Қайта жаңғырған дәстүр
Жиынды ашқан Мемлекет басшысы құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүрі екенін, яғни бабалар жолына түскенімізді айтты. – Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдасып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болды. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті, сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деді ол. Президент құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін түсіндірді. – Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, – деді Президент.Қазақ тілі жойылмайды
Қаңтар оқиғасының бір тағылымы сол, алауыздық елімізді араздастырып, аздыруы, әлсіретуі мүмкін. Ендеше, Ұлттық құрылтай аясында халқымыздың бірлігінің жаңа жылнамасы түзіледі деген үміт бар. Сондықтан алғашқы жиында ұлтты ұйыстыратын, ел бірлігін нығайтатын мәселелерге көп мән берілді. Президент әрбірімізді қазақ тілін дамытуға нақты іспен үлес қосуға шақырды. – Елімізде ұлтына, тіліне бола, ешбір азаматтың құқығы шектелмеуі тиіс. Әйтпесе қоғамда дау-жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін, елдің дамудан кері кеткенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сол себепті тіл мәселесінде бәріміз ұстамдылық танытқанымыз абзал. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті әлсіздігі сияқты көрінеді. Бірақ баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуы үшін үлес қосайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның байламынша, қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жойылмайды, жасай береді. – Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындады. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлдем салыстыруға болмайды. Бұрынғыдай емес, мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді, – деген Президент қазақ тілінің жоғары технологияларға кірігіп жатқанын мысал етті. Жуырда атақты Apple компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. – Жаһандық басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Әлемнің 40 тілінде тарайтын Nickelodeon телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көріп жатыр. Осындай көптеген жағымды жаңалық бар. Демек, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза қылмай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Тіл жанашырлары қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасау үрдісінің тоқырағанына наразы. Әйткенмен, Қ.Тоқаев бұл істе асығыстық танытпауға үндеді. Бұған дейін қазақ тілі 2025 жылы латын графикасына көшеді деп бекітілген болатын. Енді оның нақты мерзімі белгісіз екен. – Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе – латын әліпбиіне көшу. Қоғамның кейбір өкілі «біз әлі күнге дейін кирилл қарпінен арыла алмадық» деп алаңдаушылық білдіруде. Бірақ мұның бірінші кезекте өте күрделі лингвистикалық мәселе екенін ескеру керек. Осыны жақсы түсінген жөн. Біз бұған дейін 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда ол талаптар сәтсіз болды. Сондықтан бұл мәселеде жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған маңызды. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек әріптерді өзгерте салу арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық-емле ережелерін қайта қараған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол бір мысал келтірді. Қазақ тіліндегі байырғы сөздерде «Ы» әрпі жиі кездесетіні белгілі. – Осы әріпті кириллицадан латиницаға механикалық түрде көшіре салсақ, тиісті әрбір сөзде «Y» ағылшын қарпі пайда болады. Бұл дұрыс емес деген ойдамын. Басқа түгіл, біздің түркі тілдес ағайындарымызға да «Ы» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға түседі. Айталық, «тыныштық» (tynyshtyq) сөзі. Міне, сондықтан мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясын әзірлеп шығуды жүктедім. Сонда ғана латыншаға көшу туралы сөз қозғауға болады. Біз асықпауға тиіспіз. Көшедегі билбордтардағы жазбаларды, министрліктердің атауларына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмалануда. Ашығын айтқанда, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті тілімізді мазақ қылу сияқты. Бізге мұндай үстірт тіл реформасы қажет емес. Бізге нағыз реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Сол себепті тек тіліміздің мәртебесін көтеретін графиканы қабылдаймыз, – деді Қ.Тоқаев.Ұлтты ұйыстыру алаңы
Ұлттық құрылтай мәселесіне келсек, оның құрамына 117 адам кірді. Құрылтай барлық облыстың, сантүрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтиды. Онда орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады. Мемлекет басшысы оның ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенім білдірді. Сөйтіп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді. – Ұлытауда барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде «Мемлекеттік рәміздер алаңын» ашуды тапсырамын! Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруы тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз, – деді ол. Қ.Тоқаев құрылтайдың 3 міндет-мақсатын атады. Ол ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идея-ұсыныстарға айрықша мән беруі керек. – Біріншісі – Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз, – деді Президент. Оның пікірінше, ұлтты ұйыстыратын басты қасиет – атаққұмарлық емес, еңбекқорлық. – Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгіннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды! Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауы тиіс, – деп нықтады Мемлекет басшысы. Президент жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді 2-ші маңызды міндет ретінде атады. Қазір бұл жаңғырулар біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастаған. Ол халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын 3-ші маңызды міндет деп белгіледі. Жаңарулар қоғам өмірінің әр саласын қамтиды. Мәселен, Мемлекет басшысы Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне де өзгеріс енгізген жөн деп есептейді. Ол Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл күні, яғни 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданған болатын. – Бұл – еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Осы құжатты қабылдағанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды! Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ ол Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы сөз соңында қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды. Жиында Мемлекет басшысынан бөлек, Ұлттық құрылтайдың он мүшесі сөз сөйледі. Құрылтайды Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин жүргізді. Құрылтай соңында Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, кеудесіне «Отан» орденін тақты.