Су тапшылығы: үнем мен үрей
Су тапшылығы: үнем мен үрей
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
1,042
оқылды
Қазақстанда суды шамадан тыс ысырап етудің бары жасырын емес. Егін еккен диқан да, күнделікті тіршілік үшін су тұтынуда да толықтай үнем жоқ. Соңғы жылдары елде су тарифін көтеру мәселесі жиі айтылып жүр. Алайда бағаны көтеру арқылы елді үнемге үйрете аламыз ба? Оның үстіне үнемшілдікті «ұранға» айналдырып отырған жауаптылардың өзі су ресурстарын жөнді басқара алмай отырғаны шындық. Ысыраптан ықпаймыз Елімізде су тапшылығы ақырындап көрініп жатыр. Енді кәрі құрлық елдері көп айтатын үнемшілдік мәселесін ақыры біз де көтеруге мәжбүр болдық. Бұл тұста «қазақстандықтар жыл сайын қанша мөлшерде су тұтынады?» деген заңды сауал туады. Осыған қатысты деректер әртүрлі, дегенмен шамалас. Мәселен, әр 4 айда қазақстандықтар орта есеппен 890-900 миллион текше метр су тұтынады. Жан басына шаққанда бір жылда бір азамат тіршілік үшін 140-145 тонна су тұтынады. Ауыл шаруашылығына, суды көптеп қажет ететін салалардың бұған қатысы жоқ. Әйтпесе мөлшер тіптен ұлғаймақ. Таяуда Мәжіліс отырысында халық­аралық сарапшылардың болжамы жария болды: 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну көлемі 46 пайызға артады. Жан басына шаққандағы тұтыну деңгейі арта ма, әлде адам санының өсуі себеп бола ма, белгісіз, әйтеуір су ресурстарының тап­шылығы сезіледі. Шамасы, тапшылыққа құрғақшылықтың да әсері тиеді. Яғни, келешекте сөзсіз су тарифі шарықтамақ. Сол себепті үнемшілдік мәселесін қозғауымыз жөнді. Бірақ жауапкершілік тек тұтынушыда емес. Сенатор Ақылбек Күрішбаев мемлекет су ресурстары саласын басқаруды реттемей, үнемшілдік жайлы айтуды қисынсыз санайды. –  Анығында, біз су ресурстарын басқарып отырған жоқпыз. Тек суға деген сұранысты реттеумен шектелгенбіз. Әлі күнге дейін тіршілік нәрінің қоры туралы нақты есеп жоқ. Біріншіден, су қорының мониторингін цифрлық форматқа, қашықтан зондтау әдісіне ауыстыру қа­жет. Екіншіден, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес, Қазақстанның су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемасын жаңартқан жөн. Әрбір бассейн үшін судың нақты өзіндік құнын анықтау қажет. Онсыз су ресурстарын үнемді пайдалану мүмкін емес. Елдегі су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін төмендейді. Су ресурстарын жоспарлау және бақылау жүйесі мүлде жетілмеген. Мемлекеттік су кадастрын қазіргідей жеке ұйымдар емес, «Қазгидромет» кәсіпорны жүргізуі тиіс. Бізде көптеген су қоймаларында тіпті гидрологиялық бекеттер де жоқ, –  дейді депутат. Сонымен, мемлекет су ресурстары саласына шын жаны ашыса екі түрлі проблеманы шешуі керек. Бірінші, суға қатысты саясат. Қазір мемлекет су ресурстарын түгелдей бақылап отырған жоқ. Қағаз жүзінде жауаптылар сансыз, бірақ ешбірі жауапкершілікті мойнына алмайды. Сенатор мемлекеттік саясатты жүргізетін дербес су ведомствосы қажет деп есептейді. Екіншіден, жылдар бойы айта-айта жауыр болған дүние –  су шаруашылығында кадрлар дайындай алмадық. Сондықтан Қазақстанда су шаруа­шылығы бойынша әлемдегі жетек­ші университеттердің филиалын ашу ұсынылып жүр. Әзірге нәтиже жоқ. Қымбат баға үнемдеуге үйрете ме? Енді су тарифінің құнына байланысты тақырыпқа жеке тоқталсақ. Еліміздің әр өңірінде тұтынушылар үшін су бағасы әртүрлі. Реттілік көрмейсіз. Қазақстан бойынша ыстық судың текше метрі –  220-250 теңгеден, салқын су 40-80 теңге аралығында беріледі. Құнына қымбат не арзан деп баға беру құзырымыздағы дүние емес. Әйткенмен, саладағы сарапшылар осы кезге дейін тарифтің тым төмен екенін айтып келеді. Себебі табыс шығынды өтемейді. Құбыр­ларды жаңартуға, алыс елді мекендерге су жеткізуге мүмкіндік бермейді. Соңғы кездері мінберлерден су тарифіне қатысты мәселе жиі көтеріліп жүргеніне қарап, алдағы жылдары баға көтерілуі мүмкін деп болжадық. Онсыз да жыл басында Үкімет 2023 жылдан бастап су тұтыну мөлшеріне байланысты сараланған тариф енгізіле­тінін хабарлаған. Алайда жаңа тарифтің қалай белгіленетіні жайлы егжей-тегжейлі айтылмады. Тарифтің қымбаттауын құптамауға негіз бар. Өйткені еліміздің бар­лық аймағы түгелдей ауыз сумен қам­тыл­маған. Сөйте тұра, бағаның құбылуы көпке жақпайтыны анық. Қазақстанда әлі суға зәру 1543 ауыл бар. Онда 544 мыңнан астам адам тұрады. Біздің ойымызша, халықты толықтай ауыз сумен қамты­ғаннан кейін ғана бағаның өзгеруі турасында сөз айтудың реті бар. Батыстық кей фильмдерде көбі аңғара бермейтін бір деталь –  кейіпкерлер суды өте аз тұтынады. Ыдысты ағын суға шаймайды, жуынғанда шамадан тыс пайдаланбайды. Олар үшін бұл дағдыға айналып кеткенін түсінесіз. Себебі су қымбат. Үнемдемесе, ай сайын коммунал­дық шығын қалтаны молдап қағуы мүм­кін. Осы тұста әлем елдеріндегі су бағасын салыстырып көрелік. Көрші Ресейде судың текше метрі 256 теңгеден асады. Ал АҚШ-та судың текше метрі орта есеппен теңгеге шаққанда 1158 теңгеден көп. Ең жоғары тариф кәрі құрлық елдерінде. Еуропада су тарифі ең арзан ел дейтін Италия­ның өзінде баға –  681 теңге. Ұлы­британияда –  1545, Швейцарияда –  2325 теңге. Ең қымбат тариф Данияда –  4287 тең­ге. Бөлек құрлықтағы Жапонияда су­дың текше метрі 1153 теңгеге бағаланады. Аталған елдердің бәрінде де су тарифі елімізден қарағанда бірнеше есе қымбат. Тарифтің қымбаттығы үнемшілдікке үйретеді деп қисынға салуға болар еді. Дегенмен дамыған елдердің әл-ауқатын, экономикалық ахуалын ойлағанда пікі­ріміз біржақты көрінерін білдік. Қорыта айтқанда, Қазақстанда су шаруашылығында қордаланған мәселе өте көп. Су ресурстарын басқаруда кемшілік жетерлік. Суды пайдаланудың тиімділігі өте төмен деңгейде. Суға қойылған тариф шығынды өтемейді. Қымбаттуға қарсылық көп. Инвестиция көлемі аз, су инфрақұрылымы да ескірген. Бұл мәселелер мінберлерде айтылмады емес, талай айтылды. Бірақ жағдайдың оңалар сыңайы жоқ. Жауаптылар құлық­сыз, әлде әрекет етуге мамандардың білігі жетпейді.