Бүгінде Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын мекен етіп жатқан халықтың қарасы аз емес. Жаңа қаланы дамыту мақсатында өркенді істер қолға алынған күннен бері бұл аймақтан қайнаған тіршіліктің лебі сезіледі. Сол жағалауды тотықұсша таранып, жаңаша кейіпке енгізу қыруар қаржыны қажет ететіні белгілі. Табанды шешімнің арқасында аталмыш аумаққа бөлінген қаржыны тиімді игеруде тұрғын үй, әкімшілік және кәсіпкерлік мақсаттағы ғимараттар, жол, инженерлік-инфрақұрылым жүйелері салынып, жайлы өмір орнатуға жасауға бетбұрыс жасалды. Әкімшілік, оқу ғимараттары, жастар орталығы жаңа қаланың көркін ашатын әсем ғимараттарға айналды. Десе де, атқарылған жұмыстан атқарылар істің көптігі әлі де аңғарылады. Бүгінде сол жағалауға серпін беретін тың жобалардың тұралап қалғанын байқауға болады. Оған әлемді шарпыған қауіпті індеттің салқыны тигені белгілі. Оның үстіне, қымбатшылық қысқан кезеңде құрылыс заттары бағасының шарықтап кеткені көптеген жұмысқа қолбайлау болып тұрғаны түсінікті. Дей тұрғанмен, сол жағалау жұртшылығы бардың өзін баптай алмай тұрғанымызды айтып, ашынып отыр. Сәті түсіп сол жағалаудағы жаңа қалаға бара қалсаңыз, алдымен тұрғылықты халық тарапынан интернет желісінің қиындық туғызып отырғанын естисіз. Ұялы байланыс операторларының интернет қызметі де көңілдегідей емес. Үй интернеті мен ұялы байланыс қызметі талапқа сай болмай тұрғанын айтқан өңір халқы құзырлы орындар тарапынан бұл түйткіл түйінін таппай отырғанына ашынады. Интернет пен ұялы байланыс қызметінің сапасын көтеру үшін арнайы мұнаралар қондырылуы қажет екенін алға тартады. Сол жағалаудағы жол сапасы да көңілден шықпайды. Әсіресе, тұрғын үйлер ауласындағы жол тарлық етіп тұр. Жалғыз аяқжол айналуға келмейді. Нақты айтқанда, бұл жолмен жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігінің жүруі қиындық туғызып тұр. Осылай деп мұңын шаққан тұрғылықты халық бұл жол салуда жіберілген өрескел қателік екенін алға тартады. Сол жағалауда бой көтеріп жатқан жаңа қаланың келбеті көз сүйсінтеді деп әлі де айту ерте сияқты. Бүгінде қалада бой түзеген бірнеше зәулім ғимаратты айтпағанда құлазыған дала, ұйытқып соққан құмды дауылдан көз ашпай отырған тұрғындардың жанайқайы бекер емес. Аймақта көркейту мәселесі кенжелеп тұрғанын аңғаруға болады. Сол аумақ тұрғындарының айтуынша, есік алдын өз күштерімен көшеттер отырғызып, гүл егіп, көркейтуге ниетті. Алайда аяқсу мәселесі қолға тұсау болып тұрғанын алға тартып отыр. Өздері тұрып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердегі арықтарға бір тамшы су тамбай, кеуіп қалған. Ал есік алдына еккен талдарға үйлерінен шелектеп су тасып құюға мәжбүр екен. Жоғары қабат тұрғындары тіптен ауызсуды сорғымен тартып ішіп отырғанын, судың қысымы аз екенін мәлімдеді. Әу бастан жаңа қаланы салу ісі қолға алынған тұста жоспарға сәйкес иесіз жатқан иен дала түрленіп, өзгеше күйге енетіні айтылған. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде жасыл желекті аймаққа айналады деп күтілді. Алғашқы жобаға сәйкес бұл аймақтан «Гүл бульвары» жобасы жүзеге асырылатыны айтылды. Жаңалық көпшілікке жария болған алғашқы кезде оның нобайын комиссия анықтап, келісім бергені мәлім болған еді. Содан бері біраз жыл өтсе де, әлі күнге сең қозғалар емес. Жалпы жоспарға сәйкес, бульвардың жалпы аумағы 12 гектарды құрайды деп жоспарланған. Оның айналасына субұрқақ, балалар алаңы, көлік тұрағы және кіші архитектуралық фигуралар бой түзейтіні айтылып қалды. Бұл сол жағалауға алдағы уақытта салынады деп жоспарланып отырған 9-12 қабатты тұрғын үйлердің ортасы осы ғажайып көрініспен әрленіп, ерекше сән беретін көрікті орынға айналатынына нық сенім болды. Алайда ел күткен ерекше орын әзірге тек сөз күйінде қалып тұр. Бір кездері Қызылорда облысы әкімі қызметін атқарған тұста Қырымбек Көшербаев сол жағалаудағы жаңа қаланы шығыстық сәулет үлгісі негізінде дамыту көзделіп отырғанын мәлімдеген болатын. Бұл аумақта 11 шағынаудан, 3 саябақ, индустриалды аймақ, әлеуметтік нысандар мен бизнес орталықтары және сауда орындары салынатыны жоспарланды. Сондай-ақ білім, емдеу мекемелері, театр, мұражай, стадион секілді әсем ғимараттармен қатар демалыс орындары ашылады деп күтілді. Бір сөзбен айтқанда, 1 500 гектардан астам аумақты алып жатқан жерге демалыс орындары, әлеуметтік және кеңсе ғимараттары, сауда орындары салынып, құлазыған даланы көрікті мекенге айналдыру көзделді. Бұған 88 млрд теңге тартылатыны да тілге тиек болды. Содан бері бірнеше әкім ауысты. Ал атқарылған жұмыстар әзірге көңілден шықпай тұр. Есесіне қолда бардың өзіне күтім жасалмай, тозып бара жатқаны сол аумақ халқын ашындырып отыр. Ал осы аумақтан тұрғын үй кезегіне тұрғанымен, бір баспанаға қол жеткізе алмай, қиналып жүрген жандар да аз емес. «Негізінен, Қызылорда қаласының сол жағалауын кешенді дамыту мақсатында жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл тұрғыда тұрғын үй кешенін салу, халықты арендалық тұрғын үймен қамту ісі жоспарға сай атқарылуда. Мәселен, сол жағалаудағы №4 квартал №7,8,9 учаскедегі инженерлік инфрақұрылымын жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 710,8 млн теңге қаржы бөлінген. Соның негізінде осы орамда салынған 10 көпқабатты тұрғын үйдің аулааралық жұмыстары атқарылып, алдағы уақытта 680 пәтердің кілті өз иелеріне табысталатын болады. Жалпы, аталмыш аумақта осындай жұмыстар рет-ретімен жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді бізге Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі. Жалпы алғанда, қалың ел жағалай қоныстанған сол жағалауды дамытуда әлі талай серпінді жобалар атқарылуы қажет екені аңғарылады. Құлазыған даланы жасыл желекті аймаққа айналдыру үшін міндетті жұмыстарды межелі уақытында сапалы жүргізу қажеттігі өздігінен сұранып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы