Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туған, режиссер Абдулла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі әрбір адамның балалық шағының сүйікті киносына айналған. Сол себепті Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордадағы Жетісу саябағында Қожаға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 183 сантиметр, қоладан және граниттен жасалған. Осыған орай мүсінші Азамат ТАЛАПХАНМЕН әңгімелескен едік.– Қожаның мүсінін жасау туралы идеяны белгілі журналист Жанболат Аупбаев ұсынды. Ал мүсінді жасауды не себепті сізге сеніп тапсырды? Қорқыныш болды ма?
– Жанболат ағамыз өзі қарындашпен салған жобаларын жетілдіру үшін жанына кәсіби мүсіншілерді іздесе керек. Осылайша, Қожаның мүсінін жасайық деп бізге келді. Қожа әркімді елең еткізер қызық тақырып болғандықтан, біз ойланбастан кірістік. Өйткені Қожа – күллі қазаққа жақын шоқтығы биік шығарма. Қожаның образын жасауға жүрексіне кірістік. Бірақ Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, осы салада шәкірт тәрбиелеген ұстаз болғандықтан, Қожаның 4-5 нұсқасын жасап ұсындым. Сұлтанмен бірге жүрген, атқа мінген, жүгіріп келе жатқан, «Қырықтыққа бармаймын, шаппаға барамын» деп есік ашып тұрған, қолына ракетка ұстап Жантасқа күліп тұрған образдары болды. Сол жұмыстардың ішінен Жанболат ағаның таңдауы осы нұсқаға түсті. Бұл жерде Қожа айнаға қарап, өз-өзіне есеп беріп отыр. Бұл жерден оның тәтті күлкісін, тентек мінезін байқауға болады. Мүсіннің астындағы тасқа «Менің атым Қожа» фильміндегі барлық кейіпкердің суреті басылды. Бір жағынан саябаққа келген адамдар Қожаның қасына отырып суретке де түсе алады.
– Жалпы, Қожаның келбетін жасау қиын болмады ма?
–Қожаның бейнесін сомдау оңай болған жоқ. Өйткені оны барлығы біледі. Сол себепті Қожаның жан сезімін, риясыз бала көңілін ашу қиынға соқты. Оның өзіне ғана тән күлкісі бар. Қабағын түйсе де, қуанса да барлық эмоциясы айқын көрініп тұрады. Солардың барлығын қолымыздан келгенше айнытпай салуға тырыстық. Жалпы, мүсінді жасауға 2,5 ай уақыт кетті.
– Шетелде балаларға арналған мультфильм, кино кейіпкерлеріне сол сәтте-ақ ескерткіш орнатылады? Біздің елімізде неге мұндай үрдіс жоқ?
– Әрине, дамыған елдер мультфильм мен кино кейіпкерлеріне ерекше көңіл бөліп, барынша насихаттайды. Осы арқылы балалар батырларға еліктеп, ержүрек болып өсуге ұмтылады. Біздің елімізде бұл үрдіс енді ғана қолға алынып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауы бекер емес. Біздің ауыз әдебиетіміз бен тарихымызда бірегей кейіпкерлер жетерлік. Бірақ оның барлығының нақты елестете алатын ортақ бейнесі қалыптаспаған. Бала түгіл үлкендердің өзі қай оқулықта Ертөстік екенін, қай оқулықта Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақ, Көлтауысар екенін білмей дал болады. Бар дүниемізді насихаттай алмай жүргенімізге кімді кінәлаймыз? Ресейде Винни Пух пен «Ну, погодидегі» қасқыр мен қоянға да мүсін қойылған. Бізде ше, мүсінді жасайтын ертегі кейіпкерінің бейнесі де бірізге салынбаған. Айталық, кітаптар мен мультфильмдерде бір ғана Алдар көсенің 70 түрлі бейнесі кездеседі.
– Бұған дейін қандай жобалар жасадыңыз?
–Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Қоңыз батыр-Құрбан қажының аттылы образын жасағанмын. Ақжар ауданына Сайболат атамыздың мүсінін де бейнеледім. Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің тапсырысымен Пушкин көшесінің бойына қойылған қолына бала ұстаған өрт сөндірушінің мүсінін, Бейбітшілік көшесінің бойындағы медбикенің бейнесін жасадым. Еліміздің басқа өңірлерінде де менің қолымнан шыққан осындай мүсіндер бар.
– Қазақ мүсін өнерінің дамуына көңіліңіз тола ма?
–Бұл сұраққа жауап беруге әлі ерте сияқты. Мүсін өнері уақыт өткен сайын технологиялармен бірге қарыштап өзгеріп жатыр. Бізге дейін де қаншама мықты мүсінші шықты, қазір де жастар бұл салада өз қолтаңбасын қалдырып жатыр. Жалпы, ұлттық құндылығымызға сай, балаларға қызық әлі де тың тақырыптағы тәрбиелік мазмұны бар жұмыстар көбейсе жақсы болар еді.
– Сұхбатыңызға рақмет!