Президент пікірі нүктесін қойды – Нариман Төреғалиев
Президент пікірі нүктесін қойды – Нариман Төреғалиев
993
оқылды
Бұл күндері Президенттің Санкт-Петербор форумындағы пікірі көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Қазақстанға қарсы айтылған қисынсыз көп сөздің нүктесін қойып, халықаралық саясаттағы еліміздің ұстанымын батыл сипаттауы халықтың көңі­­лінен шыққандай. Осы орайда Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін де негізсіз уәждерін тықпалап, бізге қарсы пі­кірін оңды-соңды айтып жүргендер ха­қын­да Сенат депутаты Нариман Төреғалиев­пен сұхбаттасқан едік. – Нариман Төреғалиұлы, Мем­лекет басшысының Санкт-Петербор форумындағы батыл мә­лім­демелерін сіз қалай қабыл­дадыңыз? – Бұл мәселелер қоғамда көп­тен бері айтылып жүрген еді. Мем­лекет басшысы Ресейдің белсенді депутаттары немесе қоғам, мәде­ниет қайраткерлері, журналистері  тарапынан біздің елге қатысты айтып жүрген пікірлерімен келіс­пейтінін айтып, мұндай сөздер екі ел арасындағы байланысқа кері әсерін тигізетінін атап өтті. Шынында, біздің елге қатысты әлгі пікірлер соңғы жылдары көптеп айтылады бастады. Оған депу­тат­тар, түрлі қоғамдық ұйым өкілдері, белсенділер қарсы жауап берген болатын. Санкт-Петербордағы эко­номикалық форумдағы Пре­зидент пікірі осы мәселенің нүк­тесін қойғандай. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Украинадағы арнайы операцияға  қатысты да батыл көзқарасын білдірді. Біріншіден, БҰҰ жарғысындағы біртұтастық пен ұлттың таңдауына қатысты түрлі пікір бар. Соны біле тұра, мемлекеттің тәуелсіздігін тану мәселесін әр ұлттың өз таңдауына қалдыра берсек, әлемде 500-600 мемлекет пайда болар еді.  Оның соңы бейберекетсіздікке апа­ратыны түсінікті. Сол себепті де Қазақстан Тайвань, Косово, Абхазия мемлекеттерін мойын­дамайды.  Президенттің кешегі сөзі осы төңіректе болды. Және де Мемлекет басшысы Луганскі мен Донецкіні квазиқұрылымдарға теңеді. Біздің мемлекет өзге елдермен экономикалық, саяси бағыттарда белсенді қарым-қатынас орнатады. Қазіргі жағдай елдің жеке, дербес өмір сүре алмайтынын көрсетіп отыр. Сәйкесінше, Қазақстанның басты ұстанымы әрбір елдің тәуелсіздігін, егемендігін сый­лаймыз. Олардың ішкі саясатына араласпаймыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мемлекет басшысының мұндай мәселелерге қатысты пікір біл­діруін дұрыс деп санаймын. Неге десеңіз, әлгіндей әңгімелер ел­дердің арасына іріткі салады. Бұл пікірлерді дұрыс жағынан түсініп, ұстамдылық танытатындармен бірге айтылған уәжді желеу етіп, оны ушықтыра түсетіндер де табылады. Біз ұлтаралық мә­селелерде аса сақ болғанымыз жөн. Бұл – тұтас мемлекеттің тағдыры.  Бір сөзбен айтқанда, Президенттің сөзі әлгіндей пікірлерді айтып жүргендердің санасына жетті деп ойлаймын. – Десе де, ресейлік кейбір сарап­шылар әлгіндей пікірлерін үдете түскендей.  Олардың айылын жию үшін қайтпек керек? –Батыл пікірлерді біздің қоғамдағы түрлі топ өкілдері де айтты. Менің  ойымша, Мемлекет басшысының пікірі сол елдің ұс­танымын, ондағы күллі халықтың көзқарасы ретінде қабылдануы керек. Ал біздің Президент өз сөзінде егемен­дігімізге, тәуелсіз­дігімізге нұқсан келтіретін әңгіме­лерді тоқтатуға емеурін танытты.  Осыдан соң шектен тыс батылдық танытып, қарсы пікір айтып, отқа май құя беруге болмайды. Халық­аралық қатынас тұрғысынан қан­дай да болмасын пікір айтарда жақ­сылап ойланып, оның сал­дарын тереңнен түсініп алғанымыз жөн. – Жалпы, әлгіндей пікірлерге қарсы қазақстандық сарапшы­лардың реакциясы қалай болуы керек? – Мұндай сәтте сыртқы сая­сатқа жауап беретін ведомствоның үн қатқаны дұрыс деп ойлаймын. Мемлекет атынан Сыртқы істер министрлігі секілді тиісті мемле­кеттік органның жауап бергені дұрыс. Олардың ресми мәлімдемесі тұтас мемлекеттің позициясын білдіреді.  Ал кез келген адамның пікірін жеке адамның көзқарасы ретінде таниды. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі әлгіндей жағдайларға қатысты дер кезінде жауап беруі керек. – Әңгімеңізге рақмет!