Бар игілік балаларға
Бар игілік балаларға
493
оқылды
Бүгінде елде 495 мың бала 15 мың үйірме мен секцияға бара­ды. Бұл үшін бюджеттен 32 миллиард теңгеден аса қара­жат бөлінген. Жыл соңына дейін балалардың игілігі үшін қо­сым­ша тағы 97 миллиард теңге қаражат қажет. Орталық ком­­муникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет жә­не спорт министрі Дәурен Абаев осылай деді. Министрдің айтуынша, «Арт­Спорт» бұқаралық спортты дамы­тудың жалғыз механизмі емес. «Бүгінге дейін 41 дене шынық­тыру-сауықтыру кешенін іске қосу арқылы жақсы нәтижеге қол жетті. Оның 32-сі аудан орталы­қ­тары мен ауылдық жерлерде ашыл­ды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты 3064 жаттықтырушы жұ­мысқа алынды. Жастарды спортқа тарту үшін өткен жылы баскетбол, волейбол, футбол, қазақша күрес, үстел теннисі сияқты спорт түр­лерінен мектепішілік және сту­денттер арасында ұлттық лигалар өтті. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде дене шынықтыру пә­нінің ұстаздарына сабақтан тыс іс-шаралар өткізгені үшін қо­сым­ша ақы тағайындалды. Бұл ретте 30 мыңнан астам дене тәрбиесі мұғалімі қамтылды. 2022-24 жыл­дары аталған мақсатта аймақтарға қосымша 21 млрд теңге бөлінеді» деді министр. Оның сөзінше, бү­гінге дейін балаларды қосымша спорт секцияларымен және үйір­мелермен қамту көрсеткіші – 73 пайыз. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секция­лар­дан бөлек балалар мен жасөспірім­дерді оқытатын спорт мектепте­рінде тағы 386 мың бала білім алып жатыр. Ал биыл қаржыландырудың жалпы көлемі 123,7 млрд теңге бол­ған.

Ж.АСҚАРБЕК