Адамзат өркениетке қол жеткізгенімен, әлі күнге дейін адам саудасы қызып тұр. Адамды мәжбүрлеп ұстау, аяусыз еңбегін пайдалану, шекара асырып, алдап соғу кейбіреулер үшін бизнеске айналған. Ал адам саудасымен айналысатындар бұл әрекеті үшін ауыр жазаға тартылатынын біле тұра осындай қадамға барады. Бүгінде бұл мәселе әлемдік деңгейге көтерілді. Қазақстанда да адам саудасына қатысты жыл сайын қылмыстық істер анықталады. Осы орайда Үкімет Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл ретте жұмыстар қалай атқарылып жатыр? Құрбан болатындар кімдер? Осы сұрақтарға Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов жауап берді.– Адам саудасымен айналысқандарды қандай жаза күтіп тұр? Бұл туралы ҚР-ның заңы не дейді?
– Адам саудасы аса ауыр қылмыстарға жатады және 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қазақстанның Қылмыстық кодексі адам саудасына байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтардың 8 құрамын белгілейді. Мемлекет басшысы адам саудасына қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырған. Нәтижесінде, 2019 жылғы 30 желтоқсанда Парламент Мәжілісі осы бағыттардағы заңнамаларға маңызды түзетулерді қабылдаған.
– Қазақстанда адам саудасына әсер ететін қандай факторлар бар?
– Елімізде құлдықтың қазіргі заманғы белгілерінің болуы түсінікті. Оның объективті себептері бар. Негізінен бұл жағдайға ТМД елдері арасындағы шекаралардың ашықтығы әсер етеді. Қазақстанның жеткізуші ретінде рөлі ауқымды емес. Бірақ тұтынушы және транзиттік дәліз ретінде көп жағдайда ұйымдасқан қылмыстық жағдайлар анықталып жатады.
– Еліміз заманауи құлдықпен күресу мақсатында арнайы жоспар бекіткен. Осы қабылданған шаралардың нәтижесін атап өтсеңіз?
– Әлемдік қоғамдастықпен бірлесе отырып, Қазақстан қазіргі әлемдегі құл саудасының жаңа әдіс-тәсілдеріне қарсы тұру үшін қажетті барлық шараларды қабылдады. Соның нәтижесінде, елімізде соңғы бес жылда мұндай қылмыстардың статистикасы 43%-ға төмендеген. Алайда бұл қатып қалған көрсеткіш емес. Бұл тіркелгені ғана. Себебі ресми ақпарат шынымен де адам саудасына қанша адамның душар болғанын көрсетпейді. Өйткені адам саудасы өте жасырын. Бұлай болуына құлдыққа тап болғандардың басындағы жағдайды айтқысы келмеуі себеп. Құрбандар, әсіресе жыныстық қанаушылықта, психологиялық және физикалық қысымда болғандар ұзақ талқылауларға қатысқысы келмейді және басынан өткенді жария етуден қорқады.
– Адам саудасымен күресуде прокуратура органдарының рөлі қандай?
– Бұл жағдайды шешуде прокуратураның үйлестіруші және қадағалаушы орган ретіндегі рөлі зор. Қазір Бас прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп, 2000 жылғы 15 қарашадағы БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу және жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттаманы ескере отырып, заңнамаға түзетулер мен толықтырулар енгізу жоспары пысықталу үстінде. Қазақстан Жоғарғы сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы №7 «Адам саудасы үшін жауапкершілікті белгілейтін заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысына өзгерістер енгізілмек.
Осы мақсатта Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлері арасынан топ құрылды. Олар прокуратура органдары қызметінің осы саладағы негізгі бағыттарын іске асыруды көздейді. Жұмыс тобы адам саудасының құрбандарын сәйкестендіру жөніндегі нұсқаулықты, авиация саласындағы адам саудасына қарсы күресте бірыңғай іс-қимылды жетілдіру, сотқа дейінгі және сот практикасын зерделеу, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық мәселелерін әзірлейді. Мысалы, адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық құқықтық актілерді қолдану туралы әдістемелік ұсынымдар дайындалды.
Биыл қаңтарда Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Мәжбүрлі қайыршылық: Орталық Азия елдерінде адам саудасының бір түрі ретінде» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізді. Нәтижесінде, мемлекеттік органдарға қайыршылыққа мәжбүрлеп тартуды жою мәселелеріне қатысты ұсыныстар берілді.
– Адам саудасымен күресте цифрлық технологияның көмегі қаншалықты тиімді?
– Бас прокуратураның бастамасымен «Кибер қадағалау» ақпараттық жүйесі әзірленді. Оны барлық мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдар пайдаланады. 2020 жылғы 1 шілдеден бастап интернет желісінде адам саудасының белгілері байқалған сайттарды бұғаттау мүмкіндігі бар. Бұрын заңсыз сайттарды бұғаттау процесіне 2,5 айға жуық уақыт кететін. Қазір бұл жұмысты бір-ақ күнде бітіруге болады. Бұл жүйе күмәнді сайттарды, әсіресе адам саудасына байланысты интернет ресурстарын дер кезінде анықтауға және оны бұғаттауға мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы 6 сайт бұғатталған.
2015 жылдан бері биылға дейін 601 азаматтың адам саудасының құрбаны болғаны анықталды.
2015 жылдан бастап Катар, Индонезия, Бахрейн, БАӘ, Түркия және Оңтүстік Кореяға адамдарды алдап жіберудің 8 арнасы жойылды.
2018 жылы Қазақстанның 7 азаматшасын Оңтүстік Кореяға сексуалдық құлдыққа әкетуді ұйымдастырған қылмыстық топтың 3 қатысушысы ұсталды. Олардың біреуі – Оңтүстік Корея, ал екеуі – Қазақстан азаматы. Былтыр Бахрейнде Қазақстан азаматтарын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген трансұлттық арнаның жолы кесілді. Нәтижесінде, трансұлттық қылмыстық топтың 25 қатысушысы ұсталды. Адам саудасына қарсы операция сәтті өтіп, Бахрейндегі жыныстық құлдықтан 38 әйел босатылды.
Қазақстаннан адам саудасы құрбандарын «экспорттау» мәселесі әрқашан өзекті. Былтыр 26 193 тұлға шетелге тұрақты тұруға рұқсат алған, 2 617 738 азамат түрлі негіздер бойынша (емделу, жұмыс, оқу, қажылық және т.б.) кеткен. Ал адамдардың барлығы бірдей шетелде адам саудасының қаншалықты қауіпті екенін ескермейді. Олар қылмыскерлердің жымысқы әрекетін іске асыру үшін қандай айла-шарғыларды қолданатынын білмейді.
– Әдетте, адам саудасының құрбаны болатын кімдер?
– Көбінесе, туристік, модельдік, неке агенттіктері, жұмыспен қамту агенттіктері, бишілер мен ойын-сауық салаларында жұмыс істейтіндер немесе осы бағыттарда шетелде жұмыс істеуді армандайтын азаматтар адам саудасының құрбаны болады. Ал адам саудасымен айналысатындар әлгі қызметкерлерге атағы жер жарып тұрған компаниялардың шетелдік агенттіктермен және фирмалармен тығыз байланысты жұмыс ұсынады. Сөйтіп, көп жағдайда тәжірибесіз клиенттер мен шетелде қомақты еңбекақыға жұмыс істегісі келетін адамдардың сенімін әдейі теріс пайдаланады. Жоғары жалақы, жақсы жұмыс туралы айтып қызықтырады, сол арқылы алдап-арбайды. Жоқ жұмыс орындары туралы жалған ақпаратандырып, адамдардың сеніміне кіреді.
– Заманауи құлдықтың алдын алу үшін Бас прокуратура қандай бастама көтерді?
– Бұл бағытта алдын алу шаралары маңызды екенін ескеру керек. Нақты және мақсатты ақпаратты тарату арқылы қауымдастықтар сырттан келетін қауіпке қарсы тұруға дайын болады. Осы мәселелер 2021 жылғы 24 желтоқсанда Бас прокуратураның Үйлестіру кеңесінде талқыланды. Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша бүгінде Ішкі және Сыртқы істер министрліктері қазақстандық азаматтардың, ең алдымен адам саудасы үшін ықтимал қауіпті елдердегі әйелдер мен балалардың әл-ауқатын тексеру алгоритмін әзірлеуге кірісті. Сондай-ақ жұмысқа орналастыру және шетелде оқыту жөніндегі агенттіктер, модельдік және неке агенттіктері арасында кәсіптік жұмысты күшейту мәселелері қарастырылып жатыр.
Бүгінде пилоттық жоба аясында Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан өңірлерінде прокурорлар жұмыс топтарына жұмылдырылған. Осы топтардың жұмысында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы еңбек инспекторларының рөлін арттыру бойынша шаралар қабылданады.
– Сапарбек Айтуұлы, бұл тұрғыдан суррогатты ана мәселесін естен шығаруға болмайды. Жалпы, тек ересектер ғана емес, жаңа туған сәбилер де адам саудасының құрбаны болады. Бұл тұрғыдан не айтасыз?
– Дұрыс айтасыз. Көпшілік, адам саудасы дегенде, ересек адамдардың құлдыққа жегілуі, сексуалдық құлдық туралы бірінші ойлайды. Алайда заңсыз түрде біреуге туған баласын сататындар бар. Қазір суррогатты аналарға байланысты коммерциялық репродуктивті қанауға ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы прокуратура органдары балаларды саудалауға қатысты мәселелерді мұқият зерттеді. Заңсыз бала асырап алу жағдайлары анықталды. Оның ішінде, шетел азаматтары да бар. Заңсыз асырап алуға «Неке және отбасы» кодексінің 192 және 192-1-баптарында көзделген баланың тууы туралы акт жазбасына өзгерістер енгізу мүмкіндігі де (әке болуды анықтау туралы ата-аналардың бірлескен өтініші бойынша) ықпал етеді.
2015 жылдан бастап республика соттарында осы санаттағы 784 азаматтық іс қаралып, олардың кейбіреулері бойынша ғана әкелігі расталған.
Нәтижесінде, прокуратура органдары тарапынан – 59, оның ішінде ел Үкіметіне қадағалау актісі енгізілді, 75 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды, «кәмелетке толмағандар саудасына» қатысты 18 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
– Адам саудасы құрбандарының құқығы қалай қорғалады?
– Жалпы, қылмыстық практикада қолданылатын тергеуді ашу және жүргізу әдістемесі қылмыстардың осы санатына сәйкес келмейді. Қылмыс құрбандарының психологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет. Әдетте, оларда жеке тұлға мен психикалық қабылдаудың сипаты сәл өзгеше. Оларға ерекше көзқарас қажет. Айғақ беруге келіскен адам саудасының құрбандарына арнайы қорғау шаралары қамтамасыз етілуі тиіс. Қылмыстық процесс шеңберінде адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуде прокурорлар негізгі рөл атқарады.
Прокурорларға адам саудасына қарсы іс-қимылдың барлық, яғни құрбандарды анықтау, тергеу, қорғау, оңалту салаларындағы уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру міндеті жүктелген. Қажет болған жағдайда нақты тексеру іс-шараларын жүргізу, адам саудасының алдын алу бойынша уәкілетті органдар қызметінің тиімділігін бағалау, оның ішінде бағдарламалық құжаттардың орындалуын зерделеуде прокурорлардың рөлі зор.
Прокурорлардың күш-жігері құзыретті мемлекеттік органдардың одан әрі жұмысын жетілдіруге қосымша серпін береді.
– Адам саудасымен күресу жөніндегі заңнама жаңара ма?
– АҚШ мемлекеттік департаментінің 2020 жылғы адам саудасы мәселесін бағалауы бойынша Қазақстан «бақылаудағы елдер» қатарынан шығарылып, екінші санатқа көшірілді. Бұл – Қазақстанда адам құқықтарын қамтамасыз ету жағдайы жақсарды деген сөз.
Осы көрсеткішті одан әрі арттыру мақсатында Қазақстанға заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жалғастыру ұсынылды. Бас прокуратураның бастамасымен «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жеке заңды әзірлеу және қабылдау процесі қайта басталды. Мұндай заңды қабылдаудың адам саудасымен күресуде тиімділігі жоғары.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!