Жаңа Қазақстанда халық саны 20 миллионға жетуі мүмкін. Статистика мамандары қуанышты хабар айтты. Елдегі беби-бумға, демографиялық дүмпуге пандемия серпін беріпті. Әйтпесе, төтенше жағдай және қатаң карантин, халық тұрмысының төмендеуі, коронавирустан басқа ауруға шалдыққан сырқаттарды ауруханалардың қабылдай алмауы, індеттің өршуі демографияға қатты нұқсан келтіруі ықтимал деген қауіп болған. Енді демографтар «Үйде бол!» ұранымен қазақстандықтардың үйлерінде қамалуы қайта бала тууға тың түрткі болғанын айтады. Жаңа рекордтық көрсеткіш тіркелді.Өрге басқан халықтың басы өседі
Демографтар терминологиясында «беби-бумерлер» деген ұғым бар, бұл кез келген елде бала туу деңгейі шырқау шегіне жеткен шақта туғандарды білдіреді. Еуропа, әлемдегі көптеген елдер мұндай құбылысты Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін, 1943-1962 жылдар аралығында бастан өткерген. Қазір онысы көрген түстей ұмытылды, ұзақ жылғы демографиялық құлдырауға душар болды. Батыстың көптеген елі демографиясын тек мигранттар есебінен жақсартып жатыр. Ресейдің мемлекеттік статистиканың федеральды қызметінің мәліметінше, елдегі тұрақты тіркеліп, тұрып жатқан тұрғындар саны 2022 жылдың басында 145 млн 478 мыңдай адамды құрады. Салыстырсақ, 2021 жылғы 1 қаңтарда 146 млн 171 мың адам болған. Яғни, ресейліктер саны тек 1 жылда 700 мың адамға кеміді.
Демограф Марина Исаеваның түсіндіруінше, демографиялық дүмпудің бір ғажайып қыры бар: «Аталған құбылысты әлемдегі түрлі ғалым, ғылыми зерттеу орталықтары бұрыннан зерттеп келеді. Нәтижесінде ортақ бір тоқтамға тоқайласты. Оған сәйкес, беби-бумның басты ұстыны – жеңімпаздар психологиясы. Екінші жаһандық соғыстан кейін әсіресе, жеңіске жеткен елдерде осы көрсеткіштің керемет өрістегені тіркелді. Қазір кедей елдерді айтпағанда, өз алдына үлкен мұраттар қойып, соған қол жеткізе алған елдерде халық саны табиғи түрде өсіп жатыр».
Тіл-көзден сақтасын, қазақстандық демографиялық «жарылыс» 2019 жылы басталды, сол жылы 402 310 бөбек дүние есігін ашқан. Салыстыру үшін айтсақ, 2009 жылы, бір жылда 356 261 сәби өмірге келген.
«Пандемияның екі жылы елімізде бала туудың ғаламат өсуіне әсер етті. Беби-бум тіркелген 2020 жылы республикада 426 824 бала туылды. Әйткенмен, келесі 2021 жылы ол рекорд тағы жаңарды: 446 491 нәресте туған. Яғни, 2020 жылғыдан 4,6 пайызға, ал коронавирус жайлағанға дейінгі 2019 жылдан бірден 11 пайызға артты. Ал 2022 жылдың үш айында ғана 95,6 мың туу туралы акт тіркелді.
Ресми статистикаға жүгінсек, туу коэффициенті жөнінен де халқымыз былтыр жаңа рекорд орнатты. Яғни, әр мың адамға 23-тен астам сәбиден келеді. Мәселен, Ресейде бұл көрсеткіш бүгінде небәрі 9,71 ғана, яғни солтүстік көрші демографиялық шұңқырға құлдилап барады. Көрші Қытайда бұл көрсеткіш 8 ғана. Ал АҚШ-та – 56,6.
Қазақстанның осы көрсеткіші қалай жақсарғанын мына саннан байқауға болады: 20 жыл бұрын елде бұл коэффициент бар-жоғы 14,91 болды.
Бұйыртса, Қазақ елі жыл сайын жарты миллионға және одан көпке артып отыратын дәрежеге жетуі мүмкін.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылдың басында Қазақстан халқының саны 19 122 423 адамға жетті. 2021 жылдың басында 18 879 552 адамды құраған.
Көпбалалы отбасы – ұлттың алтын қоры
Демографтар тағы бір рекордты тіркеді: республикада көпбалалы аналар саны қарқынды артып келеді. 2020 жылы 384,9 мың көпбалалы отбасы болыпты. Ал 2022 жылғы мамырдағы жағдай бойынша 4 және одан көп баласы бар отбасылар саны жарты миллионнан асты.
Нәтижесінде, қазір елде 1 әйелге орта есеппен 3 және одан көп баладан келеді (коэффициент 3,32). Мұндай рекордтық көрсеткіш тек соңғы 2 жылда тіркелген. Салыстырар болсақ, 1999 жылы осы коэффициент 1,8 болатын. Тиісінше, ол заманда тіпті екінші баланы туғысы келмейтін қазақстандық әйел көп еді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың басынан көпбалалы отбасылар 110,1 миллиард теңге жәрдемақы алды. Соның ішінде тек сәуірде 503,8 мың отбасыға 27,9 млрд теңге жәрдемақы төленді. Бұл мемлекеттік жәрдемақыдан 4 және одан көп, бірге тұратын, кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар үміттене алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. Көпбалалы отбасылардағы әр балаға 12 525 теңге қарастырылған. 4 балаға – 49 100 теңге, 5 балаға – 61 383 теңге, 6 балаға – 73 666 теңге, 7 балаға – 85 948 теңге, 8 балаға – 98 016 теңге, 9 балаға – 110 268 теңге, 10 балаға – 122 520 теңге, 11 балаға – 134 772 теңге, 12-16 балаға – 147 024 теңгеден 196 032 теңгеге дейін төленеді.
Жалпы, әрбір үшінші бала көпбалалы отбасында туады. Атап айтқанда, өткен жылы 125,1 мың бала немесе нәрестелердің 28%-ы үлкен отбасыларда дүниеге келген.
Беби-бумерлердің ақшалай сыйлығы қанша?
Тұтастай алғанда, биыл ана мен баланы әлеуметтік қолдауға жалпы 1 триллионға жуық (898 млрд теңгеден астам) қаражат қарастырылды.
Қазір 1,6 миллион балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады. Ана мен баланы әлеуметтік қорғау Қазақстанда көп деңгейлі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асады. Жүйеге бюджеттен төленетін жәрдемақының 5 түрі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемнің 3 түрі кіреді. Биыл республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 537,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда, 13,3%-ға көп (2021 жылы 473,9 млрд теңге). Сондай-ақ МӘСҚ-тен 361,3 миллиард теңге қарастырылған.
Сонымен, елімізде сәбилі болған аналарға қандай жәрдемақылар мен төлемдер қарастырылған? Біріншіден, баланы өмірге әкелген аналарға республикалық бюджеттен біржолғы жәрдемақы төлейді. Оның мөлшері нәрестенің отбасыда нешінші бала екеніне қарай 120 840-200 340 теңге аралығында. Биылғы 4 айда 134,1 мың анаға 18,4 млрд теңге берілді.
Екіншіден, жұмыс істемейтін әйелдерге 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған. Жәрдемақы мөлшері 18 317 теңгеден (бір балаға) басталып, 28 302 (төртінші және одан көп балаға) теңгеге жетеді. Биыл жәрдемақының бұл түрін 46,5 мың адам иеленді (4,7 млрд теңге).
Үшіншіден, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарында көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан ұсынылатын жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Оның мөлшері бала санына қарай 50 976 теңгеден (4 бала) 203 520 теңгеге (16 бала) дейін жетеді. Өткен 4 айда оны 495 мыңнан астам отбасы алды (110,1 млрд теңге).
Төртіншіден, көпбалалы аналардың дәрежесін көтеру үшін де жеке мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Ол отбасы табысына қарамастан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған барлық анаға аударылады. Жәрдемақы мөлшері – 20 352 теңге. Жыл басынан бері 227,6 мың адамға 17,9 млрд теңге төленді.
Бесіншіден, мүгедектігі бар баланың күтіміне кәмелет жасқа жеткенше республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 52 345 теңге. Бұл жәрдемақы 95,5 мың отбасына жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде берілді.
Алтыншыдан, жұмыс берушісі МӘСҚ-ке жарна аударған жұмыс істейтін әйелдерге қор соның есебінен әлеуметтік төлем аударады.
Мұның сыртында МӘСҚ жәрдемақыларынан басқа, аналарға жүктілігіне, босануына және жаңа туған баланы асырап алуына байланысты «табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлем» белгіленген. Біржолғы төлем декреттік демалыстың барлық күніне төленеді. Оның мөлшері қорға аударылған әлеуметтік жарнаға және аурухана парағы берілген күндерге байланысты. Қазір бұл әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 677,6 мың теңге. Жыл басынан бері бұл төлем 81,8 мың адамға берілді (48,8 млрд теңге).
Қызметтегі айымдарға МӘСҚ-тен 1 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайынғы төлемдер де төленеді. Төлем мөлшері төлем алушының соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ы шамасында. Биыл қаңтар-сәуір аралығында төлемнің бұл түрін 56,6 млрд теңге сомасында 448 мың адам алды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда демографиялық дүмпудің жалғасуына берік негіз қаланып жатыр.