Әйелдердің зейнет жасын төмендеткен жөн бе?
Әйелдердің зейнет жасын төмендеткен жөн бе?
1,815
оқылды
Жуырда Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді сұрады. Бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтқан ол әлеуметтік желі арқылы зейнет жасын қысқартуға қатысты келетін өтініштердің көбейгенін жеткізді. «2015 жылы Қазақстанда әйелдердің орташа өмір сүру жасы 73 жас болған. Ал 2021 жылғы көрсеткіш бойынша,  ол – 70 жас. 2022 жылы БҰҰ-ның мәліметінше, өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін –  78 жас, ерлер үшін 70 жас болады деп болжанған екен. Алайда пандемияға байланысты бұл көрсеткіштер өзгерді. Қазір бұл туралы нақты ақпарат жоқ. Меніңше, мұндай күмәнді көрсеткіш әлеуметтік маңызы бар заңды қабылдауға негіз бола алмайды», – деді Дана Нұржігіт. Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2020 жылғы өлім-жітім 2019 жылға қарағанда 22 пайызға өскен. Кейінгі жылдары да бұл процесс тоқтамаған. Осы мәселелерге тоқталған сенатор еліміздегі әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа түсіруді сұрады. Қазір Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы 60-қа дейін көтерілді. Олардың зейнетке шығу жасы жыл сайын 6 айға ұзартылып отыр. Алайда бес немесе одан да көп бала туып, оны сегіз жасқа дейін өсірген әйелдер үшін 53 жаста зейнетке шығуға болады. Осылайша, 2027 жылдан бастап әйелдер 63 жаста зейнетке шығады. Енді бір сауал: зейнет жасын қысқарту мәселесінде әлемдік тәжірибе қандай, өзге елдерде әйелдер неше жаста зейнетке шығады? Әуелі көрші елдерге тоқталайық. Ресейде әйелдердің зейнетке шығу – 56,5 жас. Ал Өзбекстанда – 58, Арменияда –  63 жас,  Қырғыз Республикасында  –  58 жас. Батыс елдерін мысалға алсақ, Ұлыбританияда – 68 жас, Францияда әйелдердің зейнетке шығу жасы 65-ті құрап отыр. Ең ірі екі мемлекет – Қытай мен АҚШ-қа келсек, Қытайда әйелдер –  55 жаста, АҚШ-та 65 жаста зейнетке шыға алады. Бір аңғарғанымыз, көрші жатқан елдердің бәрінде әйелдердің зейнетке шығу жасы бізден төмен. Ал батыс елдері мен АҚШ бізбен шамалас деңгейде. Бірақ дамыған елдердің қатарында емес екенімізді ескерсек, әйелдердің зейнет жасын тағы бір зерделеген жөн сыңайлы.

Қарақат Әнуарқызы, ЕҰУ-дың 2-курс студенті