Мен өзім осыған дейін өткен референдумдардың бәріне қатысқанмын. Бұл референдумның жөні бөлек.
Қаңтар оқиғасынан кейін халық Президенттен көп өзгерістерді, жақсы жаңалықтарды күтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың пікірімен санасып, саяси жүйеге өзгерістердің міндетті түрде жасалатынын жеткізді. Жолдаудан бастау алған саяси жүйедегі жаңғырту бүкілхалықтық референдум өткізумен жалғасты. Осыған дейінгі Конституциямыздың ешбірінде болмаған жер, жер қойнауы халықтікі деген халықтың арманы болып келген жүрекке жақын заңдылық осы референдумда Конституцияның 6-бабының 3-тармағында ұсынылды.
Тағы бір халықты қызықтыратын бап – 43 бап, Қолданыстағы Конституцияда 43-бапта 3,4-тармақтар болмаған. Ұсынылып отырған Ата Заңның нұсқасында 43-бапқа 3,4-баптармен толықтырып, ҚР Президентінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс және Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ дегені. Бұл дегеніміз – Президенттің көзқарасы қоғамның барлық топтарына бірдей, әділдік принциптерін жоғары қояды дегенді білдіреді.
Тағы бір айта кететін жайт, халықтың қазіргі таңда соттарға сенімсіздігі басым екенін ешкім жасыра алмайды. 47-баптағы «Кеңес» деген сөздің «Сот» сөзімен ауыстырылуы ерекше қызығушылық туғызатыны сөзсіз. Ары қарай 83-баптағы Адам құқығы жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады деп көрсетілуі, көптен бері сандалып, мәселерін заң аясында шеше алмай әуре-сарсаңға түсіп жүрген азаматтардың, керек десеңіз бүкіл қазақстандықтардың мүддесінің қорғалуы деп ұғуда.
Сонымен қатар облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерін сайлауда Президент баламалы түрде ұсынған кандидатураларды сайлауды сәйкес депутаттардың дауысы арқылы шешіледі делінген. Басқару жүйесіндегі қуантарлық дүние – ашықтық, Әділетті Қазақстанды тұрғызудағы мықты баспалдақ болмақ. Ал сайлау жүйесіндегі аралас жүйенің ұсынылуы қоғамның барлық топтарының сайлауға, сайлануға құқылы нормалары тең құқықтықты реттейді. Бұл жерде тепе-теңдік саясаты жүзеге асады.
Бүгін өзім бекітілген Түркістан қаласы №133 учаскесіне барып, дауыс беріп қайттым. Қазір сағат 10-нан енді асты, 2459 сайлаушының 1000 астамы дауыс беруге келіп қойыпты. Елдің күткені тыныштық. Бақуатты өмір.
Қалыйма Жантөреева,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалы атқарушы хатшысының орынбасары,
облыстық мәслихаттың депутаты