Биыл жыл басталғалы Алматы қаласының кеденшілері жеке тұлғалардың 528 млн теңгені заңсыз алып өтуінің алдын алды.
Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері осы уақытқа дейін ӘҚБтК-нің 551, 545-баптары бойынша 103 әкімшілік материал толтырған. Сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар 13 факт анықтаған.
«Анықталған немесе декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражатының сомасы 528 млн теңгеден асты, осы бұзушылықтар бойынша салынған айыппұл сомасы – 3,2 млн теңге. Мәселен, қаңтарда Алматы – Абу-Даби бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында Қазақстан азаматы тексерілді, онда 57 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша болған. Сол сияқты ақпанда Алматы – Ыстамбұл әуе рейсіне кедендік бақылау жүргізу кезінде 97 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол қаражат табылды. Материалдар Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп жазды ведомство өкілдері.
Департамент мамандары мамырда Сеул – Алматы бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшу залында 12 000 АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақшасы бар азаматтың ұсталғанын мәлімдеді. Маусымның басында ұшып келу залында Дубай – Алматы әуе рейсінен түскен азаматты тексеру барысында 23 200 АҚШ доллары табылған. Ол әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды.