Қарағанды облысының Шет ауданы Ақшоқы ауылында мал қырылып жатыр. Облыстық ветеринария қызметі аурудың себебін анықтау мақсатында ауылды карантинге жапты.
Соңғы он күнде тұрғындардың айтуынша, малдың жаппай қырылуы көбейген. Ветеринарлар болса, мұны белгісіз инфекциялық ауру деп отыр. Әзірге 240-қа жуық мал осы дертке шалдыққан. Оның ішінде ресми деректерге сүйенсек, 76 ірі қара арам өлген. Басым бөлігі – бұзаулар.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жануарлардың кенеттен тәбеті жоғалып, жатып қалады екен.
«Өлекселер инсинератор арқылы өртелді. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының қатысуымен жүргізілді. Ветеринарлар мал иелерімен бірлесіп, ауырған малдың симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.
Жалпы Ақшоқы ауылдық округінде 2,5 мыңнан астам ірі қара мал бар. Мамандар дерттің тарап кетуіне жол бермес үшін ауылдың кіреберісіне бекет орнатты. Аурудың диагнозын анықтау мақсатында сынама алынып, республикалық ветеринария зертханасының Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді.