«AMANAT» партиясы ШҚО филиалы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті жиыны өтті. Мұнда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы талқыланды.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Әділбекұлының жетекшілігімен өткен кезекті отырысы онлайн форматта ұйымдастырылды. Күн тәртібінде Күршім ауданы халқын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету және Зайсан ауданы бойынша елді мекендерді газдандыру жайы қаралды.
Көтерілген мәселелер бойынша Күршім ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мақсат Акрамовтың және Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Серік Тлемесовтің есептері тыңдалды.
Комиссия төрағасы Мұхтар Төлеген ақпараттарды қорытындай келе жауапты тұлғаларға тиісінше тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Күршім ауданының Боран ауылында ауызсу мәселесін қатаң бақылауға алуды, тұрғындар арасында сапалы түсінік жұмыстарын жүргізуді, белгіленген межеде орталықтандырылған су жүйесін іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ Ақши ауылында жол, су, мектеп мәселесін шешуге нұсқау берді. Ал Зайсан ауданы бойынша 8 елді мекенді ішкі газ жүйесіне қосу жайын талқылады. Одан бөлек, тұтынушыларды газбен уақтылы қамтамасыз ету керектігін қатаң ескертті. Аталған жобалардың іске асырылуы партиялық бақылауға алынатын болды.