Еліміздегі қоқыс өңдейтін кәсіпорындар пластик заттарды елімізден шығаруға қарсылық көрсетіп отыр. «Шығатын шикізат өзімізге жетпейді» деген шикізат өндіретін зауыт басшылары толыққанды өз жұмыстарын істей алмай отырғанын айтады.
Қазақстанда шикізат өндіретін 14-ке жуық зауыт бар. Олар 1 жылда 60 мың тонна пластик зат өңдеп шығара алады. Бірақ зауыттардың жұмыс істейтін қуаттылығы 20-30 пайызды ғана құрап отыр. Зауыт басшыларының бұл мәселесі шешімін тапқанға ұқсайды. Өйткені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де бұл талапты құптаған.
«Елімізден шығатын пластик заттарды басқа елге экспорттауды 6 айға тоқтаттық. Еуразиялық экономикалық одақ нормаларына сәйкес, бұл шешімді біз қабылдай аламыз. Қазір бұйрық Әділет министрлігінде тіркеуден өтіп жатыр», – деп хабарлады ведомствоға қарасты индустриялық даму комитетінің басқарма басшысы Мұхамед Андаков.
Әзірге пластик экспортын шектеу қандай нәтиже берері белгісіз. Алайда қоқыс өңдейтін зауыттардың қуаттылығы артуы мүмкін.
Қарақат Әнуарқызы,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті