Ақмола облысында қатты жел тұрып, 3 мектеп пен 40-қа жуық тұрғын үйдің шатырын ұшырды. Сонымен бірге бірқатар елді мекен жарықсыз қалды.
«25 маусымда Біржан сал және Бұланды аудандары аумағында 30 м/с жылдамдықпен соққан қатты жел салдарынан 3 мектеп пен 38 жеке тұрғын үйдің шатыры ұшты. Көптеген ғимарат бүлінген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», – деді Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ дауылдың салдарынан электр бағаналары құлап, бірқатар елді мекен жарықсыз қалған. Апаттан келген шығын көлемін жергілікті атқарушы органдар анықтап жатыр.