Алматыда жас архившілерге арналған V жазғы мектеп өтті
Алматыда жас архившілерге арналған V жазғы мектеп өтті
1,193
оқылды
2017 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан Президентінің Архиві мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті бірлесе отырып,  жас архившілерге арналған жазғы мектеп ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биылғы V жазғы мектеп 15-17 маусым аралығында өтті. Аталған шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан 380-нен астам архивші қатысты. Іс-шараның мақсаты – жас архившілердің біліктілігін арттыру, жаңа технологиялар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысу, архив саласындағы халықаралық қатынастарды дамыту, өзара тәжірибе алмасу. Мектеп Жазғы мектептің ашылу салтанатында Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Ефим Пивовар, Бүкілресейлік архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Павел Кюнг, Өзбекстан Республикасы «Өзархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов, Беларусь архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Рыбаков форум қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі. Жазғы мектептің екінші күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасын тапты. Қатысушыларға университеттің музейі мен кітапханасында арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Онда университеттің құрылған уақыттан қазірге дейінгі даму тарихы мен қара шаңырақты басқарған алғашқы басшылардың еңбектері баяндалды. Танымдық таныстыру бөлімінен кейін бағдарламаға сәйкес қатысушылар цифрландыру, құжат айналымы және сақтау жөнінде дәрістер тыңдады. Дәрістерді ресейлік Михаил Ларин, Павел Кюнг, Лада Афанасьева, Николай Цыремпилов, белоруссиялық Андрей Рыбаков, өзбекстандық Анваржон Алиев, оңтүстіккореялық Мун Хён Сук, қытайлық Лю ЮэНань мен моңғолиялық Баянбилэг Амаржавтан және қазақстандық Марс Ғаббасов және Гүлнар Мұқажанова оқыды. Іс-шараның соңғы күні қатысушыларға Шымбұлақ демалыс аймағында сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жазғы мектеп келесі жылы да жалғасын табатын болады.

Дайана Тоқбергенова, ҚР Президенті Архивінің қоғаммен байланыс маманы