсіз болуы қажет. Өйткені біздің қызмет – өте жауапты міндет. Бір орында сағаттап тұруға тура келеді. Сол кезде дене дайындығы, денсаулығы мықты болмаса шыдау қиын. Ал сағаттап бір нүктеге қарап тұру үшін психологиялық үлкен дайындық керек. Сол себепті де бұл талаптар – мемлекеттік рәміздерге, тәуелсіздікке көрсетілген құрмет деп айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге абырой тілейміз!