Асылхан Сейдімбек: Қаттаулы тұр Ақселеу аманаты
Асылхан Сейдімбек: Қаттаулы тұр Ақселеу аманаты
2,622
оқылды
«Көктегі күнге, жердегі елге мейірімім қанбады». Бұл Ақ­се­леу Сейдімбектің қабірі ба­сында жазулы тұр. Биікшіл жа­­ны биікке барып жай тапты. Ұлт десе шығарға жаны бөлек азаматтың өле-өлгенше уайы­мы да елдің қамы болды. Ұлт­тың жоғын жоқтады, жоғал­ға­нын іздеді, құндылығын тү­ген­деді. «Күңгір-күңгір күмбез­дер», «Мың бір маржан», «Күй шежіре», «Көшпелілер тари­хы», «Қазақтың әйгілі күйші­ле­рі» және тағы басқа кітаптары осыған дәлел болады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – қалам­гердің туған бауыры Асылхан Сейдімбек. «Арқа» деп ерке­лет­­кен жан бауырымен бірге Ақселеу әлеміне сүңгіп көрдік. – Ақселеу – бөлек құбылыс. Қа­зақтың Ақселеуі болып бірден қа­лыптаса қоймаған шығар. Бала Ақселеуден дана Ақселеуге дейінгі жүріп өткен жолын білгіміз келеді. Оның балалық әлемі қандай болды? – Ағатайым екеуміздің арамыз – 14 жас. Мен 1956 жылғымын, аға­тайым 1942 жылы дүниеге келген. Көзімді ашып, есімді білген шағым­да ағатайым мектепте оқып жүрген, бозбала жігіт болатын. Әке-ше­шем­нің азан шақырып қойған аты – Асылхан, үйдегілердің бәрі ерке­ле­тіп «Арқа» дейтін. Ол атты қойған – ағатайым. Шешем айтатын: ағам сабақтан келгенде, «арқа, арқа» деп жылап, арқасына мініп алады екенмін. Содан бастап, «Арқа» деп кетіпті. Әкем де, шешем де мұғалім. Баланың көптігінен шешеміз жұ­мыс істей алмаған. Бала қарау ке­рек, олардың тамағы, күтімі бар, оның үстіне әкеміз үш ағайынды, олардың балалары да біздің үйге келіп оқиды, келімді-кетімді кісілер бар дегендей, үйдің жұмысынан шыға алмаған. Кішкентайлардың бәрі ағамызды «Ақау ағатай» деп атайтын едік. Жастайынан домбыра тартты, өнерге тым жақын болды. Аға­тайымды әкем де, шешем де ер­келетіп өсірген. Шешем үнемі «бұл шешек не істемеді? Бұл қошқар мініп, мектепке де кіріп кетті ғой» деп отыратын. Әкеміз мектепте мұ­ғалім, математикадан сабақ береді. Өзі өнерге бейім адам. Қанша қатал болса да, ағатайыма қаталдық та­нытқан жоқ. Жаңаарқадағы ең үл­кен мектеп Ленин атында болатын. 1937 жылы салынған. Ол заманда ең үлкен мектепке Лениннің атын бе­ретін әдеті еді ғой. Сол мектепте оқимыз бәріміз. Мектепке бір күні ағатайым қошқар мініп барып, сабаққа кіріп кеткен ғой. Ерке ба­ласының бұл қылығына әкем кү­ліпті де қойыпты. Әкем мектепте көркем­өнер­паздар үйірмесін басқарды. Қайрат Байбосынов бізбен көрші тұратын. Қайраттармен асық ойнап, доп қуалап, бірге өстік. Кешке қарай мал күтіп отырғанда әкем Қайратқа ән айтқызып қояды. Дауысы деген сұмдық. Қайрат Байбосынов өзі­нің кітабында: «Мені өнерге же­те­леген – математика мұғалімі Хасен Сейдімбеков» деп жазды. Бір күні Жаңаарқаға концерт қоюға Жүсіп­бек Елебеков келеді. Сонда әкей Жү­сіпбекке кіріп: «Айналайын, ме­нің бір балам бар. Сен соны тың­дашы», – деп өтініш айтыпты. Ол кездері аты дүркіреп тұрған Еле­бе­ковтерге кіру де оңай емес. Сонда әкем Қайратты қолынан жетектеп әкеліп, Жүсіпбектің алдында ән айт­қызыпты. Елебеков сол бетінде Қай­ратты өзімен ертіп кеткен ғой. Онда Қайрекеңнің 12-13-тегі кезі бол­са керек. Ақау ағатайымның да өнер­ге, әдебиетке келуіне де себеп­кер бол­ған әкей еді. Тіпті, екі жыл қатарынан КазМУ-ге түсіремін деп, Алматыға да жетектеп әкелді. Екі жыл қата­рынан түсе алмай, елге келіп, жылқы бақты. Әкейдің үлкен ағасы бар еді, сол кісі жылқышы болатын. Қазақ­тың этнографиясы туралы зерттей бастауына да сол жылқы баққан жылдары себепші болған секілді. Жылқышы болып жүріп, елдегі көзі тірі шалдармен жиі әңгімелесетін. Естігендерін қағазға түртіп алатын әдеті. Аға­тайым: «Атақты Ағыбай батырдың немересі Тарғын деген болды. Сол кісімен бір­ге жылқы бақтық. Бойының ұзын­дығы 2 метрдей болатын. Құла­ғы­ның өзі үлкен болды. Қыста құла­ғындағы мұзды қамшысымен қағып жіберіп, жүре беретін», – деп айта­тын еді. «Арқаны» қайтып алды – Білуімізше, Ақселеу Сейдім­бек­тің бүркеншік есімі «Арқа» бол­ған. Сіздің есіміңізді әдейі пайда­ланған ба? – Қарағанды университетіне оқу­ға түскен жылы ағатайым сол жер­де «Лениншіл жастың» тілшісі болып жұмыс істеді. Университеттің ректоры Евней Букетов деген кісі болды. Сол кісімен жақсы араласты. Өте көрікті, ұзын бойлы кісі еді. Қа­зақ тіліне, қазақ руханиятына қат­ты жақын болды. Ол кісінің ат­қарған ең үлкен шаруасы – уни­вер­ситетте домбыра оркестрін құрды. Қарағандыда ондай оркестр бұрын-соңды болмаған. Ол жылдары мұнда 8 пайыз ғана қазақтар болатын. Оның санын студенттер толтыратын еді. Сол домбыра оркестріне мен де қатыстым. Ағатайым бастап дом­быра шерткеннен кейін үйдегі бүкіл бала домбыраға үйір болдық. Евней ағай да үйге жиі келетін. Ағатайым екеуі таңды таңға ұрып, әңгіме­ле­сетін еді. Ұлттың рухани мұрасын түгендейтін. Сол кездері Қара­ған­дыны қазақтандырған да осы кісілер болды-ау деп ойлаймын. Бір күні ағатайым маған: «Сен енді анау «Арқа» деген атты өзіме қайтып бер», – деді. Әуелде ұқпай қалдым. «Не болды?», – деп едім, «Мен бүркеншік ат қойып жатыр­мын. Енді «Арқа» менің есімім бо­лады», – деді. Сөйтіп, өзі қойған атты өзі тартып алғаны бар. Ағамның жанында жүріп, қа­зақтың мықты-мықты азамат­та­ры­мен дастарқандас болдым. Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қойшығара Салғара және тағы бас­қа «Жеті жетім» атап кеткен, ара­ла­рынан қыл өтпес, жақсы достары болды. Ағатайым үйіне қонақ келсе, міндетті түрде мені шақы­ратын. Ет турап, үлкендерге қызмет көрсетем. Бірде осылай қонақ шақырып, қызмет етіп, соңында қайтайын деп жатсам, қолыма бір конвертті ұс­тат­ты. Сыртында «Аманат» деп жа­зыл­ған. «Аманат» дегеннің не екенін ұғатын жастамыз ғой. Көңілім бұзылып, үйге келдім. Бұл 1999 жыл болатын. Онда Көкшетаудың Бұ­лан­ты деген ауданында прокурор болып істейтін кезім. «Арқа, қара­ғым! Біз енді шайтан емеспіз, бұл өмірде жүре беретін. Бір күн бол­маса, бір күн кететін шығармыз. Сон­да басыма қоятын тасқа: «Көк­тегі күнге, жердегі еліме мейірімім қанбады» деп жаз» деген сөздері бар арасында. Жүрегі ауырып жүретін. Содан қорықты ма екен. Өлем деп ешкім ойламайды ғой. Арада он жыл өткенде, 2009 жылы қайтты ғой. Ағатайымның жаназасын ба­сынан аяғына дейін Астана қала­сының әкімі Иманғали Тасмағам­бетов жүргізді. Имекең штаб құрды. Сонда «Асылхан, ағаң ештеңе қал­дырмады ма?» деп сұрады. Хатын көрсеттім. Сөйтіп, Жаңаарқадағы бейітінің басына қойған тасына осы сөздер қашалып жазылды. – Ақселеу ағаға жұрт «Сал десе сал, сері десе сері, шешен десе ше­шен» деп баға берді. – Ағатайымның ой-өрісі ерекше болды ғой. Ол кісі әңгіме айтқанда, ел-жұрт ұйып тыңдайтын. Әбіш аға­ның өзі отырыстарда жиі «Ақан­тайды тыңдайық, Ақантай айтсын» деп отыратын еді. Әбіш аға сөздің қадірін білетін, білімді кісі болатын. Ағатайымды жиі сөйлететіні, әң­гімесін айтқызатыны да содан болса керек. – Бір жылдары «Тарақты Ақсе­леу» деп те жазып жүрді. Руымды ел ұмытпасын деген ниетпен жазды ма? Әлде басқа себебі болды ма? – Сол жылдары ел жаппай орыс­танып бара жатты. Қызыл партияның қылышынан қан тамып тұрған кезі. Руды ұмыттық, ұлты­мыз­дан айрылайын деп қалған сәт. Шыққан ата-тегімізді білмейтін күйге түстік. Сол кезде ағам Тарақты Ақселеу деп әдейі жаза бастады. Бұл көпшілік үшін сенсация болды. Тіпті, «Неге бұлай руын жазады? Не­ге бөлінеді?» деп шулады. «Жеті аталарыңды білу үшін әдейі жаздым. Жеті атаңды білмесең, қалай қазақ боласың? Сендердің намыстарыңды ояту үшін әдейі жаздым» дейтін. Бұл кейбіреулердің жүрегіне от салды. Өзінің ата-бабасын іздей бастады. «Бұл жүзге бөліну емес, кім екенін білу, қайдан шыққанын тану» деп ұғындырды. Кейін тәуелсіздік ал­ған­нан кейін қайтадан Ақселеу Сей­дімбекке ауысты. Еден жуудан басталған ғылым – 1987 жылы ағаның төбесіне де «бұлт» үйірілгенін білеміз. Тіпті, «ұлтшыл» деп айыптап, жұмысынан да қуды. Ағаңыздың өміріндегі сол бір көлеңкелі тұстары сіздің есіңізде қалды ма? – Ол кезде Ұлытау ауданында жұмыс істейтін кезім. Ағатайымның Алматыдағы үйінде қазақтың ескі құрал-саймандары, қару-жарағы бар болатын. Қылышы, садағы, бесатар мылтығы ілулі тұратын еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қонаевты алып, орнына Кол­бинді тағайындады. Сол жылы бүкіл Қазақстан бойынша прокурорларды жинады. Алматыға мен де бардым. Бірден ағатайымның үйіне түстім. Үйдің іші біраз жұтаң тартып қалған сияқты. Біраз нәрсе жоқ. Ағамның көңіл күйі түсіп кеткен. «Арқа, байқап отырған шығарсың. Үш әріптегі жанашыр жігіттер «Сіздің соңыңызға түсіп жатыр, қамауы мүмкін» деп айтты. Содан үйде тұр­ған қарулардың бәрін жинап, бір жерге тығып қойдым», – деді. Үй те­лефондары да тыңдалады екен. «Сен де байқап жүр», – деп айтты. Онда ол кісі «Білім және еңбектің» редакторы болатын. Тағы бір бар­ға­нымда ағамның үйінде Мұрат Әуе­зов, Роллан Сейсенбаев бар екен. Сонда ағам отырып: «Осы мен Камалиденовке не жаздым? Ол жи­налған жерінің бәрінде «Сей­дім­беков деген алашордашы бар. Ұлтшыл. Соның көзін құрту керек» деп мінбеден айғайлайды екен», – деді. Сонда олар ағатайымды «қазақ жастарының көсемі» деп санайды екен. «Қазақ елі үшін мен ештеңеден бас тартпаймын. «Тәуелсіздік береміз, сол үшін сен жаныңды бер» десе, бере саламын. Мені қамамақ түгілі, атып тастаса да, өз идеямнан бас тартпаймын» деп айтып отырды. Ана кісілер ағатайыма: «Ақселеу, сен байқашы. Кейде тым қатты кетіп қаласың», – деп ескертіп жат­ты. Сөйтіп жүргенде ағамды «Білім және еңбектен» босатты. Біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Шамамыз келгенше, бауырлары көмектесіп тұрдық. Одан бөлек, ағатайымның жанашырлары да көп болды. Арада біраз уақыт өткен соң, Ғылым ака­демиясына жұмысқа кірді. Өзі «еден жуушы болып кірдім» деп айтатын. Әйтеуір лаборант болып істегенін білеміз. Сол жерде жүріп, ғылыммен нақты айналыса бастады. «Қазақ­тың қара сөздерінен» ғылыми жұ­мы­сын қорғап шықты. Бұл ағамның этно­графияға деген ынта-ықы­ла­сын оятты. Қудалауға түсіп, қиналып жүр­генінде басынан сипап, арқасынан қаққан да ел-жұрты болды. Сол үшін де ағатайым «елмен бірге отқа да, суға да түсемін» дейтін. Біреуге жағымпазданған жоқ. Біреудің со­йылын соққан жоқ. Осы мінезінен тәуелсіздік алғаннан кейін де айнымады. 1973 жылы өзінің күнделігінде былай деп жазыпты: «Қос мүйізді Ескендір қазіргі қазақ даласына шабуыл жасағанда, Айса пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбар әлі ту­маған екен. Бұл кезде көшпелі өмір салттағы бабаларымыз Дари пат­шаның тұмсығын қанға бояп, Кир­дің басын қанжығасына бөктіріп үлгеріпті. Шет жұрттың тарихи тұл­ғаларын былай қойғанда, өз жерімізде дәурен сүрген хандардың ханы Бұмын қаған Мұхаммед пай­ғамбардан 80 жас үлкен екен. Осы орайда қазіргі әлемдік дін деп жүр­геніміз – бар болғаны әлемдік оқиға немесе әлемдік тарихтың бір үзігі ретінде ғана ден қойдырады. Нағыз діни тарих – тәңірлік дінге тән сияқ­ты. Себебі тәңірлік дін, дәлірек айтсақ, тәңірлік ниет-таным өзінің космостық ауқымымен мойын­да­тады. Тәңірлік дүние-таным, түптеп келгенде, табиғаттану, табиғатпен тіл табысу болып шығады. Бұл де­геніңіз –тіршілік атаулының тірегі дегенге саяды» дейді. Бұл – оның 31 жасында айтқаны. Осы күнге дейін оған қарсы шығып, «мынауың дұрыс емес» деп ешкім айтқан емес. Бір жылдары ағатайымның «Ақиық» деген кітапшасы шықты. «Ақиығы» 1969 жылы шықты ғой деймін, қа­телеспесем. Сонда жасы 26-да ғана болуы керек. Ол жылдары қандай кітап шықса да, әдебиеттанушылар пікір айтатын Ағамның сол кітабы туралы бір ғана жазушы сын жазды. Ол – Қабдеш Жұмаділов. – Сонда алғашқы сыншысы Қабдеш аға болды ма? Ол кісі не жазыпты? – Қабдеш Жұмаділовтің сыны да қызық жазылған. «Бұл жігіттің жазғанын оқып отырып, оның текті жерден шыққанын байқаймыз. Бү­гінгі күнге дейін бүркіт туралы еш­кім жазған жоқ. Оны қалай баптау керек, қалай аңға салу керек? Осы­ны білетін адамдардың бар бол­ға­нына қуанып отырмын» деп жазады. Ағатайым Қарағандыда жұмыс істеп жүріп, «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысты. «Өнер және білім» бөліміне меңгеруші болды. Аға­тайымның бөлмесі әнші-жыр­шылардың ордасына айналды. Бір күні сол кабинетке Ғабит Мүсірепов те келіпті. Ол кісі «Оянған өлке» романының бір мәліметтерін біліп берші» деп өтініш айта келсе керек. Ағам Ғабеңнің тапсырмасын екі есе орындапты. Оған Ғабең таңғалып, «Бір бөлім қылып, жазып тастапсың ғой» деп риза болыпты. – Ағатайыңыздың өмірінің соңғы күндерін де «жұмбақ» көретіндер көп. – Рас, өлімін жұмбақ санайтын­дар өте көп. Жасыратыны жоқ, 2000 жылға дейін тәуелсіз елдің болаша­ғына сеніммен қарап келді. Одан кейін жүйеге риза болмай, сыни көз­бен қарай бастады. Тілді уайым­дай бастады. Елді уайым қыла бас­тады. Ол кісі ешқашан дүниеге қы­­­зыққан емес. Оның бар жиған-тергені – кітаптары. Ағатайым қайт­қанда Әбіш ағамыз: «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақ­селеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайса­ңы­ның бәрі қандай болады? Ақсе­леу­дей болады. Қазақтың қатепті қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақ­селеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады» дегені бар. Ол кісіден артық ешкім айта алмас. Ол өз аманатын жазған 1999 жылдан бастап, арғы дүниеге да­йындала бастаған секілді. «Қа­зақ­тың жігіттері жұмыс таба алмай, арба сүйреп жүр. Бұл не сұмдық?» дейтін еді үнемі. «Осындай мемле­кетте өмір сүріп отырғаныма қор­ланамын» деуші еді. Үнемі осындай уайыммен жүрді. Уайыммен өмірден өтіп кетті...