Егін алқаптарын қорғаймыз деп киікті жойып алмайық
Егін алқаптарын қорғаймыз деп киікті жойып алмайық
©zhaikpress.kz
1,117
оқылды
Бір қарағанда бейкүнә жануар көрінгенімен, соңғы уақытта еліміздің бірқатар облыстары киіктердің жаппай егінді таптауынан жапа шеккен. Салдарынан мыңдаған гектар егістік алқаптары өнім бермей, шаруалар миллиардтап шығынға батты. Жылда қайталанатын өткір мәселе биыл тіпті тараптар арасындағы дауды ушықтыра түскен. Өйткені, жан-жануарларды қорғау ұйымдары киіктердің даланы емін-еркін кезіп жүруі үшін күрессе, диқан қауымы киіктерді аулап санын реттеу қажет деген пікірде. Мәселе еліміздің бірнеше облысының жергілікті атқарушы органдары мен тиісті министрліктерін де тығырыққа тіреген.  Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау үшін қайтпек керек? Тараптардың пікірін біліп, жағдайды саралап көрген едік... [caption id="attachment_200583" align="alignnone" width="1200"]киік - егін ©egemen.kz[/caption] Киіктер 5 облыстың мыңдаған гектар егінін таптап кетті... Экология министрлігінің есебінше, бүгінде ел аумағындағы киіктердің жалпы саны 1 миллион 318 мыңнан асып жығылған. Былтырғы есеп бойынша шамамен 842 мың бас тіркелген еді. Дала еркелерінің осыншама көбейгені Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында шаруалардың жағдайын шатқаяқтатып жіберген. Миллиондаған гектар егіні киіктің тұяғының астында тапталып кеткенін айтып зар еңіреген шаруаларда есеп жоқ. Дегенмен Экология министрлігі өздерінің киіктерді сақтау миссиясын абыроймен орындағандарын айтады.   Министрлік бұйрығының күші неге жойылды? Министрлік жақында ғана бұйрық шығарып, оған сәйкес далада жатқан ескі киік мүйіздері мен тері-терсектерін жинауға рұқсат берілмек болған. Бұйрық жобасына сәйкес электронды үкіметтің веб-порталында арнайы бекітілген үлгіде өтінім толтырылып, ЭЦҚ арқылы дериват жинауға рұқсат берілуі тиіс болды. Алайда, БАҚ-да жарыса жазылған бұл бұйрықтан кейін «Киіктерді атуға болады екен!» деген жел сөзден тұтас ел елең ете түскен. Әрі қарай бұл тараптар арасындағы дауды ушықтыра түсті. Бірақ, бұдан кейін қоғам арасында үлкен резонанс туындағандықтан, бұйрықтың күші жойылып, мәселе зоологиялық институттың биологиялық негіздемесінен кейін ғана анықталатын болыпты. «Жануарлар әлемін қолдануға рұқсат беру ережесіне өзгерістер енгізу» туралы бұйрық шыққан еді. Мұнда киіктерді аулауда олардың далада кеуіп қалған мүйіздері мен тері-терсегін жинауға рұқсат ету мәселесі қаралған.  Дегенмен, қоғамда аталған бұйрық бойынша түсініспеушілік болғандықтан, бұйрықтың күші жойылды.   Қанша гектар егістік тапталғаны анықталған жоқ – Экология министрлігі Әзірге киіктердің ел аумағында қанша егістік алқапты таптап кеткені жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық инспекторлардың көмегімен толықтай есепке алынбақ. «Қазіргі уақытта, әсіресе Батыс Қазақстан облысында жағдай аса күрделі. Сондай-ақ, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында да ахуал мәз емес. Шаруалар егістік алқаптарын түгелдей киіктер таптап кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр. Бірақ ол егіннің барлығын емес белгілі бір бөлігін ғана таптап кетуі мүмкін ғой. Сондықтан, киіктер жайлаған облыстардың әкімдіктеріне таптап кеткен егістік алқаптардың нақты қанша аумақты қамтығанын анықтауын сұрадық. Нақты есебі бүгін-ертең берілуі тиіс. Киіктердің еліміздегі санының қаншалықты көлемде болуы әрі олардың санын реттеу мәселесі зоологиялық институттың биологиялық негіздемесінен кейін белгілі болмақ», – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің жануарлар әлемі және аңшылық шаруашылық басқармасының басшысы Қуат Чумакаев. [caption id="attachment_200585" align="alignnone" width="1200"]киік - егін ©А.Мұрзанов[/caption] Биологиялық негіздеме мәселені шеше ме? Өзекті жайдың биологиялық негіздемесінің қандай деңгейде екенін және алдағы уақытта қандай шешім қабылдануы мүмкін екенін білу үшін зоологиялық институт ғалымдарымен тілдестік. Институт өкілдері тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдардың уақытында әрекет етпей, салдарынан осындай қиындықтарға душар болып отырғанын жеткізді. «Біз киіктердің ауруларын бақылап отырмыз. 2014-2015 жылдары киіктер індеттен мыңдап қырылған. Қазіргі таңда да киіктердің «Зооантропоноз» індетімен ауру қатері күшейе түскен. Бұл аурудың тіпті адамға жұғу қатері бар. Яғни, киіктердің аса көп мөлшерде әрі күрт көбеюі аурудың да таралуына жол ашпақ. Біз мұның осындай болатынын осыдан біршама уақыт бұрын болжағанбыз. Өйткені, табиғатта қасқырлардың саны азайды. Киіктерге енді шибөрілер жиі шабуылдайды. Ал бұдан мәселе тіпті күрделенеді. Институт осыдан жарты жылдан астам уақыт бұрын Білім және ғылым министрлігіне киіктерді кешенді зерттеу мақсатында қаржы сұрады. Алайда, күні бүгінге дейін ешқандай қаржы берілмеді. Кешенді түрде зерттеу үшін бізге көліктер, пилотсыз ұшақтар, арнайы әуе техникалары қажет. Бұған шамамен 1 миллион доллар шамасында қаражат қажет. Ал осыдан екі апта бұрын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бізден киіктерге биологиялық негіздеме жасауға тапсырыс берді. Әрі бұл екі апта ішінде дайын болуы тиіс. Бұл өте қысқа мерзім. Дегенмен, елдегі ахуал мәселені тез арада шешуді қажет етеді. Сондықтан біз осы уақыт ішінде киіктер бойынша биологиялық негіздемені әзірлеуге міндеттендік. Сондай-ақ, министрліктерге тиісті ғылыми ұсыныстар беріледі», – дейді Алматы зоологиялық институтының биоценология және аңшылықтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов.   Мораторий биыл аяқталады Институт маманы бұл орайда аталған мәселеге тиісті мемлекеттік органдардың аса үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін мәлімдеді. Өйткені, киіктерді атуға тыйым салған 1999 жылғы мораторий биыл жыл соңында аяқталады. «Киіктерді аулауға рұқсат берілсе, жаппай киіктердің аталықтарын атуға көшеді. Бұл киіктердің одан әрі көбеюіне біржола тоқтатуы әбден мүмкін. Сондықтан, Экология министрлігі киіктерді қандай ұйым аулайтынын анықтауы тиіс. Ол міндетті түрде мемлекеттің қарауында болғаны жөн. Ал егер бизнес өкілдеріне өкілеттілік берілген жағдайда бұл жағдайды ушықтыруы ғажап емес», – деп толықтырды Константин Николаевич.   Шаруалардың егістік алқаптары сақтандырылмайды Біз еліміздегі киік кезген өңірлерде жалпы қанша аумақ егістік алқаптарының қаншалықты мөлшерде зиян шеккенін анықтау үшін тиісті министрліктер мен облыс әкімдіктерінен мәлімет білмек болдық. Бірақ нақты қанша егістіктің тапталғанын ешкім тап басып айта алмады. Бұл орайда жағдай форс-мажорлық сипат алғанымен, диқан қауымы да мемлекет тарапынан ешқандай сақтандырусыз қалыпты. Мұны біз аграрлық несие корпорациясынан анықтадық. «Дәнді-дақылдарға ылғалдың жетіспей қуаңшылық болуы және осы сипаттағы форс-мажор жағдайында да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сақтандырылады. Ал киіктердің егінді таптап кетуіне байланысты егінді сақтандыру қарастырылмаған. Сондықтан диқандарға егістікті сақтандыруға ешқандай қаражат берілмейді», – дейді Аграрлық несие корпорациясының баспасөз хатшысы Әлия Еңсебаева. P.S. Сонымен экологтар мен фермерлердің сондай-ақ тұтас елдің жүйкесін тоздырған өзекті жайдың әлі соңғы нүктесі қойылған жоқ. Бұл орайда тиісті министрліктердің, облыс әкімдіктері мен ауыл шаруашылық саласы өкілдерінің, сондай-ақ ғалымдардың өзара бірлесе әрекет етіп, тиісті шешімге келгені жөн. Ал оның өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауына барлық сала өкілдері жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана мүмкін болмақ...