Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің де болмысы бөлек болуы керек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы» атты ашық форматтағы пікір алмасу алаңына жиналғандардың пікірі осы ойды қуаттады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев ашық алаңда адал ниетпен елге қызмет ететін мемлекеттік қызметкердің болмысын қалыптастыру туралы пікір білдірді.
«Мемлекеттік қызмет пайда табатын жер емес және күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлдеқайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Әр азаматтың елдің алдындағы адамшылық миссиясы – елге қызмет ету. Бұл – зор мәртебе. Санада осындай түсініктерді орнықтырған кезде ғана адал ниетті, әділ, халыққа қызмет етуді парыз деп санайтын қызметшілердің толқыны қалыптасады», – деді Д. Жазықбаев. Оның айтуынша, сан түрлі пікірді ортақ мақсатқа айналдырған сәтте ғана мемлекеттік қызметті жаңғырту мүмкін болмақ.
Дөңгелек үстелге жиналған депутаттар мен белсенді азаматтар мемлекеттік қызметшіде болуы тиіс басты құндылықтарды жіпке тізіп, кәсіби қызметтегі әдеп нормалары қайта қаралу керектігін жеткізді.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша, елдегі мемлекеттік қызметкердің білімі мен біліктілігі, ар-намысы мен жігері болса, өз позициясын қорғай біледі. Ал табандылық болған жерде өз ісіне тиянақтылық болады. Сондай-ақ сенатор мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілге шорқақтығы халықпен тығыз қарым-қатынас жасауға кедергісін келтіретінін айтады. «Экономика, салық, қаржы саласындағы түрлі өзгерістер мен өзекті мәселелерді жатық тілде халыққа ашық түсіндіріп беретін сарапшы мамандар жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің ел алдында сөйлеу мәдениетін сақтауы, өз-өзін ұстай білу мәселесіне де назар аударылғаны жөн. Ол үшін жастарға арналған шешендік өнер сабағын ұйымдастыру маңызды. Өйткені БАҚ өкілдерінің алдына шыққанда көп қызметкерлер тартынып қалады, ойларын ортаға сала алмайды. Бұл қазақтілді аудиторияға дұрыс ақпарат жетпеуіне себепші болады. Дұрыс ақпарат жетпеген жерде өсек-аяң көбейеді», – дейді Нұртөре Жүсіп.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мемлекеттік қызметкердің қоғамдағы беделін арттыру мәселесін қаузады.
«Қоғам мемлекеттік қызметшілерді буып-түйіп қойды. «Отырса опақ, тұрса сопақ» қыламыз. Кәсіби БАҚ өкілдерінде мәселе жоқ. Қазір блогер деген қауым мемлекеттік қызметкерлердің алдын кесе-көлденеңдеп, жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің заңдық тұрғыда беделін арттырып, мәртебесін көтеру керектігін көрсетеді. Мемлекеттік қызметші жиындардың өзінде еркін жүріп-тұра алмайды. Оның соңы халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Арты сын-пікірге ұласады. Тағы бір мәселе, қатардағы қызметкерден бастап басшылар «ұлық болсаң, кішік бол» дегенді санасына мықтап сіңірсе» деген пайымын айтты.
Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселесін қозғады. Сонымен бірге ол агенттіктің әдеп жөніндегі кеңестің қаулысы тек ұсыныс ретінде берілетініне қынжылыс білдірді. Сондықтан ұсыныстың заңдық тұрғыда күші болуы тиіс. Одан басқа, уәкілдердің өкілеттігі заңмен бекітіліп, арыздың нәтижесін талап ететін мүмкіндігі қарастырылу керек-ақ.
Ал депутат Аманжол Әлтайдың пайымынша, елдің көшін бастайтын мемлекеттік қызметкерлерге «ұлық болсаң, кішік болуды» үйреткен жөн.
Ал «Egemen Qazaqstan» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мемлекеттік қызметшілердің халықаралық шараларға дайындықсыз баратынын жеткізді.
Сондай-ақ жиында Еңбек сіңірген қайраткер Қанат Айтбаев мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер мемлекеттік рәміздерді қорлағанмен бірдей болу керек екенін айтады. «Хабар Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли салалық ведомстволар мен өңір басшыларының ашық сұхбаттан қашқақтайтынын тілге тиек етті.