Журналистің құқығы шектелмеуі тиіс – Жанарбек Әшімжан
Журналистің құқығы шектелмеуі тиіс – Жанарбек Әшімжан
1,503
оқылды
Журналистикаға қызығатындар көп, бірақ бұл саланы өмірлік серік еткендері аз. Өйткені журналист ақпарат тарату үшін күні-түні тыным таппай, қоғамда болып жат­қан түрлі оқиғаның ортасынан табыла­ды. Шерхан Мұртазаша айтсақ, «Жур­­на­лис­тің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын». Солай болса да ақпарат сала­сы қыз­­­­меткерлерінің еңбегі көп жағдайда ес­керусіз қалатындай. БАҚ өкілдерінің кә­­­­сіби мерекесіне орай Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанмен әңгімелестік. – Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгеріс енгізілетіні мәлім. Жалпы, БАҚ туралы заңды қай жағынан қарау керек? – Қазір БАҚ туралы заң талқы­ланып жатыр. Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі дайын­дап, жылдың соңына дейін бекі­тіледі. Бұл мәселені Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көтерген болатын. Журналистердің ақпарат таратудағы әділеттілігіне, демократиялық ұстанымды сақ­тауына, журналистердің құқығын аяқасты етпеуге тиісті нормаларды енгізу керек. Қазір қоғамда блогер деген ұғым пайда болып, елдің тағдыры үшін жан ауыртып, адал ақпарат таратып жүрген жур­налистердің еңбегі тасада қалып жатыр. Сондықтан заңға енгізілетін өзгерістер телевизия мен радио­дағы, газет-журнал мен электронды БАҚ-тағы журналистердің құқы­ғын реттейді. Жалпы, журналис­тердің ақпарат таратудағы құқығы шектелмеуі тиіс. Бұл заң жобасы Мәжіліске жеткенше, қоғам тара­пы­нан таразыланып, ұсыныс-тілектер ескеріліп барып қабыл­дана­ды. Сондықтан жаңа өзгеріс­терден кейін БАҚ туралы заң жур­налистердің жұмыс істеу құқы­ғын қамтамасыз ететін болады. – «Журналистерге арнайы мәртебе беру» туралы ойлар жиі айтылып жүр. Бұл пікірге келісесіз бе? Егер заңға өзгерістер енетін болса, журналистер әлеуметтік мәртебеге ие бола ма? – Бұл мәселе Парламентте бірнеше рет қозғалды. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнан бөлек журналистердің әлеуметтік мәртебесін де айқындау керек. Еліміздің саяси үгіт-насихат жұмыстарында алдыңғы шепте жүрген топ болса да, журналистер мемлекеттік бағдарламалардан шет қалып келеді. Сондықтан мен журналистердің қауіпсіздігі үшін әлеуметтік мәртебесін айқындау керек деп санаймын. Журналистік қызмет не мемлекеттік салаға, не әлеуметтік жағдайын реттейтін топқа жатпайды. Сол себепті де шығар, журналистикада табандап 10-20 жыл жұмыс істейтін маман­дар үйсіз-күйсіз жүр. Олар басын бәйгеге тігіп, оқиға болып жатқан түрлі жерге барып ақпарат тара­тады. Қоғамда «журналистиканы басқа кәсіптерден ерекшелеудің қажеті жоқ» деген пікір қалыптасып қалған. Менің ойымша, бұл – қате пікір. Әлемдік тәжірибеде журна­лис­тердің мәртебесін реттегендер бар. Сондықтан дәл осы сәттерде билік тарапынан журналиске арнайы мәртебе беру керек. Өйткені күні кеше Ұлытаудағы құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев блогерлер мен кәсіби журналистердің арасын ажырату қажет деген ойын жет­кізді. Шыны керек, қазір жур­налис­тердің қызметіне бәрі келіп араласып жатыр. Сол себепті нақты осы салада білім алған, ақпараттық кеңістікте жұмыс істеп жүрген кәсіби журналистерге арнайы мәртебе керек. – Өзіңіз айтқандай, көптеген мемлекеттік құрылымдар ақпарат тарату үшін блогерлерді жиі пайдаланады. Бұл журналистиканың беделін түсірмей ме? – Иә, бұл – қоғамда бар құбылыс. Әсіресе, атқарушы билік, жергілікті әкімшіліктер көп жағдайда 30 мыңдаған тиражы бар басылымдардың емес, әлеуметтік желідегі ақпараттың жетегінде кетіп жатыр. Блогерлердің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Әлеуметтік теңсіздіктер үшін, руханият үшін күресіп жүр­ген блогерлер бар. Ал көп жағдайда жеке бастың мүддесі үшін мемле­кеттік органдарды қорқытып, солардың атына деректер жинап жүргендер де жоқ емес. Мұндай блогерлер еріксіз шенеуніктерді өздерімен санасуға ықпал етті. Шенеуніктер де «Блогерлер не жазды?» деп аңдып отыратын бол­ды. Газет-журналдарда қаншама сараптамалық материалдар мен теле-радиоларда сындар айтылып жатса да, шенеуліктер оған қалт етпейді. Сондықтан кәсіби жур­налис­тика мен блогерлердің арасын ажырату керек. Ашығын айтсақ, қазір қолына смартфон ұстаған әртіс те, таксист те, сатушы да блогер. Олар ақпарат таратушы тұлғаға айналып кетті. Осы орайда БАҚ туралы заңда осы мәселе де реттелу керек. Бұлай жалғаса беретін болса, соңы жақсылыққа әкелмейді. Биліктің түрлі баспал­дақтарында қызмет етіп жүрген азаматтар ақпарат тарату үшін блогерлерге емес, кәсіби журналис­терге жүгіну керек. – Бүгінгі журналистикадағы тағы бір өзекті мәселе – көптеген аудандық газеттердің жеке­меншікке өтіп кеткені. Аймақтағы журналис­тикаға қандай баға бересіз? – Өңірді журналист ретінде де, депутат ретінде де жиі аралаймын. Аймақтағы ақпарат құралдарының көңілге қаяу салатын тұстары бар. Бұрын өңірлік газеттер әкімшілік­тің құрылтайшылығымен шыға­тын. Қазір жекелеген қолдарға өтті. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, ертең өңірлік басылымдар өзге ағымдағы діни топтар мен түрлі саяси көзқарас­тағы топтардың қолына түсуі мүмкін. Ал ақпарат – қоғамда пікір қалыптастыратын идеологиялық қару. Сондықтан өңірлік ақпарат құралдары мемлекеттің бақы­лауында болуы керек. Дегенмен аймақтық журналистиканы әлсіз деп айта алмаймыз. Әр өңірде журналистика өзінше дамып келеді. Кешегі БАҚ өкілдері ара­сындағы «Amanat» байқауында осыған куә болдық. – Әңгімеңізге рақмет!