«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі көп мәселенің шешілуіне мұрындық болып келеді.
Мәселен, Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы «Халық соқпағы» аталып кеткен шағын көпірді ағын су шайып, 1,5 мыңнан аса тұрғын үшін қала орталығына тура қатынау қиынға соққан. Осы ретте халық қалаулысы Олжас Нұрмағамбетов тұрғындарға көмекке келді. Аталған шағынауданда туып-өскен аудандық мәслихат депутаты өз қаражаты есебінен және мердігердің көмегімен аталған көпірді қалпына келтіріп, қайта салып шықты. Сөйтіп, халықтың алғысына бөленді.
Бұланды ауданының Никольское ауылын сумен жабдықтау мәселесі де халық қалаулыларының қолдауымен оңтайлы шешімін тапты. 2 мыңнан аса тұрғыны бар ауыл 90 пайызы тозығы шыққан су құбырының салдарынан жиі ауызсусыз қалып отыр еді. Мәселе депутаттық фракция отырысында қаралып, халық қалаулыларының қолдауын тапты. Нәтижесінде, «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір жөндеу жұмысы жүріп жатыр.
Одан бөлек, мәслихат депутаттарының қолдауымен Жарқайың ауданындағы Пригородное ауылының клубына жылыту жүйесін тарту, яғни қазандық орнату мәселесі шешілді. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда аталған клубтың орны ерекше. Халық қалаулысы Александр Демьяновтың мәселені төтесінен қоюы өз нәтижесін берді. Облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, бүгінде қазандықты орнату бойынша монтаж жұмысы жүріп жатыр.
Бибінұр ӘМІРХАНҚЫЗЫ,
«AMANAT» партиясы
Ақмола облыстық филиалының
баспасөз хатшысы