«Апат айтып келмейді» дейміз, әйтсе де өндірістегі оқыс оқиғаға кейде жұмыс берушінің қауіпсіздікті қадағаламауы немесе жұмысшының тиісті талапты сақтамауы себеп болатыны рас. Өткен аптада төтенше жағдайда көз ашпаған «АрселорМиттал Теміртауда» тағы да апат болып, 4 адам қаза тапты.
Қарағанды облысының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Департаменттің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазір оқиға орнында облыстық полиция департаменті мен Теміртау қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.
Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы да қолданыстағы еңбек заңнамасы аясында арнайы тергеу жүргізіп, оқиғаның себеп-салдары жан-жақты анықталатынын мәлімдеді. Бұл жұмыстармен еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкімімен құрылған комиссия айналысады.
Шынында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты шахталардағы төтенше жағдай жиілеп кетті. 1994 жылы компанияға қарасты «Казахстанская» шахтасында 14 адам, Ақтас» шахтасында 11 адам бақилыққа аттанған. Ал Ленин атындағы шахтада 1995 жылы – 13, 2006 жылы 41 адам мерт болғаны есте. 2008 жылы «Абай» шахтасында метан газының жарылуы 30 шахтердің өмірін қиған. 2016 жылы «Саран» шахтасында төрт адам оқыс оқиға салдарынан өмірімен қоштасты. 2017 жылы үш адам, 2021 жылы 7 қарашада «Абай» шахтасында 6 азамат мерт болды. Кейіннен шахтадағы жарылыс болған уақыттағы метан концентрациясы 41 пайызға жеткені анықталды. Нормаға сай метанның ауадағы рұқсат етілген концентрациясы 5 пайыздан аспауы керек екен. Егер одан асып кетсе, жарылыс болады.
Ал бізде бұл нормаға мән берілмейді де, оқыс оқиғалардың барлығының негізгі себебі табиғи апат деп көрсетіледі. Дегенмен Қарағанды өңіріндегі көмір шахталарында көбіне метан газы ауамен араласып жарылады. Оның зардабы әдетте өте ауыр болады. Сонымен бірге көмір тозаңдарының да жарылу қаупі бар. Әдетте, қауіпсіздік техникасы инженерлері көмір қабаттарында жинала бастаған метанды арнайы құралдармен зерттеп, қажет кезінде сорғызып алу, желдеткіш құралдар арқылы сыртқа шығарып жіберу тәрізді айла-амал жасалатынын айтады. Онсыз шахтаның қауіпсіздігіне кепілдік жоқ. Бірақ метанның қай қуысқа жиналғанын анықтау оңай емес. Сол себепті апатты бірден техногенді сипаттағы оқиға деп бағалауға болмайды. Шахталарда, жер қыртысында метанның жиналуы табиғи құбылыс саналады. Дегенмен селден, жер сілкінісі мен су тасқынынан, қар көшкінінен қорғану секілді тиісті шаралар шахтада да ұйымдастырылуы тиіс.
Шахталардағы апаттарға, әрине бірінші кезекте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жауапты болары сөзсіз. Бірақ нормативтік актілерді күшейту, инвесторлардың жұмысына қатаң бақылау орнату, тау-кен саласы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына сұранысты арттыру, адам шығыны үшін төленетін өтемақы мен өзге айыппұлдарды күшейту мемлекеттің міндеті. Егер Үкімет шетелдік инвестордың қас-қабағына қарап, жалтақтай беретін болса, олар да өндіріс орындарын қауіпсіз ету үшін соңғы үлгідегі технологиямен жабдықтауға құлықсыздық танытады. Ал оның соңы осындай апаттарға апарып соғатыны белгілі.