Баспаналы болуға барлық жас лайықты
Баспаналы болуға барлық жас лайықты
518
оқылды
Қарағандылық жас отба­сылар «Қарағанды жастары» атты ипотекалық бағдар­ла­маның іске қосылуын асыға күтті. Алайда бағдарламаға қатысу шарттары жария етіл­генде жастардың кейбір са­натының қуанышы су сеп­кен­дей басылды. Түпкі мақсаты баспана мәселесін шешу ар­қылы жас мамандардың өңір­де тұрақтап қалуын қам­тамасыз етуі тиіс бағдар­ла­маның бағдары көпшілік күт­кендей болмай тұр. Рас, «Қарағанды жастары» бағ­дарламасы қарағандылықтар үшін айтулы жаңалық болды. Биыл бағдарлама аясында 75 жас маманды баспанамен қамту жос­парланған. Өкініштісі, бұл бағдарламаға техникалық мамандық иелері қа­тыса алмайды. Сол секілді әлеу­мет­тік қорғау саласының маман­дарының да жеңілдетілген өңірлік бағдарламаға қатысу мүмкіндігі шектелген. Облыс әкімдігінің Жастар сая­саты мәселелері жөніндегі бас­қар­масының басшысы Біржан Әлімжанов та бұл мамандыққа байланысты шектеу қоюға қарсы шыққандардың пікірі орынды екенін алға тартады.
– Қарағанды – жастардың қаласы. Елорда жақын болғаннан кейін мамандардың көбі сол жақ­қа жұмыс бабымен ауысып жа­та­ды. Ол жақта баспана алудың жо­лы көп. Түрлі бағдарламаға қа­­растырылған қаражаттың да со­масы қомақты. «Қарағанды жас­та­ры» бағдарламасын қолға алу­дағы міндет – Қарағандыдағы жас мамандардың тұрақтап қа­луын қамтамасыз ету. Бұл мүмкін­дікті денсаулық, білім беру, мә­дениет, спорт, БАҚ, жекеменшік ұйым қызметкерлері қатыса ала­ды. Өкі­нішке қарай, аталған са­лада еңбек ететін техникалық және әкімшілік персоналдар қатыса алмайды, – дейді Біржан Нұржанұлы.
Бағдарлама шартына сай әлеу­меттік қорғау саласында тек қарт­тар үйі мен мүмкіндігі шек­теулі жандарға қызмет көрсететін ма­мандарға ғана баспаналы болу тетігі қарастырылған. Бағдарлама қатысушылары әуелі мемлекеттік орган қыз­меткерлері мен депутаттардан, ха­лық өкілдерінен құралған ко­мис­сияның іріктеуінен өтуі ке­рек. Ко­миссия өтініштерді бал­дық жүйе арқылы бағалайды. Мұнда басым­дық саладағы еңбек өтіліне, әлеу­меттік мәртебесіне, отбасындағы бала санына қа­райды. Сондай-ақ өтінім беру­ші­лердің жасы да ше­шуге мәнге ие. Жауаптылар әр са­ла өкілдеріне кемінде 5 баспа­надан берілетінін алға тартады. Негізінде, Қарағандыда шах­терлар мен металлургтерге арнал­ған бөлек бағдарлама да бар. Онда қатысатын үміткерлер жалпы со­масы 15 миллион теңге болатын ипотекалық несиені ресімдей ала­ды. Ал «Қарағанды жастары» бағ­дарламасында несие сомасы 20 мил­лион теңгеге дейін ұлғай­тыл­ған. Сонымен қатар жастар жаңа салынған үйден немесе қолда­ныс­тағы үйден баспаналы болу мүмкіндігі қарастырылған. Бас­тысы, Отбасы банкіндегі ар­на­йы есепшотта тұрғын үй бағасы­ның 10 пайыздық бастапқы жар­насы болуы керек. Жылдық па­йыз­дық мөлшерлеме 5 пайызға дейін. Ипотека 19 жыл мерзімге беріледі. Әрі баспананың міндетті түрде «Қазақстандық тұрғын үй ком­паниясы» АҚ кепілдігі болуы керек. Жоғарыда атап өткені­міз­дей, жаңа салынып жатқан үйден де алуға болады. Қолданыстағы тұрғын үй панельді болса, 50 жыл­дан, ал кірпіштен салынса, 60 жыл­дан аспауы қажет.
– Бізге ипотека алуға үміткер жас мамандардың тізімі келгеннен кейін олардың төлем қабілетті­лігін тексереміз. Яғни, ай сайынғы қарыз сомасын білген соң оны төлеуге мүмкіндігі бар-жоғы қа­растырылады. Және несие та­ри­хын мұқият қараймыз. Несие ал­­ған болса, оны өсімпұлсыз тө­ле­­гені, уақытылы қайтарғаны әсер етеді. Егер айлық табысы жет­­­песе, 1 немесе 2 кепіл таба ала­­ды. Яғни, жақын туыстарына, дос­тарына өтініш жасауына бо­лады. Ол кісілердің де несие та­рихы, басқа да құжаттары тексе­ріледі, – дейді «Отбасы банк» АҚ Қарағанды филиалының директо­ры Бауыржан Жуаспай.
Айта кету керек, Қарағанды – жастарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған елі­міздегі үшінші өңір. Бұған дейін «Елорда жастары», «Алматы жас­тары» атты елдің екі ірі мега­по­ли­сінде жастардың баспаналы болуы­на мүмкіндік берілген. Қа­рағанды да үлкен орталықтардың бірі. Мұн­да да тұрғын үй құры­лы­сы да қар­қын­ды жүріп жатыр. Жаңа жо­ба­ның жүзеге асуына облыс әкім­­дігі 1 миллиард теңге, ал От­ба­сы бан­кі 500 млн теңге бөліп отыр. Әзірге бағдарламаға қараған­дылық жастар ғана қатыса алады. Мамандар бәрі ойдағыдай болса, бұл бағдарлама келер жылдан бастап өңірдегі барлық қалада іске қосылатынын айтады.

Қарағанды облысы