Шерағаға бір көше табылмай тұр
Шерағаға бір көше табылмай тұр
818
оқылды
Шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараз қаласында тау тұлғаға ескерткіш орнатып, көше атауын беру бастамасы да көтеріліп жатыр. Билік емес бұқараның талқысына тасталған ұсынысқа қазір әркім әртүрлі ой айтып жүр. Ең қызығы, Тараздан даңқты қаламгердің есімін беретін лайықты көше табылмай тұр. Облыстың зиялы қауым өкілдерімен жүздескен өңір басшысы Нұржан Нұржі­гітов Халық жазушысының мерейтойына орай ескерткіш орнату үшін ашық конкурс жарияланғанын, алайда мүсінді орнататын орынды халықтың өзі таңдауы қажет екенін айтқан. Әрине, биліктің бұқараның үніне құлақ түруге ниет танытқаны – қос қолдап қолдайтын шешім. Алайда тұрғындарға таңдау берілгені сол еді, ескерткіш қояр орынды таңдау «көкпарға» айналып кетті. Бір топ ескерткішті «Көне Тараз» кеше­нінің аумағына қою керек десе, енді бірі Төлеби даңғылы мен Әл-Фараби көше­сінің қиылысына қоюды ұсынды. Тағы бір топ Шерхан Мұртаза есімі берілген облыстық Баспасөз үйінің маңы ескерткіш қоюға лайық деп тапса, қаламгердің мүсіні бұрынғы «Тараз» қонақүйінің алдында қас­қайып тұрса деген ұсынысын айтып жатқандар да бар. Десе де, барлығының ойы қаламгердің ескерткіші көне ша­һардағы көрнекі орынға қойылса дегенге тоғысады. – Ескерткішке қатысты эскиздерді жақында қарап шықтық. Комиссия мү­ше­лері өз ойы мен ұсынысын айтты. Бәріміз­дің пікіріміз бір жерден шыққан жоқ. Сондықтан ұсынысымызды енді респуб­ликалық комиссия қарайды. Содан кейін барып нақты шешім шығады. Ал ескерт­кіш­ті қайда қою керек деген дүниеге келер болсақ, мен бұқараның ойына қосыламын. Халық өзі шешсін. Өзім көшеге адам атын беруге қарсы­мын. Оның орнына мәдениет үйіне, білім ошақтарына Шерхан Мұртазаның есімін берсін. Жуырда бірнеше мектепке Шер-ағаның есімі берілгенін естіп қуандым. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені көшенің аты күнде өзгеріп жатыр, – дейді «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, комиссия мүшесі Елен Әлімжан. Жазушы, журналист Бекет Момын­құлдың да пікірі осыған саяды. Қаламгердің ескерткіш орнату мен атын көшеге беруге қатысты өз ойы бар. – Кезінде Бауыржан Момышұлына ескерткіш қоятын тұста да осындай қиын­дықтар туған. Ол кезде Тараз қаласының орталығында тұрған Бәйдібек бабаның ескерткіші жоқ еді. Содан Бәукеңнің мүсі­нін сонда қою туралы ұсыныс болды. Бірақ сол кездегі билік бұған рұқсат бермеді. Одан кейін қазіргі Керей мен Жәнібек хан­ның ескерткіші қойылған орынға Ба­уыржан атаның ескерткішін қою ұсы­ныл­ды. Бәукеңнің жаны жалғыздықты сүйе­тін­діктен, қала қарбаласынан тысқары орынға, Жуалы жеріне мүсінін орнатайық деп көпшілік шешкен. Алайда ұсынысы­мызды билік тағы қолдамады. Қазір Шера­ғаның ескерткішіне қатысты да осындай пікірталас болып жатыр. Мен өзім басында Шерханның ескерткішін Бәйдібек бабаға қарама-қарсы қояйық деп ұсыныс жаса­ғанмын. Алайда кейіннен бұл ойымнан айныдым. Содан облыстық мәс­лихаттың депутаты, Халықаралық Тараз инновация­лық институтының ректоры Ерболат Сау­рықовтың ұсынысына құлақ түріп, Шераға­­­ның мүсінін бұрынғы «Та­раз» қонақүйі, қа­зіргі студенттер жатақха­насының ал­ды­на орнату қажет деген байламға келдім. Се­бебі ол жер кең. Әрі абаттандырылған. Одан бөлек, жастар көп жүретіндіктен, кейін­гі буынға Шерағаның мүсіні де үлгі бо­лып, олардың рухын көте­ріп тұрар еді, – дейді Бекет Момынқұл. Жазушы Шерағаға көше атын беруге қатысты да өз ойын ашық білдірді. Қа­лам­гер­дің сөзіне сүйенсек, қазір ешкімге жал­тақ­тамай, батыл шешім қабылдау қажет екен. – Тараз қаласындағы Ташкентская көшесіне Шерхан Мұртазаның атын беру туралы ұсынысқа өзбек ағайындар қарсы болғанын естідім. Алайда бұл жерде өзге ұлт өкілдерінің өкпелейтін еш себебі жоқ. Өйткені шаһарда Өзбекская, Самарканд сынды көшелер бар. Бір сөзбен айт­қан­да, өзбек атауларына өңіріміз кенде емес. Сон­дықтан Ташкентская көшесі­нің ата­уын Шерхан Мұртаза есімімен алмас­тыру­ды қолдаймын. Ал басқа ұсы­нылып жат­қан тұйық көшелерге Шер­хан Мұртазаның есі­мін беру ұят, – дейді Б.Момынқұл. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мадияр Ералыұлы да Ташкентская көшесі Шераға есімін беруге лайық деп санайды. – Ташкентская көшесінің басы сонау «Көне Тараз» тарихи кешенінен басталып, аяғы ХХ ғасырдағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімімен аталатын көше­мен түйіседі. Тіпті, Шерағаның еңселі ескерт­кі­шін орнатамыз десе, аталған даңғылда соған лайықты әрі қолайлы, кең аумақты алып жатқан жерлер жетерлік. Тарихқа көз жүгіртсек, Шерхан Мұртаза бала күнінде білім алған интернат-пан­сионат осы Ташкентская көшесінде ор­наласқан. Демек, бұл көшенің бойында қарымды қаламгердің табанының талай ізі қалған. Оған қоса, Шерхан Мұртаза мен Әлихан Бөкейхандай тау тұлғалар бір көшенің бойында түйісіп жатса, қандай тамаша болар еді. Қазір Шерағаның есімін көшеге беру­ге қатысты сан түрлі ұсыныс ай­тылып жатыр. Мәселен, тұрғындардың бірі «ық­шамаудандарды тоғыстырып тұрған Шос­такович көшесінің атын өзгертіп, оған Шерхан Мұртазаның есімін берсе» деген ойын жеткізсе, енді бірі қаланың қақ ор­тасында жатқан бұрынғы Ленин, қазіргі Бейбітшілік кө­шесіне беруді қалайды. Иә, бұл ұсы­ныс­тың бәрі орынды әрі негізсіз емес. Бірақ аталған көшелер тар әрі абат­тандыру жұмыстарын жүргізу ыңғайсыз­дық туды­рады. Сол себепті дәл қазір қай қырынан қарасаң да Ташкентская көшесі Шерхан атамыздың есіміне сұранып тұр, – дейді Мадияр Ералыұлы. Қалай дегенде де, қазір Жамбылда Шераға ескерткіші мен көшесіне қатысты мәселе қызу талқылануда. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза атындағы республикалық театр фестивалін ұйымдастыру, тұлғаның өз дауысы мен ол туралы айтылған пікір­лердің аудио-кітабын дайындау, Шерағаң кітабындағы әдеби кейіпкер «Айша ана» есімін ұлықтау сияқты ұсыныстар да ай­тылып жүр. Жергілікті билік кейінгі бас­тамалардың барлығын қолдайтынын жеткізді. Алайда көше атауына келгенде аймақтың атқамінерлері бір байламға келе алмай отыр. Шаһардағы ең ұзын көшенің бірі Шер-ағаның атымен атала ма, әлде...

Жамбыл облысы