Конституцияға енгізілетін өзгерістер елімізде тұңғыш рет референдум арқылы өтіп жатқаны көпшіліктің көңілінен шығуда. Мұны қарапайым азаматтар да жақсылыққа балайтынын атап өтуге болады.
Солардың бірі «AMANAT» партиясынан бақылаушы болып Зеренді ауданы, Викторовка селосындағы №548 сайлау учаскесінде өтіп жатқан референдумға қатысып жатқанын айтып, өз ойларын ортаға салды.
«Бұл – тәуелсіз Қазақ еліндегі Конституцияға түзетулер қабылданатын тұңғыш референдум. Сондықтан әрбір азамат өзінің алдағы саяси өзгерістерге өз үлесін қоса алатынын сезінуі тиіс. Біз аса ірі тарихи оқиға – елдің басты заңына жалпы өзгерістер енетін республикалық референдумға қатысып отырмыз. Мен әрбір қазақстандық сияқты бұл оқиғаның маңызын сезінемін. Әрі Жаңа Қазақстанның қалыптасуында өз үлесімді қосуға әзірмін. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Келіп өз дауысын беріп жатыр», – дейді Жанна Ринатқызы.
Жалпы, облыс аумағында 718 сайлау учаскесінде референдумның өту процесін саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардан жалпы саны 1 353 бақылаушы қатысып отыр. Бұған қоса шетелдік бақылаушылар да референдумды бақылап отыр.