Біз үшін әрбір донор қаһарман – Зауреш Әлменова
Біз үшін әрбір донор қаһарман – Зауреш Әлменова
787
оқылды
Төрткүл дүниеде жыл сайын бір миллиардтан астам адам қан құюға мұқтаж. Ауыр дертке шалдыққандар мен айтып келмейтін апат кезінде жарақат алғандар сауапты істен үміт күтеді. Бұдан бөлек, жарық дүниеге жаңа келген сәбилер мен жаңа босанған аналарға да қан топтары таптырмайтын дүние. 14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласындағы Қан орталығы қан алу және оның компоненттерін дайындау бөлімінің дәрігері Зауреш Әлменованы әңгімеге тартқан едік. – Зауреш Елікбайқызы, алғашқы сауалымызды қанның қажеттілігінен бастасақ... – Қазіргі кезде қан аурулары жиілеп барады.  Балалар мен ересектер арасында онкологиялық дертке шалдыққандар да көбейді. Соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Осындай қауіпті дертке душар болған жандар мен жазатайым жағдайға ұшыраған науқастарға қажет кезде қан жеткізілмесе, адам өмірін арашалап қалу қиындай түседі. Өйткені науқас көп қан жоғалтқан жағдайда қажетті қан құйылады. Сол үшін қан –  биологиялық теңдесі жоқ сұйықтық. Ол дәріханадан сатып алатын қолжетімді дүние емес. Себебі, қан тек қана дені сау донорлардан алынады. Шынын айту керек, қан донорлығына мұқтажбыз. Бізге қазір резус тиімділігі оң және теріс барлық қан тобы қажет. Өйткені ауру қанның тобы мен резус-факторын таңдамайды. Мысалы, обыр ауруына шалдыққан адамның қаны 1,2 ,3,4 қан тобы болуы мүмкін. Алайда резус тиімділігі теріс қан тобына аса мұқтажбыз. Жалпы адамда төрт қан тобы бар. Резус тиімділігі 2-ге, қан тобы төртке бөлінеді. Соның ішінде ең жиі кездесетіні – 1. Бұл топтағы қан әлем бойынша 40-45 пайыз, ал Қазақстандағы қан орталығында 35-36 пайызды құрайды. Екінші топтағы қан – 33-34, үшінші топ – 12-13, 4 топ – 6-7 пайызды құрайды. Соның ішінде резус-факторы теріс қан тобы сирек кездеседі. Мәселен, резус тиімділігі оң қан тобы 85 пайызды құраса, теріс қан тобы 12-15 пайыз. Сол үшін біз резус тиімділігі теріс донорларға көптеп салмақ түсіреміз. Егер тұрақты донорларымыздың санын көбейте алсақ, қанға мұқтаж науқастарға көмегіміз тиер еді. – Қан тапсырғысы келген кез келген адам донор бола ала ма? Әрине, дені сау 18 жасқа толған әрбір қазақстандық донор бола алады.  Бірақ денсаулығында қарама-қарсы қайшылықтары болмаған жағдайда ғана. Қазір 100 пайыз дені сау адамды табу қиын. Көбісінің  созылмалы ауруы бар. Бірақ созылмалы аурулардың асқынып тұрған кезінде қан алмаймыз.  Сосын нашақорлар мен ішімдікке салынған, обыр мен онкологиялық аурулармен ауыратындарға тұрақты шектеу қоямыз. Оларға мүлдем қан тапсыруға болмайды. Одан бөлек, жүйке қан тамырларының 3-ші сатыларында, инсульт пен инфарктан кейін, ішкі органдарының біреуін алдырып тастаған жағдайда донор бол алмайды. Мысалы, бүйрегінің біреуі жоқ, болмаса бауыры мен өкпесінің бір жартысы болмаса,  көзі көрмейтін, құлағы мүлде естімейтін адамның қаны алынбайды. Қан тапсыруға тұрақты шектеулеріміздің тізімі бұдан да көп. Одан бөлек, уақытша шектеу бар. Кез келген дені сау адам салқын тидіріп ауырып қалады. Қан құйылған адам 3-4 айға дейін қан тапсыра алмайды. Ал тіс жұлдырған адам асқынулар болмаса 10 күннен кейін ғана қан тапсыруға рұқсат. Сол секілді, ангинамен ауырған адамдарға бір айға дейін,  ішімдік ішкен не аналгин мен аспирин құрамдас дәрілерді қабылдаған адамдар үшін 72 сағатқа дейін қан тапсыруына қарсы көрсеткіш бар. Өйткені аспирин мен аналгин қанды сұйылтады. Мұндай қан жарамсыз. Одан кейін температурамен, жұқпалы аурулармен ауырып жүрген науқастар 6 айға дейін қан тапсырмайды. – Тұрақты түрде қан тапсырып жүрген адамдар көп пе? Орталыққа келетіндердің 80 пайызы тұрақты,  20 пайызы алғашқы донорлар. Тұрақты донорлар дегеніміз түсінікті. Ал алғашқы донорлар жақыны ауруханаға түсіп қалғанда қан тапсыруға келетін туған-туысқандары мен әріптестері, көршілері, дос-жарандары. Алайда алдымен адамның қан тобы анықталып, денсаулығына зерттеу жүргізіледі. Сол кезде кейбір адамдар талдау нәтижесінен өтпей қалады. Гемоглабині деңгейі төмен, бауырын май басып кетуі мүмкін. Артық салмақ та қарсы көрсетілімге жатады. Қазір қозғалыссыз жұмыс істейтіндер көп. Көпшілігі жылдам дайындалатын пайдасы жоқ тағамдарды жейді. Дұрыс емес тамақтанады. Түнгі ұйқысы дұрыс емес болса да қан талдаулары жақсы нәтиже көрсетпейді. – Қан тапсырудың донор үшін қандай пайдасы бар? Бұл өте маңызды сұрақ. Ең алдымен айтарым, донор өлім мен өмірдің арасында жатқан адамның өмірін сақтап қалып, қайырымды іс қылады. Одан кейін қазір көп адам өз денсаулығын ойлауға уақыты болмайды. Ал қан тапсыру орталығында олардың денсаулығына түгел тексеріс жасалады. Өз денсаулығы туралы ақпарат алады. Мысалы, донорларға жалпы қан талдауын жасаймыз. Қан арқылы берілетін 4 індет – В,С гепатиті, иммун тапшылығына, АИТВ мен мерез ауруына анализ тапсырады. Осы инфекцияларды тегін тексеріп береміз. Бізге келген адам денсаулығы жайлы ақпарат алып кетеді. Бірақ көбісі анализдерінің жақсы екеніне көз жеткізіп, бір адамның өміріне араша бола алғаны үшін қуанышпен кетеді. донор Жалпы қан тапсырудан бөлек, онкогематологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға тромбоцит деген қанның клеткалары керек болады. Донор 400 мл қан тапсырса, біз оны центрифугодан өткізіп, қаннан 3 түрлі компонент айырып аламыз. Қанның қызыл түйіршіктері, сарысуы мен плазмасынан тромбоцит жасаймыз. Сонда бір адам үш науқастың өміріне араша бола алады. Тромбоцит – қанның ұюына көмектесетін жасуша. Бұл өте ұзақ тапсыратын процедура. Донордың бір жарым, кейде екі сағат уақыты кетеді.  Обыр ауруымен ауырып жатқан науқастың түрлі препараттар қабылдағаннан кейін сау клеткалары да өліп кетеді. Сол уақытта науқаста тромбоцит қалмайды. Қаны ұйымай қалады. Бір жерінен қан кетсе, тоқтамай қалады. Тромбоциті жоқ адам қан кеткен кезде әлсіреп қалады. Сондықтан дені сау донорлардан тромбоцитті айырып алып, ертеңіне медициналық мекемелерге құюға жібереміз. Бізге келген әрбір донор біз үшін нағыз қаһарман. Себебі, жұмысын ысырып, алтын уақытын бөліп келеді. Кейбір кісілер қан құйдырып жатқан адамды танымайды. Туысы да, досы да емес. Бірақ өзгенің өміріне араша түсуге әрқашан даяр. Бұл әрбір адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан тұрақты және алғашқы донорларымызға басымызды иеміз. Одан бөлек, тұрақты түрде қан тапсыру жүрек қан тамыры ауруларының алдын алуға көмектеседі. Қазір қан қысымы жоғары адамдар көп. Соның бірінші сатысында ауыратын кісілер бізге донор бола алады. Ал 2,3-сатысында алмаймыз. Мысалы қан қысымы 140/100, 150/100 болса, қан тапсырғаннан кейін олардың қан қысымы 120/80, 110/70-ке түседі, яғни қалыпты болады. Бауыр ауруларының профилактикасына көмектеседі. Себебі, қан тапсырғаннан кейін қан өндіретін органдардың жұмысы белсенді бола түседі. Иммундық жүйесі мен қан айналымы жақсарады, қаны сұйылады. Әрбір қан тапсырғаннан кейін донордың да денсаулығы жақсарады. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Тұрақты қан тапсырған донорлардың өмір сүру ұзақтығы басқа адамдарға қарағанда 5-7 жыл ұзақ болады. Өйткені олардың қандары жаңарады. Қазір әйел адамдар бетіне түрлі косметологиялық процедуралар жасатады ғой. Ал қан тапсыратын әйелдерде беті тегістеліп, жылтырай түседі. Біздегі тұрақты қан тапсыратын ер адамдардың барлығы сымбатты. Мен бұл сөзді асыра айтып отырған жоқпын. Шындығы солай. –  Жеке пайдасы үшін донор болғысы келетіндер кездесе ме?   Жоқ дей алмаймын, ондай адамдар бар. Әлемдік тәжірибе бойынша он жылдан бері біздер өз еркімен қан тапсыратын донорларға басымдық беріп отырамыз. Соңғы кездері өз еркімен қан тапсыратын донорлар 94-95 пайыз. Ал 4-5 пайызы ақылы донорлар. Бұл резус тиімділігі теріс қан топтағы адамдар. Өйткені олардың қаны біз үшін өте қажет. Біз оларсыз науқастардың өмірін сақтап қала алмаймыз. Сол үшін біз оларға жүктеме түсіреміз. Жиі-жиі шақырамыз. Ал олар дәрумендері көп тағамдар жеп, жақсы қоректенуі үшін 4 АЕК-те ақша төленеді. Резус-факторы оң адамдарға 760 теңге ақша беріледі. Оған тек шеколад алып, шай ішуіне жетеді. – Қанды қажетті жерге жеткізу қалай жүзеге асады? Әр аймақтың өзінде қан орталығы бар. Алайда күрделі ота жасайтын мамандандырылған орталықтардың дені осында. Сол үшін біздің донорларға басқа аймақтардан қарағанда салмақ көп түседі. Өзіңіз білесіз, науқас өзінің донорымен бірге келмейді. Мысалы, басқа аймақтан келген науқас болса онымен бірге еріп бір-екі адам ғана келеді. Келіп көмектескісі келеді, бірақ белгілі бір себептерге байланысты тексерістен өтпей қалады. Сондықтан бізде көшпелі топ жұмыс істейді. Мекемелер мен сауда орталықтарына алдын ала хат жазып, донор күнін ұйымдастырғымыз келетінін айтып, рұқсат сұраймыз. Рұқсат етсе, дәрігер мен медбикесі, тіркеушісі бар автобусымыз мекеме алдында донор қабылдайды. Мысалы,  Ұлттық ұлан бір бергенде 100 донор береді. Жинаған қанды 2-3 сағат сайын орталыққа жеткізіледі. Дүниежүзілік донорлар күні тұрақты және алғашқы донорларымызды марапаттаймыз. Өздері ғана емес, қызметкерін жұмыстан босатып, қайырымдылыққа атсалысқан жұмыс берушілерді де ұмытпаймыз. Концерт ұйымдастырып, тіскебасар және естелік сыйлықтарымызды, алғыс хаттарымызды табыстаймыз. Одан бөлек, тұрақты донорларымыз «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталады. – Көшпелі бригаданың алған қаны қажетке жарамай қалатын кездері бола ма? ­Көшпелі бригадада тапсырған қан әрбір екі сағат сайын орталыққа кетеді. Сондықтан қанның ұйып қалуы мүмкін емес. Бірақ арасында жарамсыз болатыны бар. Қанның плазмасы майлы болады. Донор күні бұрын майлы тағам жеп қойса да талдау дұрыс шықпайды. Мұндай қанды біз жойып жібереміз. – Донорларыңызға қандай тамақтардан бас тартуға кеңес бересіз? Қан тапсырар алдында донордың тек жейтін тағамы ғана емес, түн ұйқысы да тыныш болуы тиіс. Кемінде 6-7 сағат ұйықтауы керек. Спортпен шұғылданып, жүйкеге салмақ түсіретін емтихан да қанның қалпын бұзады. Сондықтан емтиханды тапсырып, 2-3 күн тынығып бір-ақ келгені дұрыс. Майлы, ысталған, қуырылған, тұздалған, ащы, фастфуд, грех жаңғағы, банан, сүт тағамдарын ішуге болмайды. Азанда суға піскен ботқа, гречка секілді жеңіл тағам жегені абзал. Қан тапсырар алдында антибиотик ішуге болмайды. Оның кері әсері бар. Мұндай қанды жас балаға құйса, құлағы естімей қалуы мүмкін. Басқа да органдарына зақым келуі мүмкін. Ішімдік ішетіндер мен шылым шегетіндерге де шектеу қоямыз. Мысалы, шылымды қан тапсырғанға дейін 1,5-2 сағат шекпеуі тиіс. Тапсырған соң тағы 2 сағат темекі шегуге болмайды. Тапсырғанға дейін науқасқа, тапсырғаннан кейін донордың өзіне зиян. Донор болатын кез келген адам науқастың орнына өзін не жақынын қойып көру керек. Қан тапсыруға аса жауапкершілікпен қараған жөн. Қан тапсыратындардың 68 пайызы ерлер. Өйткені олардың көк тамырлары өте жақсы дамыған. Әйел адамдардың тамыры өте нәзік болғандықтан қанды қайтарған кезде тамырлары жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан әйел донорлар 32 пайызды құрайды. Негізі әйел адамдар жанашыр болып келеді. Олардың арасында жаңа босанғандары да бар. Олардың гемоглабиндері төмен болады. Белгілі себептермен әйелдер өтпей қалып жатады. Жас ерекшеліктеріне келсек, 18-30 жастағы донорлар 35 пайызды құрайды, 31-50 жастағылар 53 пайызды құрайды. Жалпы 51-60 жасқа дейінгі кез келген адам донор бола алады.  Бірақ 60 жасында бірінші рет донорлыққа келген болса, қабылдай алмаймыз. Өйткені олардың қаны жарамсыз болып қалуы мүмкін. Әйтпесе тұрақты донорларымыздың арасында 60-тан асқан кісілер де бар.