Каспийлік көршілер ынтымақтастық айдынында
Каспийлік көршілер ынтымақтастық айдынында
555
оқылды
Қазақстан мен Иран Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалануға ниетті. Құрлықтағы көлік дәліздері де дамудың жаңа белесіне көтеріледі. Бұл ретте сарапшылар екі ел арасында алыс-беріс пен барыс-келіс үшін бұрын-соңды болмаған мүм­кіндіктер пайда болғанын айтады. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегеранға тұңғыш ресми сапарының қорытындысы ауыз толтырып айтарлық. Иран Ислам Республикасы Қазақ­стан көшбасшысын сән-салтанатпен қарсы алды. «Саадабад» кешенінде Мем­лекет басшысын ресми қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бас­ты­ғы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қа­зақстан мен Иранның әнұрандары шыр­қалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси «Джумху­рия» сарайына келіп, бір-біріне ресми де­легациялардың құрамын таныс­тыр­ды. Салтанатты рәсімнен кейін қос ли­дер шағын құрамда кездесті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде Иранға алғаш рет келіп отыр. Ол осы са­парына «айрықша маңыз» беретінін айта келе, қазақтың «көрші ақысы – тәңір хақысы» деген сөзін қаперге сал­ды.
– Бүгінгі келіссөздеріміз екі елдің ын­тымақтастығын дамытуға тың сер­пін береді деп сенемін. Біз – көршімен әр­қашан тату болған елміз. Иран – Кас­пий жағасындағы жақын көршіміз, се­німді серіктесіміз, – деді Қазақстан Пре­зиденті. Оның бағалауынша, екі ел ара­сында жан-жақты байланыс қар­қын­ды дамып келе жатыр. Түрлі ке­дер­гіге қарамастан, сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға артып ке­леді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-сат­тық 50%-ға өсті. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша ұлғай­ту. Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық эко­номикалық комиссия белсенді жұ­мыс атқаруда. Алда Бірлескен сауда па­латасы құрылады.
Қ.Тоқаев осы сапары аясында иран­дықтар үшін маңызды шешімін жа­рия­лауға ұйғарыпты. Санкция ас­тындағы бұл елдің азаматтары бұдан бы­лай Қазақ елі арқылы бүкіл әлемге сая­хаттай алады.
– Біз Иран азаматтарының Қазақ­стан­­да 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқ­­сат береміз! Бұл түрлі саладағы ын­ты­­мақтастықты нығайтуға септігін ти­­­гізеді. Сондай-ақ іскер топ өкіл­дері­нің бай­ла­нысын жандандырады. Ба­рыс-келіске түрт­кі болып, туристердің кө­беюіне ық­пал етеді. Иран кә­сіп­кер­лері осы жеңіл­дікті кеңінен қолданаты­ны­на сенімді-мін, – деді ол.
Оңаша жүздесу екі елдің ресми деле­гация­сы қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөзге ұласты. Тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтас­тықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік және логистика саласының, соның ішінде «Қазақстан–Түрікменстан–Иран» темір­жолының мол әлеуеті барын тілге тиек етті. Ол Каспийдегі теңіз айлақтарының тран­зиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керегін атап өтті. Ақтау және Құрық, Амирабад және Анзали айлақ­тарының әлеуеті зор. Ауыл шаруашылығы – екі ел арасын­дағы экономикалық ықпалдастықтың негізгі бағыттарының бірі. Қ.Тоқаев Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыттары бойынша Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Осы орайда ол Қазақстанның Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номен­клатурасын кеңейтуге дайын екенін мәлім­деді. Сонымен қатар елдер жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Қазақ-иран қатынастарын нығайтуда мәдениет саласындағы ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Ал Ирандағы қазақ диаспорасы екі ел арасын байланыстырушы алтын көпір болады. Қ.Тоқаев тарихты зерттеу және тарихи деректер алмасу бағытындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына тоқталды. Каспий Өз кезегінде Ибрахим Раиси Қазақстан Президентінің бұл ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бо­йын­ша қазақ-иран қатынастарын дамы­туда жаңа бетбұрыс болатынын жеткізді.
– Сіздің сапарыңыз сауда-экономика­лық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-транзит, энергетика, ауыл шаруа­шылығы және туризм салаларын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді И.Раиси.
Кездесу соңында Қ.Тоқаев Иран Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал ресми делегациялардың мүшелері 9 құжатқа қолтаңбаларын қалдырып, бекітті. Мысалы, қос елдің мәдениет ведомство­лары «2022-2025 жылдарға арналған мә­дени алмасу бағдарламасын» қабыл алды. Екі ел арасындағы екіжақты сауданы арт­тыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қо­йыл­ды. ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен ИИР Ауыл шаруашылығы джихады министрлігі ауыл шаруашылығы сала­сында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитінде ынтымақтасуға уағдаласты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Иранның Ұлттық мұнай компаниясы бірлесе жұмыс істеуге келісті. Тағы бір құжатқа сәйкес, екі елдің телеарналары телебағдарлама, телесериал және басқа да өнімдерін алмасатын болады. ҚТЖ мен Иранның теміржолдары ынтымақтасуға ықтиярын құжат жүзінде бекітті. Екі ел президенттері келіссөздер толық аяқталғаннан кейін журналистер алдына шықты. Қ.Тоқаев Қазақ елі мен Иран елінің ықпалдастығы тарихтан тамыр тартатынына назар аудартты.
– Иран – ежелгі өркениет ошағы. Сондай-ақ Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды серіктесінің бірі. Әйгілі Фирдоуси «Шахнамасында» Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы тағдырлас елдер екенін жазып қалдырған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Сағдидің, Жәми мен Румидің шығармаларын жақсы білген. Шығыс мәдениетіне терең бойлаған. Мұның бәрі байланысымыздың ғасырлар бойы жал­ғасып келе жатқанын көрсетеді. Біз осы ынтымақтастықты одан ары дамыта түсуі­міз керек. Біз – Каспий жағасындағы тату көршілерміз. Тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас. Ашаршылық жылдарында талай қанда­сымыз Иран жерін паналаған. Оларды құшақ жая қарсы алған иран жұртына алғысымыз шексіз. Оны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қазір қарым-қатынасымыз стратегия­лық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Қ.Тоқаев Ибрахим Раисидің өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып отырғанына екпін түсірді. Ол елдеріміздің көлік-транзит әлеуетін толық пайдалануға екі жақ та мүдделі екенін нықтай келе, Оңтүстік пен Солтүс­тікті, Шығыс пен Батысты жалғайтын тасымал дәлізі маңызды рөл атқаратынын айтты. Сапар аясында екі мемлекет басшысы Қазақстаннан шығып, Иран жері арқылы Түркияға жететін тұңғыш контейнерлік пойызды шығарып салу салтанатына онлайн-режимде қатысты. 48 контейнерден құралған жүк пойызы Павлодардан бастау алып, Түрікменстан жері арқылы Тегеранға жеткен еді. 12 күндік маршруттың жалпы ұзындығы 6 336 шақырымды құрайды. Осы арқылы санкция аясында әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтетін жаңа халықаралық дәліздің негізі қаланды. Президенттің пікірінше, талқыланған барлық мәселе бойынша өзара түсіністік бар. Ол «біздің көзқарасымыздың бір, мүддеміздің ортақ» екенін мәлімдеді. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясын­дағы ықпалдастықты нығайтуға уағдалас­ты. Қазақстан мен Иран өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді.