Ақысыз қызмет ақсап тұр
Ақысыз қызмет ақсап тұр
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
5,990
оқылды
Жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мил­лиардтап жарна аударатын науқас­тар­дың жанайқайы жауаптылардың құлағына жетер емес. Жарна құны көтерілгенмен, медициналық қыз­метті алуда әлі де кедергілер бар. МӘМС жүйесіне енген адамдар осы сақтандыру аясында ұсынылатын меди­циналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуы тиіс. Бұл бойынша созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы, халықтың белгілі бір санатына шұғыл және жоспарлы түрде көмек көрсетуі, диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика жасау, мамандандырылған жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек, меди­циналық оңалту, стационарда мамандан­дырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз ету секілді бірқатар медициналық қызмет түрі кіреді. Бірақ бұл қызметтің барлығын жарна төлейтіндер де, мемле­кеттің тегін медицина­лық қызметін алатындар санатына кіре­тін балалар мен зейнет­керлер де толық ала алмайды. Жеке клиникаларға жолдама жарамайды Жанарына ота жасататындар саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, бір ғана Алматыдағы Қазақ көз аурулары ҒЗИ-да жылына 12 мыңнан астам операция жасалады. Сол үшін қыруар қаржы тұратын көз ауруларын емдеу мен ота жасатуды екі жылдан бері мемлекет МӘМС тізіміне қос­қан. Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры көз ауруларын диагностикалау мен емдеу бойынша барлық негізгі медициналық қызметтерді қолжетімді еткен көрінеді. Тіпті, тәулік бойы және күндізгі, үйдегі стационар, оңалту, жоғары технологиялық жабдықтар мен мамандар­дың кеңестерін қолдана отырып медицина­лық көмекті алу ақысыз негізде жүргізіледі. Ережеге сенсек, ай сайын жарна құятындар өздері таңдаған кез келген емханада меди­циналық қызмет алуға құқылы. Соның ішінде жеке емханаға қараламын десе де қаржы құйып отырған соң қалауы өз еркінде. Қажет болған жағдайда емхана­ның жеке клиникасымен бірлесіп орындау шартын жасау мүмкіндігі болса, пациент өз емханасынан аталған жеке клиниканың қажетті дәрігеріне кеңес алуға жолдама сұрай алады. Алайда, бір қызығы, тегін қызметтің көлемі шектеулі. Кез келген науқас қалауынша ем алып, көз аурулары бойынша тегін қызметті пайдалануға болатын мүмкіндік шын мәнінде молынан қарастырылмаған. Мәселен, медсақтандыру мамандары берген мәліметке сүйенсек, елдегі зейнет­керлер мен балалар жүйенің шапағатын көріп жатқандар қатарында. Айталық, бүгінде 11 млн-нан астам адам мемлекеттік қолдауға ие. Соның ішінде 15 жеңілдік санатындағы науқастарға МӘМС жарна­ларын мемлекет төлейді. Ондағы зейнет­керлер мен бала­ларға көз ауруларын емдеу­ге кететін шығынды мемлекет береді. Алай­да МӘМС жүйесінің шапағатын көрген бұл санаттағы науқастар аз. Бір ғана көз ауру­лары бойынша емделу­шілер жыл сайын жанарын тексертуден бастап емдетуге дейін қалтасынан қаражат шығаруға мәж­бүр. Елордалық Асылжан Кенжебаева бала­сының көзіне ота жасату үшін офта­ль­мологтардың қабылдауынан бастап, диагностикалық тексерулерден ақылы негізде өтіп келеді екен. «Жылына 1-2 рет офтальмологтарға тексеріліп тұрамыз. Биыл көзі­нің көруі нашарлап кеткен соң операция жасату керек болды. Қаралып жүрген көз дәрігері баламның отасы үшін 500-600 мың көлемде қаражат керектігін айтты. Себебі баламның көзіне жасалатын операция өте күрделі екен. Сондықтан қымбат тұратын күрделі ота түрі тегін қыз­меттің санатына кірмейді. Ал ай сайын әкесі екеуіміз де қорға ақша құямыз. Бірақ не өзіміз, не баламызды тегін қаратуға мүмкіндік жоқ», – дейді ол. Ал алматылық Руслан Көпжасаров та зейнеткер анасының көзіне жасалатын диагностикалық тек­серу­лер мен операциясын тегін алып көр­мегенін жеткізді. Оның айтуынша, өзі зейнеткер, оның үстіне мүгедектігі бар анасына 3 рет лазерлік отаны ақылы жасатқан. Өйткені емхананың жолдамасын көргенде жеке клиникалар жүз құбылады. Мысалы, ретинальды бөлінуге байланысты ауыр операциялар көбінесе көз инсти­тутында жасалады. Осындай ауыр ота үшін мемлекет қаражат құйып жатқанымен, кепілдендірілген қызметті ұзақ күту ауруды асқындырып алады. Сол себепті емделу­шілер уақыт күттірмеу үшін ақылы негізде қаралады. Оның үстіне тіркелген емханасы науқастың қолына жолдама бергенімен, оған жасалатын диагностика мен күрделі операциялар МӘМС-те тіркелген көз аурулары клиникаларында жасалмауы мүмкін. Сондықтан, амал жоқ, жолдама болса да қабылдап алатын мекеме өз қалауынша көрсетілген қызметіне қаржы талап етеді. Бұдан бөлек, МӘМС шеңберін­де жүргізілетін офталь­мология­лық опе­рация­лардың тізбесінде көзге жасалатын күрделі хирургиялық ота түр­лері аз. Оқыс жағдай жүйеге жатпайды Жақында алматылық Әсел Айтуарова орындықтан құлап, тұра алмай қалған зейнеттегі анасын жедел жәрдеммен ауруханаға апарғанын айтады. Сол күні дәрігерлер науқасқа анализ талдамаларын жасатып, тексерістен өткізген. Нәтиже­сінде, қарт әженің омыртқасы сынғаны анықталып, ертесі тиісті тексерістер жасалады. «Дәрігердің айтуы бойынша, қарт кісі болғандықтан денсаулығында өзге де сырқаттарды анықтау маңызды болды. Сол үшін мәжбүрлі түрде тексеру жасатуға тура келгенін айтты. Әрине, ол дұрыс та шығар. Әрбір тексеріс үшін 20 мыңнан аса ақша керек екен. Анамыздың амандығы үшін қаражатты қалай да тауып береміз. Бірақ МӘМС жүйесі бойынша өзі зейнеткер, оның үстіне мүгедектігі бар қарттар жеңілдетілген санатқа жатады екен. Олай болса, отаға дейінгі тексерістер неге тегін болмады?» – дейді Әсел Айтуарова. Дәл осындай оқиға Алматы облысының тұрғыны Санжар Асыловтың да басынан өткен. Ай сайын жарна құятын ол да денсаулығы үшін ақылы негізде тексеріс жүргізуге келісім беріпті. Расында, зейнеткер мен балалар мем­лекеттің жеңілдетілген санатына жатады. Сол үшін оларға мемлекет медициналық қызмет үшін ақы қарастырады. Бір қызығы, оқыс жағдайда шұғыл түрде жасалатын операция алдындағы қосымша диагностикалық тексерістерді мемлекеттік ауруханалардың өзінде ақылы тапсыруға тура келеді. Ал тегін қызметті алу үшін емханадан жолдама алып, айлап кезекке тұру керек. Бұл уақытта омыртқасы сынып, басы жарылған науқастың ұзақ күтуге уақыты болмайды. Сол үшін МӘМС жүйе­сін­дегі қитұрқылықтар салдарынан халық тегін медициналық қызметті ақылы негізде алуға мәжбүр.