«Тасадағы» таяқтап тәрбиелеу тыйылмады
«Тасадағы» таяқтап тәрбиелеу тыйылмады
© коллаж: Елдар Қаба
769
оқылды
Елімізде әскерде жүріп қайтыс болғандар жайлы жиі еститін болдық. Бұндай қаралы хабарды әр жыл сайын кемі он шақты рет құлағымыз шалады. Бейбіт күнде сарбаздардың көз жұмуы жақсы құбылыс емес. Белгілі бір дәрежеде әскердегі былықтың азаймай тұрғанын көрсетеді. Шамасы, саладағы жауаптылар темір тәртіп пен әлімжеттікті шатастырып алса керек. Ал осындай оқиғалардың себебін қайдан іздейміз? Мемлекеттік құпия деген желеумен армия нені жасырады? Қоғамның әскерді бақылауына не кедергі? «Қарт» сарбаздан қауіп жоқ 4 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Еділ Тешебаевтың асылып өлгені хабар­лан­ды. Үйіне оралуға бар болғаны 3 айдай уақыт қалғанда қаза тапқан. Сонда 1 жылдық әскери мерзімнің 9 айына дейін жеткен. Білуімізше, сарбаз армияға келген алғашқы 6 айында «дух» атанады. Яғни, өзінен бұрын келгендердің «тәрбиесін» көреді. Кейінгі 6 айында «дед» атанып, бұл жолы өзінен ке­йінгілерге «тәртіп орнатады». Ал Тешебаев­тың 9 айға жеткеніне қарасақ, ол «дед» бол­ған. Бірақ сонда да өзіне қол жұмсап отыр. Демек, сарбаз қысым көрген болса, басқа емес, офицерлерден зардап шеккен. Жалпы, соңғы айларда әскердегі өлім көбейді. Бәрін тізбектеп жатпаймыз. Әй­теуір соңғы оқиғадан кейін Қорғаныс ми­нистрі Руслан Жақсылықов келеңсіз құбы­лыстың белең алуына қатысты өз ойын айт­қан болатын. Алайда ведомство басшы­сы­ның жауабына қоғамның да, оның ішінде біздің де көңіліміз толмады. «Сарбаздар өлі­міне әскер ғана кінәлі емес» деумен бас­таған ол «әскердегі сарбаздар арасында әлім­жеттік жоқ» деп сөзін түйіндеген. Не­гізі Қорғаныс министрлігі біраз жылдан бе­рі осындай ұстанымға бекіп алды. Қай кез­де де «әлімжеттік жоқ» деумен келеді. Мы­салы, 2015 жылы ведомство теріс құбы­лыстың жойылғаны туралы байлам жасап, бір солдаттың екіншісіне күш көрсетуін жай «казармалық бұзақылыққа» жатқызды. Дегенмен жауынгерлердің өз-өзіне қол са­луы Қарулы Күштерде әлімжеттік тамы­рына балта шабылмағанын анық аңғартады. «Мемлекеттік құпияны» өлім әшкерелейді Әскери саладағы көп дүние, маңызды де­ректер мемлекет құпиясы ретінде сана­лып, ол жайлы ақпарат таратыла бермейтінін білеміз. Мәселен, бұндай санаттағы құпияға не жатуы мүмкін? Әскери бөлімшелердегі сар­баз саны, қару-жарақ есебі мен оның түрлері, мүмкіншіліктері, әскердің страте­гиясы сияқты дүниелер расымен жасырын болуы тиіс. Дегенмен осы күні Қазақстан ар­миясы мемлекеттік құпияға өздерінің ішкі былығын да қосып жіберген сыңайлы. Шынында сарбаздың ішіп-жейтін тамағы, оның құнарлылығы, жатын орнының жағ­дай­ын мемлекеттік құпияға жатқызуға бол­майды. Еліміздің армиясындағы әлімжеттік жайы ылғи жауаптылар тарапынан мүм­кіндігінше құпия саналып жүр. Әлде «аюға әліп үйреткен таяқ» қағидатын бекем ұста­нады. Немесе қатаң тәртіп дегенді ұрып-соғумен шатастырады. Мысалы, бір сарбаз қайтыс болғанға дейін оның не нәрседен зардап шеккені, қалай қысым көргені толық айтылмайды. Таяуда ғана Еділ Тешебаев қаза тапқанда да осындай жайт кездесті. Әскери бөлімдегілер әуелде ата-анасына «сарбаз аяқкиімнің бауына асылып қалды» десе, көп өтпей «белдігіне асылып қалған» дегенді айтқан. Екіұдай сөз шикіліктің ба­рын аңғартады. Осындай негізсіз құпия­лық­қа белгілі бір дәрежеде саладағы жауаптылар кінәлі. Неліктен? Қараңыз, статистика бо­йынша соңғы 2011-2021 жылдар аралығында 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Сонда жыл сайын орта есеппен 22 отбасы қара жамылып отырған. Ал әскери про­куратура жалпы тіркелген суицидтің 90 пайызында еш қылмыстық сипат жоқ деп шешім шығарыпты. Бірақ Халықаралық қауіпсіздік магистрі, запастағы майор Эмин Джаббаров бар әлімжеттік пен былық саладағы мамандардың өздерінен басталып тұрғанын айтады. – Өзім бірталай жыл әскерде қызмет еткен адам ретінде айтарым, әскердің ішкі мәселесін жақсы білемін, әлімжеттіктің бас­тауында міндетін өтеуге келген жас сар­баздар емес, жауапты офицерлер тұр. Сар­базға қысымды солар көрсетеді. Негізі олар­ға жа­ңадан келген сарбазды шыңдап, шы­нықтыру тапсырылады. Бірақ олар бұны әлімжеттік ар­қылы іске асырады. Бұл нәрсе офицер­лер­дің «құндылығына», моралі мен этикасына айналып кеткен. Барлық мәселе офицер­лер­дің ниетіне, біліміне тіреліп тұр, – дейді ол. Жас сарбаздарды ұрып-соғып, мәж­бүр­ле­гендердің жазаланған кезі өте аз кездеседі. Оның өзінде оқиғаға қоғам назар салғаннан кейін ғана іске асқан. 2017 жылы әскерде 86 қылмыс жасалды. Соның ішінде әлімжеттік факті ретінде ресми тіркелгені – Қарағанды облысының Приозерск қаласында орна­ласқан №44841 әскери бөлімінде әскери қыз­меткер 19 жастағы сарбазды ұрып өлтір­гені. 2018 жылы Маңғыстаудағы Үстірт ше­ка­ра бекетінде қатардағы жауынгер Ба­қытбек Мырзамбеков мәжбүрлі түрде 40 гра­дус ыстықта дене шынықтырумен айна­лы­сқаннан қайтыс болды. Бұл аз ба, фи­зи­калық жүктемені көтере алмаған жауынгерді басқа сарбаздар тепкінің астына алған. Ме­дициналық көмек қажет болған жәбірле­нушіге дәрігер шақырылмаған. Осы қылмыс үшін шекара заставасының бастығы, оның орынбасары, қауіпсіздікке жауапты офицер мен бір сарбаз сотталды. Бірақ қайталап айтамыз, бұдан басқа көп іс «қылмыс жоқ» деген желеумен жылы жабылады. Құдды сарбаз әскерге кетсе, бөлек аралға түскен­дей. Саланың қоғамнан оңашаланып қалға­ны сонша, жауаптылар үшін әлімжеттік те әскердегі «мемлекеттік құпияға» айналып кетті. Сонда қоғамның әскери саланы ба­қылауға хақы жоқ па? Қоғамдық бақылау қағаз жүзінде Елімізде әскери саланы тек әскерилер ғана бақылап келеді. Жай күндері белгілі әскери заставаға қандай да бір ұйымның өкілдері тексеру жүргізе алмайды. Аттап бастырмайды да. Әрине, аз болса да әскер­дегілерге бақылау жүргізуге шамасы жетер бір ұжым бар. Ол – Жауынгерлер аналары комитеті. Бірақ қазіргі ахуалға ондағы­лар­дың да көңілі көншімейді. – Осы күні әскери бөлімдер жайлы жақ­сы сөз айту қиын. Жауынгерлер қандай жағ­дайда күн кешіп жатқанын біле алмай­мыз. Кез келген нәрседе мәжбүрлеу әдісін қол­данады. Осындай амал суицидке себеп­ші болуы мүмкін, – дейді Алматы қаласы Жауынгерлер аналары комитетінің жетек­шісі Зинаида Чивилева. Әскердегі қайғылы жағдайлар көбейген соң таяуда Президент Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстан армиясындағы әскери қыз­метшілер арасында өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты арнайы комиссия құруды тап­сырған болатын. Комиссия құрамы мен қан­дай нәтижелі іс атқаратыны алдағы уа­қытта белгілі бола жатар. Ал біздің пайым­дауымызша, мұндай комиссияға ерекше ар­тықшылық берілгені жөн. Мысалы, ко­миссия бір бөлімшедегі жағдайды зерт­теу­мен шектелмей, барлығын қамтығаны дұ­рыс. Кез келген уақытта ескертусіз қалаған әскери бөлімшеге барып, ішкі жағдайды бақылай алуы тиіс. Осындай тексеріс арқылы біраз былық ашылып жатса, кейін әскери бөлім басшылары өз құзырын аз да болса ретке келтірер деген дәме бар. Бірақ бұл амалдың өзі армияға толық реформа жүргізгеннің көрінісі болмасы анық. Ширата ма, қирата ма? Қалай алсақ та, әскердегі әлімжеттік мәселесін ақтай алмаймыз. Дегенмен әлем елдеріндегі жағдайды да бір шолып өткенді абзал санадық. Бізді таңғалдыратыны – дамыған елдер де әскердегі әлімжеттікті жеңе алмай отырғаны. Әсіресе, АҚШ ар­миясы hazing немесе bullying-тен көп зардап шегеді. Жас жауынгердің денесі мен жүй­ке­сін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жатады. Мәселен, жаңа шақырылғандарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне қол жұмсағандар саны да артқан. Соңғы екі жылды алып қарасақ, 2020 жылы АҚШ армиясында 41 сарбаз өзіне қол жұмсаса, 2021 жылы 60-ы өз өмірін қыршын қиған. Былтыр бұл мәселе ол елде «үлкен трагедия мен масқара» аталған болатын. Түйіндер болсақ, армияны шынықтыру үшін қашанда қатаң тәртіп керек-ақ. Дегенмен бұл әдістің әлімжеттікке ұласып тұрғаны алаңдатады. Соңғы айларда сарбаздардың өлімі көбейгенінен салаға жауапты басшылар сабақ алып, реформа жүргізеді деп ойлаймыз. Әйтпесе бұндай жағдайдан кейін баласын әскер қатарына жібергісі келмейтіндер сөзсіз көбейеді. Сайып келгенде, бұл қорғаныс саласына деген сенімді сетінеткен.