Бұл өмірде төрт құбыласы тең, айнала туысы түгел адам жоқ. Уақыты келген жақынын жер қойнына тапсыру сияқты сынақ әрқайсымыздың басымызда бар. Мұны қазақ: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп берген. Марқұмның ақырғы аманатын орындағаннан кейін басын қарайтып, реті келгенде қабіріне барып, құран бағыштап қайту – бәріміздің парызымыз. Басқа діндегілер мен ұлттағылар туралы кесіп айта қою қиын. Біздер – қазақтар марқұмдардың соңғы әрі мәңгілік үйінің күтіміне, жалпы қорымның жағдайына көп мән бере бермейміз. Оған санамыздағы «өлгендер мекенін жаңғыртуға болмайды» деген түсінік кері әсер ете ме, әлде өзіміздің мойнымыз жар бермей ме? Ешкім дәл солай деп үзілді-кесілді айта алмасы анық. Тек кейінгі жылдары ауылды жерлерде ел-жұрт ақша жинап, мал кезіп кететін қорымдарды қоршауға кірісті.
Қалалы жерде барлығы басқаша. Туған-туыстары жиі баратындықтан, зираттар мен оның маңында біршама жинақылық бар. Сонымен бірге қабірлердің орналасуында реттілік сақталады. Дегенмен көзге оғаш көріністер де байқалады. Ескерткіш тақталарды қирату, қоршауларды бұзу сияқты вандализм әрекеттері кездеседі. Жерлеу ісін ұйымдастыруда түрлі түсінбестіктер болып жатады. Сонымен бірге белгілі мекен-тұрағы жоқ жандарды жер қойнына тапсыруда қиындықтар туындайды. Осы ойлардың жетегімен кейінгі жылдары Талдықорған қаласына қарасты Еңбек және Еркін ауылдарындағы екі қорымда қайтыс болғандарды ақтық мекеніне жөнелту және олардың мәңгілік мекенінде тазалық пен реттілік сақталуына қатысты проблемаларды шешудің басы-қасында жүрген, кәсіпкер-журналист Сандуғаш Дүйсенованы әңгімеге тартып, сыр суыртпақтаған едік.
Осыдан біраз жыл бұрын оның жұмыс орнына Виктор Иванов деген азамат іздеп келеді. Қарсы алдындағы орындыққа тізе бүгіп, ұзақ үнсіздіктен кейін әңгімесін бастап: «Ата-бабаны еске сақтау, өзіңді олардың алдында қарыздар сезінбеу үшін оларға мәңгіге қоныс болған қорымдарды тәртіпке келтіру, қабірлерінің маңын тазалау қажет. Марқұмдардың соңғы мекенінің жағдайына қарап, айналадағы адамдар жайлы ой түюге болады. Бірінші кезекте Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының зираттарын реттесек. Олардың туыстары көшіп немесе бұл дүниеден өтіп кетті. Қазір ешкім қарамағандықтан, мүлде тозып тұр» депті күтпеген қонағы.
Үлкен кісінің күйзелісі жанын тебіренткен журналист ертеңінде-ақ бастама көтеріп, ұсынысын құптаған достарымен, әріптестерімен бірлесіп, Талдықорғандағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен тағы да басқа батырлардың қабірлерін қоқыстан тазартты, қоршауларын түзетеді. Одан кейін Балпық би ауылында, Текелі қаласында, Үштөбеде, Сарыөзекте осындай қайырымдылық жұмыстарын жүзеге асырады. Осыдан соң-ақ, бұл шарапатты шара жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Еріктілер өздерінің игілікті істері жайлы әлеуметтік желілерде жариялай бастаған. Кезінде Талдықорғанда туып, осында тұрған, кейіннен тірліктің қамымен, түрлі себептермен шет елдерге қоныс аударып кеткендер де хабарласып, туыстары мен жақындарының қабірлеріне көз қырын салуды сұрап, хат жазады. Адамдардың өтінішін орындау барысында марқұмдар мекендерінің қараусыз, қамқорлықсыз қалғанына көзі әбден жетеді. Православтар қорымдарында реттілік, тазалық бар деуге болады. Әсіресе, ата-аналар күнінде адам қаптап келіп, жылына бір мәрте болса да қабірлердің маңын тазалап, қоршауларын реттеп кетеді. Өкінішке қарай, мұсылман қорымдарында ешқандай әрекет жоқ, мүлгіген тыныштық. Қорымдар аумағы тазаланбайды, қураған ағаш-бұталар қырқылмайды, қаулаған шөп оталмайды. Желмен ұшып келген қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Бүлінген ескерткіш тақталар, қисайған қоршаулар. Жүрек ауыртады.
«2018 жыл-ау деймін, менің мүмкіндігімше істеп жүрген қайырымды қарекетімді көрген сол кездегі қала әкімі Дастан Шалтабаев әкімдік пен екі арада ынтымақтастық орнатып, ресми түрде жұмыс істеу туралы ұсыныс жасады. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңға сәйкес, 500 АЕК көлеміне дейінгі тапсырысты тендерсіз беруге болатын. Біз ресми түрде келісімшарт жасап, іске кірістік. Ол уақытта облыс бойынша 957 қараусыз-иесіз қорым бар болатын. Солардың ішіндегі жергілікті биліктің қарамағындағы отыз қорымның бірі Еңбек ауылының жанында орналасқан еді. Жұмысты содан бастадық. Тендердің ақшасына өз қаражатымды қосып, біраз шаруа тындырдық.
Ол кезде де, қазір де зираттардың жағдайы оңып тұр деу қиын. Облыстағы зираттардың 95 пайызы қараусыз. Жылдап адам аяғының ізі түспеген қабірлер бар. Еңбектегі зираттың аумағынан алғашқы кезде-ақ 25 КамАЗ қоқыс шығардық. Зираттар орналасқан аумақтарға ит те, құс та кіре береді. Мал жайылады. Адамдар құрылыс үшін сары топырақ алады. Қоқысты әкеліп осында тастайтындар да кездеседі», – дейді Сандуғаш Елубайқызы.
Оның айтуынша, ұрлық та жиі тіркеледі. Зираттар аумағындағы қаулаған шөпті шабуға арналған мотоблок түскі асқа кеткенінде қолды болыпты. Шлагбаумдар орнатса, біреуін қиратып, екіншісін ұрлап әкетіпті. Жерлеуге, қабірлерге тағзым етуге келушілер, қоршау тұрғызушылар мен ескерткіш орнатушылар қажет бола қалса, су іздеп жүрмесін деп үш тонналық бөшке сатып әкеліп орнатқан еді. Оны да алып кетіпті. Электр желілерін қиып әкету де жиі кездеседі.
Бұрын «өлгендерді соңғы сапарға аттандыру, жерлеу саласының өз мафиясы бар» дегенге сенбеген кейіпкеріміз оның ақиқат екендігіне осы салада тендерді ұтып алғанда бірден көз жеткізіпті.
– Конкурстың ертеңінде телефонға белгісіз нөмірден қоңырау түсті. Бейтаныс жан кездесіп, бір проблеманы реттеу қажеттігін айтты. Кешкісін қаладағы кафелердің бірінде жолықтық. Бейтаныс жас жігіт күтіп алды. Созбақтамастан, бірден әңгімеге көшіп, Талдықорған қаласына қарасты Еңбектегі және Еркіндегі қорымдарға бірнеше жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқанын айта келе, иесіз мәйіттерді жерлеу әйелдің ісі емес екенін емеурінмен білдірді. «Сондықтан біз көмектесеміз. Оларды (иесіз мәйіттерді) жерлеуге бөлінген 800 мың теңгені де өзіңе қалдыр, оған қоса ай сайын 100 мың теңге беріп тұрамыз» дегенде төбе шашым тік тұрды. Келіспедім, қорқытты, үркітті. Ақыры қойды. Еркін қорымындағы кезінде күзетшілерге салынған үйлерде тұрып жатқандарды шығару да біраз мәселе туындатты. Оны да реттегендей болдық. Жылдар бойғы журналистік қызмет барысында құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста болғаным көп көмектесті,– дейді әріптес.
Алайда Еркіндегі екі үйге қатысты проблема әлі де шешімін таппапты. Іздетіп жүріп үйлердің ресми қожайындарын тапқан. Сол кезде барып, күзетшілер баспанасы тұрған жерімен бірге жекеменшікке өтіп кеткенін біледі. Мемлекетке тиесілі, жалпыға ортақ пайдалануға арналған жердің қалайша жекеменшікке өтіп кеткені түсініксіз. Артынан анықталғандай, 2011 жылы қалалық әкімдік ұйымдастырған аукционда жерді және екі үйді «Жигули» ЖШС сатып алыпты. Қазір зиратқа қызмет көрсететіндер сол серіктестікке жалдау ақысы ретінде ай сайын 30 мың теңге төлеп тұрады. Көпшілікке ортақ пайдалануға арналған мемлекетке тиесілі жердің белгілі бір бөлігінің жекеменшікке сатылып кетуі заңсыз екені жайлы барлық құзырлы органдарға жазылған шағымдар аяқсыз қалған. Қалалық әкімдік қана үйлер орналасқан жерді қайтара алады. Бірақ ондағылар қозғалар емес.
Сандуғаш басында адамдарға көмектесу үшін осынау істі бастағанымен, кейіннен журналистігіне қоса қорымдарды күтіп ұстау, жақынын жоғалтқандарға марқұмдарды жөнелту қызметтерін көрсетуге бел шешіп кірісіп кетеді. Үйі-күйі жоқ, жақын-туыстардан айырылған жандардың ақтық сапарға аттануын да тиісті жоралғыларға сай атқаруды ұйымдастырады.
Осынау күрделі рәсімдерді жұрт көңілінен шығатындай, заң талаптарына сай жүзеге асыру үшін «Алматы қаласындағы рәсімдік қызметтер көрсету жөніндегі мамандандырылған комибнат» ЖШС директоры Мэлс Толыспаевты арнайы іздеп барып, ақыл-кеңесін алыпты. Қорымдарға қызмет көрсету жұмыстарын жаңа деңгейге көтерген, осы саланың білгірлерінің бірі болып саналатын азамат басқаратын кәсіпорын Алматы қаласының бюджетінен қаржыландырылады және қала аумағындағы және оның маңындағы барлық зираттарды қадағалап отырады. Сонымен бірге қабір қазушылардың, зембілмен алып жүрушілердің қызметін ұйымдастырады, рәсімдік автотехника береді, жерлеуге қажетті тауарларды сатады. Қысқаша айтқанда, мәйітті қабылдап алудан бастап, жер қойнына тапсырғанға дейінгі жұмыстың бәрін атқарады. Түскен қаржы қаланың қазынасына құйылады.
Өзінің 500 мың теңге қаржысы мен мемлекеттің 1 250 мың теңге ақшасына Еңбектегі қорымның жаңа форматын жасауға кіріскеннен бері тек түсінбестікке тап болып келеді. Адамдардың қайғысынан ақша жасап қалғысы келетіндер көп екен. Олар жерлеу ісінде қызмет көрсету құқын иелену үшін кейде түрлі қулықтарға, заңсыздықтарға дейін баратын көрінеді. Мәселен, Еркіндегі қорым ресми түрде жабық болғанымен, кейде онда бұрыннан бар қабірдің жанына адам жерлеуге жол беріліп келген. Басқа да былық-шылық бар екен.
Біздің елде де барлық өркениетті мемлекеттердегі сияқты жерлеуге қатысты заң қабылдап, онда барлығын егжей-тегжейлі жазу керек. Талдықорған қаласындағы барлық зираттар бойынша құжаттандыру жүргізу қажет. Қазір бірде-бір құжат жоқ. Облыс бойынша 971 қорымның 10 пайызы ғана заңдастырылған. Қалғандары иесіз, қараусыз қалған. Олардың 20-сы Талдықорған қаласына қарасты. Іс жүзінде жұмыс істеп, өлілерді қабылдап отырған зираттар картада жоқ. Тек жерге алынған мемлекеттік акті бар. Мәселен, 2011 жылы Еркіндегі қорым құрылысына 64 миллион теңге жұмсалыпты. Сол тендердің техникалық шарттары табылмапты. Екі үй тұрғызылып, бірнеше метр қоршау орнатылған. Ал 2011 жылы 64 миллионға қыруар жұмыс атқаруға болатын еді.
«Әзірге Талдықорған қаласы маңындағы зираттардың бітіп болмас проблемалары тек мені ғана мазалайтын сыңайлы», – деп қынжылады кәсіпкер-журналист.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы