Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер екені белгілі. Сондықтан қазақстандықтардың рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Биыл мемлекеттік рәміздерге 30 жыл толды. Сондықтан елімізде елеулі мереке мемлекеттік рәміздердің мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар іс-шара қолға алынған.
Шымкент қаласында да атаулы күнге айрықша ден қойылды. 4 маусым – Рәміздер күнінде Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мақсатында Ту ұстаған шерушілер үш топқа бөлініп, қала көшелеріне шеруге шықты. Олар қазақтың үш биінің, яғни Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінен Туды желбірете ұстап шығып, осынау үш көшені біріктіретін Ордабасы алаңына жиналды.
Әуелеген әнмен туды желбіреткен 30 автокөлік шерушілері Төле би көшесінде жүріп өтсе, 30 велоспортшы Қазыбек би көшесінен Ордабасы алаңына қарай бет алды. Сондай-ақ Ту көтеріп жаяу жүрген 30 ерікті Әйтеке би көшесінен шығып келе жатты. Осынау әдемі көрініс мерекеге жиналған көпшіліктің отансүйгіштік рухын оятып, керемет сезімге бөледі. Шерушілер осылайша Мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың айқын көрінісі екенін көпшілікке паш етті.
Ордабасы алаңына жиналған көпшілік мерекелік шараны Тәуелсіздік саябағында жалғастырды. Ұлттық ұлан сарбаздары Мемлекеттік рәміздерді салтанатпен тұғырға шығарды.
Салтанатты жиынға келгендердің барлығы да қолдарында көк Туымызды ұстап, рәміздерге құрмет көрсетіп жатты. Әсіресе жастар патриоттық ән шырқап, мерекенің көркін қыздырды.
Жиынға келген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мемлекеттік рәміздерге қатысты іс-шаралар тек бүгін басталмағанын және бір күнмен шектелмейтінін айтты. «Мемлекеттік рәміздеріміз күнделікті қоғамдық тіршілікте қолданылып, халықтың рухын оятып, ұлтжандылық сезімдеріне серпіліс беретін сондай үлкен құндылық», – деп атап өтті ол. Сонымен бірге мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық маслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов және депутаттар мен қоғам қайраткерлері, Ауған соғысының ардагерлері, еріктілер, белсенді жастар қатысты.
Тәуелсіздік саябағындағы шара әрмен қарай авто-вело және ту ұстаған салт аттылар шеруіне жалғасты. Көк байрақты желбіреткен шерушілер қала көшелерімен жүріп өтіп Бәйдібек би алаңына қарай бет алды.
Айта кетейік, еліміздегі үшінші мегаполисте 1700 мемлекеттік мекеме мен заңды құрылымдардың ғимаратында рәміздер көрініс тапқан. Сонымен қатар атаулы күнге орай Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты барлық кітапханаларда оқырмандармен бірігіп «Рәміздер күні», «Туым менің мақтанышым» атты іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ мегаполисте 30 жылдыққа орай «Үздік іс-шара», «Үздік ролик» және басқа да байқаулар өтті.