Қашан да елдің айбынын аңғартар мемлекеттің символдары болады. Туы, Елтаңбасымен бірге, шырқалар Әнұранды да осы қатарға қосамыз. Әнұран жай ән емес, халықтың тарихын, өткен жолын, бүгінгі күйін баяндауы әрі рухты болғаны абзал. Қазақ халқы осы ғасырға дейін түрлі кезеңдерден өтті. Соған сай түрлі Әнұраны болды. Заман сырғығанда ол да ауысты. Осы тұста біз ел тарихындағы Әнұрандарды бір шолып, мәні мен маңызына тереңдеп көрдік.Алаштан қалған айбын
Қазақ тарихындағы Әнұранның бастауын Алаш кезеңінен тарқатсақ болады. Рас, оның алдында да, жаугершілік заман, көшпелі ғұмырда жыраулардың арқа қоздырар жырлары болды. Оның бәрін де белгілі бір кезеңдердегі Әнұран ретінде санауға болады. Ал Алаш танымындағы Әнұранның жөні мүлде бөлек болатын. Дегенмен зиялылар кезеңінде де Әнұранның бірнеше нұсқасы болғаны айтылады. Бірақ арасында рухы басым, көпке белгілісі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» жыры. Күн сөнген күні мәңгілік те сөнетіні хақ. Осы екі-ақ жол бәрін айтып тұр, қазақ халқы мен елді ойлаған алыптардың мәңгі тірі тұратынын аңғартады. Алаш кезеңінде бұдан да басқа Әнұран ретінде айтылған жырлар жетерлік. Алайда шыны керек, ол кезеңдегі Әнұрандардың басым бөлігінде асқақ рухтан гөрі әділетсіздікке қарсы шамырқанған шындықтың шырылы басым болатын.
Жартығасырлық жалған ұран
Кеңес одағының құрамында болғанда, 1943 жылы Қазақ КСР-ның алғашқы мемлекеттік Әнұранын жазуға байқау жарияланды. Соңғы нұсқасы ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің әуеніне жазылған Ә.Тәжібаевтың, Қ.Мұқамедханов, Ғ.Мүсіреповтың мәтіні қабылданды. Кейбір деректерде сол Әнұран мәтінінің толыққанды авторы Қ.Мұхамедханов екені айтылады, ал Тәжібаев пен Мүсіреповтың үлесі бар болғаны мәтін басындағы «ер қазақ» сөзін «біз қазақ»-қа ауыстыруымен шектелген. Әнұран 1945 жылы бекітілді. Дегенмен кеңестік дәуірдегі Әнұранның сөзі коммунистік идеология талабына сай, жалған оптимистік рухқа құрылғанын айтпай өтуге болмайды. Ол кездің басты идеологиясы – сол баяғы коммунизмді насихаттау жолы болатын. 1945 жылы қабылданған Әнұран 1992 жылға дейін айтылып келді. Жартығасырлық жырдың әуені ғана сақталып, мәтіні жойылды. Ол Әнұранның мәтінін толық тізбектеп отыра алмаймыз. Дегенмен сынға қалар тұстарына тоқталып кетелік.
«Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң».
Кеңес кезіндегі Әнұранда осындай жол бар. Бұл кәдуілгі жеке басқа табынушылықтың нақ өзі екеніне сөз жоқ. Тағы бір мысал, сол Әнұранда ұлтшылдық көрінісі, бір ұлтты екінші ұлттан биік көріп, жікке бөлу болды. «Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры, Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына». Міне, осы жол – сол сөзіміздің дәлелі. Не де болса жарты ғасырға жуық уақыт бойы жалған ұранға ұйытқан Әнұран еліміз тәуелсіздік алысымен көп ұзамай жойылды.
Жаңа рухтың жаршысы
Тәуелсіздік алғаннан қазақтың санғасырлық арманы болған азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін жаңа Әнұранды әзірлеуге қажеттілік туды. Осыған орай 1992 жылы республика Әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт ақын: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев пен Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған мәтіні жеңіске жетті. Ал жоғарыда айтқанымыздай, Әнұран әуені сол баяғы күйінде қалды.
Бұл Әнұранның маңызы, астары, тіпті, адам жанына сөз арқылы сыйлайтын рухы да асқақ болды. Сонысымен көптің көңілінен шыққаны жасырын емес. Оны тыңдап отырып, мәніне үңілсеңіз, ат үстінде талай жылдық соғысты бастан өткеріп, кейін зиялыларын жоғалтып, өзгенің боданында бұлқынған жүректі көресіз. Соның бәрін ақыры жарып шығып, жарық күннің астында кеудесін кере «меннің» жырын жырлаған жас батырды көргендей боласыз. Мәселен, «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен, Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз» деген жол соның дәлелі.
Міне, қазақтың болмысын, кей тұста тосырқағанын, бірдегі ұяңдығын, шамданса өлімді де елемейтін қайсарлығын, бауырмалдығын осы Әнұраннан аңғарасыз.
«Ардақтап анасын, құрметтеп данасын,Бауырға басқанбыз баршаның баласын.Татулық, достықтың киелі бесігі – Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!».
Бұдан артық жеткізудің қажеті де жоқ. Осылай бәрін баяндай келе «Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз, Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!» дейді. Талай ғасыр тезден өтіп, ақыры үкілеп жеткізген елдікті, жерді, қайсар болмысты ұрпаққа табыстаған бабалардың сөзімен түйінделеді.
Бейбіт заманның бесігін тербеген
Дегенмен елді бүтін бір болмыстағы адам ретінде сипаттайтын болсақ, белгілі кезеңдерден кейін жаңашылдыққа ұмтылыстың болатыны аян. Өткеннің зарын жиып, көміп, алға басу үшін де жаңа көзқарас керек болады. 2006 жылы Қазақстанның Әнұраны ауысты. Оған дейін Қазақстанның бейресми Әнұраны саналып келген Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің мәтіні аз-кем өзгертілді. Мәтіннің қосымша авторы ретінде сол кездегі ел Президенті Н.Назарбаев өз ұсыныстарын енгізді. Қазір осы Әнұран мемлекеттің айбынын көрсетіп тұр.
Әрине, бұл жыр да қазақ халқының ер екенін, батырлығын мадақтауды ұмыт қалдырмаған. Сәл әскери марштық толқын да бар. «Ерліктің дастаны, Еліме қарашы!». Яғни, қазақ жерінің даласы, әр төбесі мен жартасында ерліктің ізі жатқанын, дастан етіп жырласаң да бітпейтінін меңзейді. Және бұл Әнұранда бар екпінді «Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным» деген жолға түсіреді. Туып, өсіп-өніп келе жатқан әр ұрпақтың кеудесінде сақталып, шырқалар сөз – осы.
Бағамдап отырсақ, заманына қарай Әнұрандар да құбылған екен. Әйтсе де, белгілі бір иеологияның аранынан тыс, елдің бірлігі мен мемлекеттің бүтіндігін көксеген тәуелсіздік жылдарындағы Әнұранның орны ерекше. Сондықтан халықтың айбынын аңғартар ән қашан да әннің төресі саналмақ.