Қордың қарқыны көңіл көншітпейді
Қордың қарқыны көңіл көншітпейді
© коллаж: Елдар Қаба
778
оқылды
«Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан  кейін «Қазақстан халқына» атты жаңа қор дүниеге келді. Оның құрылатынын  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  еліміздің 11 өңірін бүлік жайлаған  тағдыршешті шақта, 5 қаңтарда,  еліміздегі әлеуметтік-экономикалық  жағдайға қатысты  кеңесте жария еткен  еді. Содан бері 5 айдан артық уақыт  өтті. Қор не тындырды? Елдің сенімінен, ел басшылығы қойған міндет үдесінен  шыға алды ма? Сарапшылар мен халық тарапынан неге қорға қатысты  сын көбейіп кетті? Осы және басқа маңызды, көкейкесті сауалдарға жауап  іздеп көрдік. Қаптаған қор, қайтарымы қандай? Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық тарихында билік қаптаған қор құрды. Оның тек он шақтысы ғана бүгінде жұмыс істеп тұр. Мы­салы, төрткүл дүниеге тарыдай ша­шыраған қандастардың атажұртқа оралуына көмектесу, шетелдегі қа­зақтарды қолдау үшін Үкіметтің 2017 жылғы 13 қазандағы қаулы­сы­мен «Отандастар қоры» құрылды. Кәсіпкерлікті өркендету үшін «Даму» қоры, меммүлікті тиімді бас­қару, өнеркәсіпті дамыту, инвес­тиция тарту үшін «Самұрық» және «Қазына» (қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры), «Болашақ» болашақ ұрпақтар қоры», халық ден­саулығын жақсарту үшін Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры, жәрдемақы төлеу, халықты әлеуметтік қорғау мен қамсыз­дан­дыру саласын ретке келтіру үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және басқасы. Әрине, мемле­кет тізгінін ұстаған қорлардың ішін­дегі ең алпауыты – мұнайды, мемактивтерді және жерді сатудан түсетін барлық қаражат құйылатын Ұлттық қор. Бұлардың бәрі қайта­ры­мының аздығы, жұмысының тиім­сіздігі үшін сарапшылар тара­пынан да, қоғам тарапынан да талай рет сыналды. Осы орайда биылғы қаңтарда Қа­зақстанда жаңа, әрі алып «ха­лықтық» қор құрылатыны туралы хабар тіпті шетелдік ақпарат құрал­дарында да жарияланып, жаһандық ақпарат айдынын шарлап кетті. Дегенмен осылай жер жүзіне жар сала ашылған, Қазақстанның бүкіл байлығының жартысына ие 162 олигарх пен алпауыт компаниялар қаржы құйған қордың бітіргені әзірге сонша қомақты болмай тұр. Халық оның нендей ірі іс тындыр­ғанын біле қоймайды. Қордың бас­шылары көмек сұраған көпбалалы аналармен, борышкерлермен, тіпті мүгедек жандармен жанжалдас­қа­нымен ғана ел аузына ілікті. Жә­мі­шев мырзаның «Кредитті қалай ал­дыңдар, солай «сөндіріңдер»! Сен­­дер­ге айтар басқа жауабым жоқ» сияқ­­ты «қанатты сөздері» елге тарады. «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев таяуда Ақордада Мемлекет басшысының қабылдауында болып, бітірген істе­ріне есеп берді. Әзірге ауыз тол­тырып айтуға келмейтін көрінеді. Б.Жәмішевтің айтуынша, қор 10 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 8-і – медкөмек көрсетуге, 1-еуі – ауыл балалары үшін спорт ин­фрақұрылымын жақсартуға ба­ғыт­талған. Тағы 1-еуі ауылдан шық­қан талапкерлер мен аз қамтылған отбасылардың балаларын грантпен оқытуды қарастырады. Әйткенмен, Президент қабыл­дауынан кейін қордың ісіне серпін беріледі деген үміт бар. Қ.Тоқаев қордың мақсатты бағыттарын анық­тауға қоғам мен қоғамдық инс­титуттарды белсенді тарту қажет екенін ескертті. Мұның әлі күнге жасалмағаны жасырын емес. Б.Жәмішевтің мойындауынша, қор толықтырылған тұжырым­да­масын енді ғана әзірлепті. Сондай-ақ қайырымдылық бағытындағы бағдарламалар мен жобалар әзірлеу­ді де қазір қолға алуда. Бұл жұмысқа коммерциялық емес сектордың өкілдері, мәслихат депутаттары, қор меценаттары мен сарапшылар тартылыпты. Бірақ сарапшылар сынап жүргендей, қор жұмылдырған «қоғам өкілдерінің» арасында бәрібір бұқарадан гөрі билікке жақын адамдар көп. Қор жұмысының алдын ала қо­ры­тындысы мен есебі тек қыр­кү­й­екте өтетін Ұлттық қайырымдылық конференциясында қоғам назарына ұсынылады. Бәлкім, Ата Заңымызда «халық байлығы» деп жазылған жердің асты-үстіндегі ресурстардан байыған олигархтардың миллиард­тарынан халыққа елеулі пайда келгені сонда белгілі болар?! Қордан 155 адам ғана көмек көрді «Қазақстан халқына» қоры көр­сеткен қайырымдылық көмектің алдын ала есебін 13 маусымдағы өз талдауында Мәдениет және спорт министрлігі жария етті. Онда сәуір соңындағы мәліметтер ескерілген. 11 қаңтарда, Мәжіліс отыры­сында ел Президенті «Қазақстан халқына» қорының денсаулық сақ­тау, білім беру, халықты әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты, қор­даланған проблемаларды шешетінін жеткізді. Қазақстандықтардың қор­даланған қарыздарымен қорға жүгінуінің бір себебі де осы еді. Мем­лекет басшысы қордың тек бас­тапқы міндеттерін белгіледі: бұл – сирек дерттері бар балаларға кө­мектесу, балаларға арнап, ауыл-ай­мақ­та спорт нысандарын салу, ауыл­дағы дарынды балалардың та­лантын ұштауға жәрдемдесу, сон­дай-ақ Алматыға алапат қайғыдан арылып, еңсе тіктеуге үлес қосу, қаза тапқан полицейлердің, әскери қызметкерлердің, бейбіт тұрғын­дардың отбасыларын қолдау. Бұдан не шықты? «Қазақстан халқына» қоры қаң­тар оқиғаларында және антитер­рористік операцияларда қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің – жалпы саны 19 адамның отбасына 133 миллион теңге аударды. Әр отбасыға 7 мил­лион теңгеден берілді. Қанша тө­лен­се де, ол опат болған азаматтың орнын толтыра алмасы белгілі. Айта кетсек, Ресейде «арнайы әскери операцияда» жантәсілім еткен әс­керилердің, Ұлттық гвардия қыз­мет­керлерінің отбасыларына 5 млн рубль (35 млн теңгедей), АҚШ-та әскери борышын өтеу кезінде мерт болған әскерилерге 250 мың доллар (110 миллион теңгедей) төленеді. Қор «Қаралы қаңтар» кезінде ауыр жарақат алған әскери қызмет­шілерге, ІІМ және ҰҚК қызмет­ке­ріне 106 адамға 318 млн теңге төледі. Әрқайсысына 3 млн теңгеден тиді. Қаңтар оқиғаларының кездей­соқ құрбаны болып, қаза тапқан 18 Қазақстан азаматының отбасына 126 млн теңге бағытталыпты. Яғни, құрбандардың басым көпшілігі әзірге көмекке ілікпеді. Себебі, 2022 жылғы 14 наурызда Бас прокурор Берік Асылов «қаңтар трагедия­сында» ел бойынша 230 адам, оның ішінде 19 әскери және қауіпсіздік қызметкері шейіт болғанын хабар­лады. Құзырлы органдар оққа ұш­қан адамдардың лаңкестерге қаты­сы бар-жоғын тексеріп жатыр. Жараланған 5 баланың отбасына 15 миллион (әрқайсысына 3 мил­лионнан) теңге көмек берілді. Ауыр дертке шалдыққан 2 балаға шетелде операция жасауға жалпы сомасы 52 млн 742 мың теңге жұмсалған. Қостанай облысында өрт кезінде үш баласынан айырылған отбасына 10 млн теңге бөлген. Өмірге қауіп төндіретін сирек, орфандық ауыр аурулары бар 4 балаға 4 миллиард теңгеге жәрдемдесті. Әңгіме «жұлын бұлшықетінің атрофиясы» үрейлі диагнозы қойылған сәбилерге Қа­зақстанда тіркелмеген, әрқайсысы 1 миллиард теңгеден тұратын «Она­семноген абепарвовек» (Zolgensma) препаратын сатып алу жөнінде болып отыр. Нәтижесінде, жалпы алғанда қаңтар-сәуірде 155 адам үшін 4 млрд 654,7 млн теңге жұмсалды. Халықтық қор неге халыққа жомарт емес? Қордың өз есебі бойынша 2022 жылғы 1 маусымда қорда 131 млрд 545,5 млн теңге жинақталған. Оны қор банктердегі депозиттерге салып қойған. Соның арқасында 3 млрд 525,6 млн сыйақы алыпты. Қор 1 маусымдағы жағдай бо­йынша 5 млрд 190,6 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткенін жариялады (4 емес, 5 балаға Zolgensma препаратын сатып алған). Бірақ неге екені белгісіз, қор «қа­йырымдылық көмек» құрамына әкімшілік шығыстарын да қосып қойған: құрылғалы бері қордың әкімшілік шығындары демеушілерге 51 миллион теңгеге түсті. Оның 38 миллион теңгесі – жалақы. Бұл рет­те «Қазақстан халқына» штатында 25 адам бар. Мұның сыртында тағы 5 адамды азаматтық-құқықтық си­паттағы келісімшартпен алды. Сон­дай-ақ өзіне көмектесетін қоғамдық ұйымдардың және басқа фирма­лар­дың қызмет ақысына шығындалған. Яғни, 131,5 миллиард теңгенің 5 миллиардын ғана қайырымдылық кө­мекке жұмсады. Бұл – осы мил­лиард­тарды депозитте ұстаудан алын­­ған сыйақыдан шамалы ғана аса­ды. Осыдан «Қазақстан халқына» қоры Қазақстан халқына сараңдық таны­тып отырған жоқ па?» деген сауал туады. Орасан зор қаражатты банкте сақтап қана отыру содан игілік күткен халыққа обал болса керек. Айтпақшы, алда қор байлықтың жаңа көзіне қол жеткізеді. Мәдениет және спорт министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі. Оған сәйкес, «Сәтті жұлдыз» АҚ-ның сатылған лотерея билеттерінен, түбіртек­тер­ден түскен түсімі мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде 10%-ын «Қазақстан халқына» қо­ғамдық қорына тоқсан сайын жі­беру міндеті заңнамалық түрде бекітіледі. Ведомство мәліметінше, лотерея операторы 2020 жылы 37 млрд 232,7 млн теңге табыс тауыпты. Одан 22,4 млрд теңге жүлде қорын және салықты алып тастағанда, қал­ған соманың он пайызы 1,4 мил­лиард теңгені құрайды. Жалпы, қордың тікелей міндет-миссиясының нысанасына жататын көптеген зәру жан әлі күнге көмек ала алмай отыр. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларында оқтан жазым болған 190-дай азаматтың отбасына көмек көрсетілмеді. Бұдан бөлек, Денсау­лық сақтау министрлігінің дерегін­ше, соңғы 5 жылда орфандық ауру­лары бар пациенттер саны 49%-ға, соның ішінде балалардың саны – 11%-ға өсті. Сөйтіп, 2021 жылдың соңында жалпы саны 13 426 балаға жетті. Бұл отбасылар балаларын емдетуге тіпті зейнетақы жинақ­та­рын да пайдалана алмайды: Үкімет биыл жеткіліктілік шегін екі еседей көтергелі қазақстандықтардың басым көпшілігінде басы артық жинақ қалмады. «Орфандық ауруларды емдеудің ерекшелігі сол, дәрі-дәрмектердің құны өте қымбат, сонымен қатар бір­қатар дәрі-дәрмектер тіркел­ме­ген, тапшы. Орфандық ауруларды емдеудің заманауи әдістері оларды нәресте кезінен қолданғанда жоға­ры тиімділікті көрсетеді. Емдеуді уақытылы бастау балаларды барын­ша жоғары оңалтуға мүмкіндік бе­реді. Оларға арналған дәрі-дәр­мек­тердің қымбаттығына байланысты мемлекеттік денсаулық сақтау жү­йесі оларды сатып алуды толық қар­жыландыра алмайды. Сондық­тан бүкіл әлемде осындай препа­раттарды сатып алуды қайырым­дылық ұйымдары қаржылан­ды­ру­да», – деп түсініктеме берді Ден­саулық сақтау министрлігі. «Қазақстан халқына» қорының даму бағдарламасының бағыттары анықталды, оларды қор бірінші ке­зекте қаржыландыруы тиіс. Бұған спорттық, білім беру инфрақұры­лы­мын қолжетімді ету; мүгедек, ауру, әлеуметтік бейімделу пробле­малары бар баланы асырап алған отбасыларға көмектесу; жетімдерді қолдау; мүгедек адамдарды протез­дермен, жабдықтармен қамту; да­рынды балалардың дамуына ықпал ету; қолжетімді медицина; табиғи-техногендік ТЖ, апат салдарын жоюға жәрдемдесу және басқасы жатады. Қорыта айтқанда, қор алдында тұрған міндеттердің түрен түспеген өрісі кең, тіпті көкжиегіне көз жет­пейді. Олай болса, шабан қимылы­мен халықтың кіжінісін, ашынысын туғызып, әлеуметтік кернеуді кү­шейт­пеуі үшін қордағылардың қар­қынды, тегеурінді іске көшкені маңызды.