Прокурорлардың мәртебесі биіктеп, айбыны асқақтайды. Конституциялық реформаға сәйкес, нығая түсті. Қазірдің өзінде прокурорлар ІІМ тергеушілерінің шешімдерін қарап бекітеді. Прокурор мақұлдамаған тергеу шешімдерінің заңды күші болмайды. Болашақта судьялардан да біраз құзырет пен өкілеттік прокурорларға берілмек. Нәтижесінде, прокуратура – барлық құқық қорғау және арнайы органдарын қадағалап, азуын айға білеген алпауыт мекемеге айналады. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Төрдегі төреге айнала ма? Жаңа Қазақстанда заңдылықтың сақталуын үйлестіруге прокуратура жауап беретін болады. Осы орайда Мемлекет басшысы қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында заңдылықты арттыру және құқық қорғау қызметін жүйелі түрде күшейту үшін «Прокуратура туралы» жеке конституциялық заң қабылдауды жүктеген болатын. Осылайша, прокурорлардың конституциялық мәртебесі бекітіліп отыр. Жаңа конституциялық заң жобасы да дайын. Бас прокуратураның түсіндіруінше, бұл құжатта Жаңа Қазақстанда заңдылықты сақтауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, бизнес пен мемлекеттің мүддесін қорғауға, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пәрменді құралдар мен тетіктер қарастырылған. Құжат бірінші кезекте сот билігі үлгісінде прокуратураның тәуелсіздігін арттыруға бағытталған. Бас прокуратураның түсіндіруінше, бүгінде осы жоғарғы қадағалау органының бюджетін Үкімет белгілейді, мұндай жағдай прокуратураны шенеуніктерге, атқарушы органдар билігіне тәуелді етеді, ал мұнысы прокуратураның ерекше конституциялық мәртебесіне сәйкес келмейді. Сондықтан жаңа заң жобасына сәйкес, прокуратура шығыстарына бюджетте белгілі бір пайыз түрінде «квота» белгіленеді. Осындай тәсіл 2022 жылдан сот жүйесінде қолданылады. Заңнамалық түзетулер прокуратура қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын жақсартуды, салмақты әлеуметтік кепілдіктерді енгізуді көздейді. Бұл ретте олар әскердің үлгісін қабылдағалы тұр. Атап айтқанда, әскерилер секілді прокурорлар да баспана сатып алу не жалға алу үшін тұрғын үй төлемдерін ала бастайды. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, заң жобасында бірнеше негізгі кепілдік бар. Біріншіден, тұрғын үйді ұстап тұру үшін өтемақы беру, екіншіден, еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққанда біржолғы ақшалай төлем төлеу, үшіншіден, қызмет бойынша жылжу барысында көтермелеу өтемақысын төлеу, төртіншіден, прокуратура органдарындағы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді зейнеткерлік қамтамасыз ету. Нақтылай кетсек, қазір барлық әскерилер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көбі тұрғын төлемдерін, қызметтік ротация кезінде көтермелеу өтемақысын алып отыр. Ал ондай төлемдер прокурорларға қарастырылмаған. Олқылықты жоюды және қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері мен көтермелеу өтемақыларын төлеуді ұсынады. Аталған игіліктерге осы қадағалаушы орган қызметкерлері келесі жылы қол жеткізбек. Прокурорлардың құқық-мәртебесін күшейту, әлеуметтік кепілдіктермен қамту бюджеттен шығынды талап етеді. Алдын ала есептеу бойынша бұған 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 18 млрд 754,5 млн теңге қажет болуы мүмкін. «Сүзгілер» ластанса, саланы былық басады Жасыратыны жоқ, прокуратураның қолында қаңтар оқиғаларына дейін де мол құзырет болды. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтың айтуынша, прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін өзі әзірлейді. Бұл – Президент тапсырмасымен 2020 жылдан бері жүргізілген реформаның жемісі. Сонда республикада қылмыстық процестің үш буынды моделін кезең-кезеңмен енгізу басталды.
«Оған сәйкес, прокурор тергеудің негізгі шешімдеріне келісім береді немесе бермей қояды. Тарата айтсақ, тергеушілер кез келген адамды күдікті деп тану, оның жасаған әрекетін баптар бойынша саралау, істі тоқтату не қысқарту секілді шешімдеріне міндетті түрде прокурордың келісімін алуы шарт. Оларды прокурор мақұлдамаса, тергеу шешімдерінің заңды күші болмайды», – деді Әсет Қазақбайұлы.Жаңа модель енгізгелі прокурорлардың «сүзгі-фильтрі» арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімі өтіпті.
«Нәтижесінде, тергеу сапасы жақсарып, қателіктер, заңсыз шешімдер саны азайды. Қазір үш буынды моделдің үшінші кезеңіне кірістік. Бұдан былай прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін өзі әзірлейді. Прокурорлар 191 аса ауыр қылмыс бойынша айыптау актісін жасап, сотқа жолдады. Енді тергеу аяқталған соң прокурорлар істің барлық материалына қайтадан толық талдау жасап шығуы тиіс. Талдау қорытындысында айыптау актісін әзірлеп, істі сотқа жібереді, болмаса қайта қарау үшін тергеушіге кері жолдайды немесе істі мүлдем тоқтатады. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақтарға тәуелсіз баға беру тетігін күшейтеді, сондай-ақ айыпталушыны сотқа қандай прокурордың тапсырғаны белгілі болады. Демек, тергеу қателіктеріне және негізсіз айыптауға жол бермеудің тағы бір сүзгісі пайда болады», – деді Бас прокурордың орынбасары.2023 жылдан – сыбайлас жемқорлыққа қатысты барлық іс, ал 2024 жылдан қалған қылмыстық істер осы тәртіпке көшірілетін болады.
Заңгер, зерттеуші Дмитрий Иовудың пайымдауынша, билік құрылымында прокуратураның рөлін шектен тыс күшейту теріс салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін. «Себебі ол саяси, қылмыстық-құқықтық, азаматтық және әкімшілік салаларда билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлық үшін кең өріс ашады. Кеңес Одағында солай болған. Оны болдырмау үшін «Прокуратура туралы» заңда құзыр-өкілеттіктің, жалпы қадағалаудың нақты сызылған шекарасы бекітілгені жөн. Әйтпесе, прокурорлар әр органның ісіне үнемі араласып, дағдарыс туғызуы, ведомствоаралық кикілжіңге соқтыруы ықтимал», – дейді сарапшы.Барлық құқық қорғау және арнайы органдар арасында прокуратура –конституциялық деңгейде билік өкілеттіктеріне ие болған жалғыз орган. Оның Жаңа Қазақстанда қалай жұмыс істейтіні, елге мол пайда, әлде алапат зиян әкелетіні жаңа заңнаманың қалай түзілетініне де байланысты болмақ.