Заң «патшасы» – прокурор
Заң «патшасы» – прокурор
850
оқылды
Прокурорлардың мәртебесі биіктеп, айбыны ас­қақтайды. Конституциялық реформаға сәйкес,   нығая түсті. Қазірдің өзінде прокурорлар ІІМ тергеушілерінің шешімдерін қа­рап бекітеді. Прокурор мақұлдамаған тергеу ше­шім­дерінің заңды күші болмайды. Болашақта судья­лардан да біраз құзырет пен өкілеттік про­ку­рор­ларға берілмек. Нәтижесінде, прокуратура – бар­лық құқық қорғау және арнайы органдарын қадағалап, азуын айға білеген алпауыт мекемеге ай­налады. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Төрдегі төреге айнала ма? Жаңа Қазақстанда заңдылықтың сақталуын үйлестіруге прокуратура жауап беретін болады. Осы орайда Мемлекет басшысы қаңтар оқиғала­ры­­нан кейін, 2022 жылғы 16 наурыз­дағы Жолдауында заңдылықты арттыру және құқық қорғау қызме­тін жүйелі түрде күшейту үшін «Про­­куратура туралы» жеке конс­ти­ту­циялық заң қабылдауды жүк­теген болатын. Осылайша, проку­рор­лардың конституциялық мәр­те­бесі бекітіліп отыр. Жаңа консти­туциялық заң жобасы да дайын. Бас прокуратураның түсін­діруінше, бұл құжатта Жаңа Қа­зақстанда заңдылықты сақтауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бос­тандығын, бизнес пен мемлекеттің мүддесін қорғауға, қалпына келтіру­ге мүмкіндік беретін пәрменді құ­ралдар мен тетіктер қарастырылған. Құжат бірінші кезекте сот билігі үлгісінде прокуратураның тәуелсіз­дігін арттыруға бағытталған. Бас про­куратураның түсіндіруінше, бү­­гінде осы жоғарғы қадағалау орга­нының бюджетін Үкімет белгілейді, мұндай жағдай прокуратураны ше­неуніктерге, атқарушы органдар би­лігіне тәуелді етеді, ал мұнысы про­­куратураның ерекше конститу­ция­лық мәртебесіне сәйкес кел­мейді. Сондықтан жаңа заң жобасына сәйкес, прокуратура шығыстарына бюджетте белгілі бір пайыз түрінде «квота» белгіленеді. Осындай тәсіл 2022 жылдан сот жүйесінде қолда­нылады. Заңнамалық түзетулер проку­ратура қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын жақсартуды, салмақты әлеуметтік кепілдіктерді енгізуді көздейді. Бұл ретте олар әскердің үлгісін қабылдағалы тұр. Атап айт­қанда, әскерилер секілді прокурор­лар да баспана сатып алу не жалға алу үшін тұрғын үй төлемдерін ала бастайды. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, заң жобасында бірнеше негізгі кепілдік бар. Біріншіден, тұрғын үйді ұстап тұру үшін өтемақы беру, екіншіден, еңбек өтілі бойын­ша зейнетке шыққанда біржолғы ақшалай төлем төлеу, үшіншіден, қызмет бойынша жылжу барысында көтермелеу өтемақысын төлеу, төр­тіншіден, прокуратура органда­рындағы әкімшілік мемлекеттік қыз­меткерлерді зейнеткерлік қам­та­масыз ету. Нақтылай кетсек, қазір барлық әскерилер, арнаулы мем­лекеттік органдар қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көбі тұрғын төлемдерін, қызметтік ротация ке­зінде көтермелеу өтемақысын алып отыр. Ал ондай төлемдер прокурор­ларға қарастырылмаған. Олқылық­ты жоюды және қызмет­керлерге тұрғын үй төлемдері мен көтермелеу өтемақыларын төлеуді ұсынады. Аталған игіліктерге осы қадаға­лаушы орган қызметкерлері келесі жылы қол жеткізбек. Прокурорлар­дың құқық-мәртебесін күшейту, әлеуметтік кепілдіктермен қамту бюджеттен шығынды талап етеді. Алдын ала есептеу бойынша бұған 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 18 млрд 754,5 млн теңге қажет болуы мүмкін. «Сүзгілер» ластанса, саланы былық басады Жасыратыны жоқ, прокурату­раның қолында қаңтар оқиғаларына дейін де мол құзырет болды. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтың айтуынша, про­курорлар аса ауыр қылмыстар бо­йын­­ша айыптау актісін өзі әзір­лейді. Бұл – Президент тапсырма­сымен 2020 жылдан бері жүргізілген реформаның жемісі. Сонда рес­публикада қылмыстық процестің үш буынды моделін кезең-кезеңмен енгізу басталды.
«Оған сәйкес, прокурор тер­геудің негізгі шешімдеріне келісім береді немесе бермей қояды. Тарата айтсақ, тергеушілер кез келген адам­ды күдікті деп тану, оның жаса­ған әрекетін баптар бойынша сара­лау, істі тоқтату не қысқарту секілді шешімдеріне міндетті түрде про­курор­дың келісімін алуы шарт. Оларды проку­рор мақұлдамаса, тергеу шешім­дерінің заңды күші болмайды», – деді Әсет Қазақ­­бай­ұлы.
Жаңа модель енгізгелі прокурор­лардың «сүзгі-фильтрі» арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімі өтіпті.
«Нәтижесінде, тергеу сапасы жақ­сарып, қателіктер, заңсыз ше­шім­дер саны азайды. Қазір үш буын­ды моделдің үшінші кезеңіне кірістік. Бұдан былай прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айып­тау актісін өзі әзірлейді. Про­ку­­рорлар 191 аса ауыр қылмыс бойын­ша айыптау актісін жасап, сотқа жолдады. Енді тергеу аяқтал­ған соң прокурорлар істің барлық материалына қайтадан толық талдау жасап шығуы тиіс. Талдау қорытын­дысында айыптау актісін әзірлеп, істі сотқа жібереді, болмаса қайта қарау үшін тергеушіге кері жол­дайды немесе істі мүлдем тоқтатады. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақ­тарға тәуелсіз баға беру тетігін кү­шейтеді, сондай-ақ айыпталушыны сотқа қандай прокурордың тап­сыр­ғаны белгілі болады. Демек, тергеу қателіктеріне және негізсіз айып­тауға жол бермеудің тағы бір сүзгісі пайда болады», – деді Бас прокурор­дың орынбасары.
2023 жылдан – сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты барлық іс, ал 2024 жылдан қалған қылмыстық істер осы тәртіпке көшірілетін бо­лады. прокурор Үш буынды модель аясында биыл прокурорлар 152 мың про­цессуалдық шешімді қайта електен өткізді. Нәтижесінде, 11,5 мыңнан астам қаулы заңсыз деп танылды. 1 мыңға жуық азаматтың қылмыс­тық процеске негізсіз тартылуына жол берілмепті. Үлкен құзыр – зор жауапкершілік Саладағы реформа аясында прокурорлардың құзыры күшейіп, олар судьялардың функционалды міндеттеріне де «қол салуы» мүмкін. «Кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық-процестік және Қыл­мыстық-атқару кодекстерін бір мез­­гілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңының жобасында бұған дейін соттар беріп келген санкцияны прокуратураға табыстау ұсынылады. Мысалы, жер­ленген мәйітті қазып алуға рұқ­сатты сот емес, прокурор беруі мүм­кін. Қылмыскерлерді халықаралық іздеуге жариялау да солардың құ­зырына түспек. Бас прокуратураның мәліме­тінше, прокуратура органдарына 16 санкцияны тапсыру қарастырылып отыр. Бұл ретте соттарда тек 7 санк­ция қалады. Күзетпен ұстауды санк­циялау кезінде соттың кепіл мөл­шерін айқындау міндеті де сақтал­мақ. Бұл ұсыныстар мүдделі мемор­гандардың келісімінен өтуі қажет. Таяуда жоғарғы қадағалаушы орган өз жұмысының алдын ала қорытындысын шығарды. Бас про­курор Берік Асыловтың дерегінше, жыл басынан прокуратура қабылда­ған шаралардың арқасында 7 мың­нан астам заңбұзушылық жойылды. 10 мыңнан астам шенеунік пен квази­мемлекеттік сектордың қыз­меткері әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылды. Прокуратура араласқан соң мемлекетке 8,4 мил­лиард теңге қайтарылды. 177 мың­нан астам еңбек құқығы қалпына келтірілді. 1 млрд теңгеден астам жалақы қарызы өтелді. Прокурорлар заңсыз ұсталған 596 азаматты қамаудан босатты. 542 азаматқа қатысты шешімді қайта қарау ұсынылды, соның ішінде сот­талған 90 адамның жағдайы жақ­сар­тылып, 9 адам ақталды. Бұл жұмыс, әсіресе «Қасіретті қаңтар» оқиға­ларынан кейін өзекті бола түсті. Президенттің тапсырмасы бо­йынша прокурорлар бизнесмендер­ге қатысты қозғалған барлық қыл­мыстық істің заңдылығын тексеріп жатыр. Өндірістегі 378 істің 36-сы тоқтатылды. Бизнеске кедергі жа­сау, құқық қорғау және басқа мемор­гандар өкілдерінің қызметін асыра пайдалануы фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізілуде. Тексеру жалғасып жатыр. Кәсіпкерлердің қылмыстық про­цес­ке негізсіз тартылуын болдырмау үшін ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар кешені әзір­ленуде. Жалпы, прокуратура органының мәртебесін, рөлі мен беделін арт­тыру Жаңа Қазақстанда адам құ­қықтары мен бостандығын қорғау­ды күшейту мұратынан бастау алып отыр. Деген­мен тек полицейлерге ғана емес, прокурорларға да халық сенімі төмен екені жасырын емес. Өйткені ескі Қазақстандағы заң­сыздықтарға про­куратура қызмет­кер­лерінің көз жұма қарауы кесі­рінен жол берілді. Ресми мәлімет бойынша, прокуратураға халықтың сенімі 67,3%-ды құрайды екен. Реформа аясында бұл көрсет­кішті 4 жылда 70%-ға дейін көтеру жос­парланыпты.
Заңгер, зерттеуші Дмитрий Иову­дың пайымдауынша, билік құ­ры­лымында прокуратураның рөлін шектен тыс күшейту теріс салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін. «Себебі ол саяси, қылмыстық-құ­қықтық, аза­маттық және әкімшілік салаларда билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлық үшін кең өріс ашады. Кеңес Одағында солай бол­ған. Оны болдырмау үшін «Про­куратура туралы» заңда құзыр-өкі­леттіктің, жал­пы қадағалаудың нақ­ты сызыл­ған шекарасы бекітіл­гені жөн. Әйт­песе, прокурорлар әр органның ісіне үнемі араласып, дағдарыс туғызуы, ведомствоаралық кикілжіңге соқ­тыруы ықтимал», – дейді сарапшы.
Барлық құқық қорғау және ар­найы органдар арасында прокура­тура –конституциялық деңгейде билік өкілеттіктеріне ие болған жал­ғыз орган. Оның Жаңа Қазақ­станда қалай жұмыс істейтіні, елге мол пайда, әлде алапат зиян әкеле­тіні жаңа заңнаманың қалай түзіле­тініне де байланысты болмақ.