Кедірі көп кәсіп
Кедірі көп кәсіп
537
оқылды
Елімізде ғылыми журналистика бағытында қалам тер­бейтін басылымдар саусақпен са­нарлық. Бұқаралық ақ­парат құрал­дары отандық ғылым­ның жаңалығын бөлісіп отырады. Алайда те­леар­нада, мерзімді ба­сы­лымдарда жарияланатын контенттің басым бөлігі – ақ­парат, ары кетсе, бөлек айдармен берілетін бірді-екілі мақала немесе ға­лым­мен сұхбат. Кезіндегі «Зерде» журналы сияқты республикаға тарайтын, ұстанар бағыты жағынан ғылыми-көпшілік басылым жоқтың қасы. Неліктен? «Зерде» журналы (1960 жылы «Білім және еңбек» деген атпен шықты, ол кезде белгілі публицист, қаламгер Камал Смаилов редакторлық етті) химия, астро­номия, тарих, техникалық ғылымдар бойын­ша әртүрлі мәселелерді кө­тереді. «Ғылым», «Мирас», «Тарих», «Оқырман хаттары», «Ғарыш», «Жаңалық», «Естіме­ген елде көп» сияқты қызықты айдарлары болды. Бү­гінде ғылымның түрлі саласын қамти­тын, қамтып қана қоймай, мәселе көте­ретін, қызықты контент ұсынатын ба­сылымдар кемде-кем. 2016 жылдан бері оқырманға жол тар­тып, ғылыми-танымдық бағытта эксклю­зивті контент ұсынып жүрген National Geographic Qazaqstan журналы бар. Жылына 12 рет қазақ тілінде шығатын басылымның таралымы – 5 мың дана. Бұдан өзге, Oyla атты оқушылар мен ата-аналарға арналған қазақстандық тұңғыш ғылыми-көпшілік журнал болды, жеті жыл ішінде 79 нөмір ұсын­ды. Әлемнің 15 елінде 6 тілде шы­ға­рыл­ған журнал биыл наурыз айында жа­былды. Бір қызығы, ғылым саласына жазатын­дар бұл тақырыпқа оқырман тарапынан қызығушылық жоғары екенін алға тар­тады. Oyla журналының қоштасу жаз­басында: «Қазақтың OYLA сөзін дүние­жү­зіндегі 300 мыңнан астам оқырман білді. Біздің журнал еліміздің пайдалы қазба­ларды ғана емес, зияткерлік өнімдерді де экспорттай алатынының үлгісіне айналды. Бізді ойлағанымыз іске аспайды деп сен­дірген. Нарық, қажеттілік, оқырман жоқ, интернетте бәрі бар, жеткізу және басып шығарудың құны қымбат, әлем деңгейін­дегі бәсекелестер бар және тағы басқа. Бі­рақ біз жетістікке жеттік. OYLA – жур­нал ғана емес. Біз ғылымға құштар жан­дарды байланыстыратын кеңістік құрдық. Көп екенімізге көзіміз жетті: Лондоннан Таразға, Алматыдан Сеулге, Нью-Йорктен Канберраға дейін. Ғылым туралы қазақ тілінде жазғанымызды мақтан тұтамыз», – деп жазды. Ғылым тақырыбына жазып жүрген журналист Айдана Шотбайқызы да ғы­лыми-танымдық материалдарға оқырман­ның қызығушылығы жоғары екенін ай­тады. «Тек сол сұранысты қазіргі қазақ жур­налистикасы қанағаттандыра алмай жатыр. Медиаменеджерлердің, медиа саласына жауапты ірі ведомстволардың ғылыми журналистикаға көзқарасы, жанашырлығы жоғары деңгейде емес. Мәселен, ақындардың қомақты жүлдесі бар мүшәйралары я болмаса спорт, эко­номика, қаржы тақырыбына жазатын журналистерге арналған байқаулар көп. Егер мемлекет тарапынан ғылыми-та­нымдық тақырыпта жазуға ынталанды­ратын жүйелі іс-шаралар жүзеге асса, бұл саладағы контент те көбейеді», – дейді тілші. Ғылым саласына деген қызығушы­лықтың аз болуын медиамамандар әртүрлі түсіндіреді. Бірі – бұл салаға мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау жоқ десе, екінші топ аталмыш мәселенің түйткілін ғылым саласының жүйесіздігімен байланыстырады. «Бұрын «Зерде», сондай-ақ химия, радиоэлектроника, инженерия және тағы басқа салалар туралы бөлек-бөлек жур­налдар көп болатын. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралда­рында ғылымды насихаттау кем болып қалды. Біріншіден, бұл – ғылымның төңірегінде жүрген ғалымдар, еліміздегі ғы­лым саласын дамытуға жауапты меке­ме­лердің, ведомстволардың кінәсі. Өйт­кені ғылымды дамытудың ішкі механизмі, жүйесі дұрыс болмағаннан кейін сәйке­сін­ше бұқаралық ақпарат құралдарында да насихаты азайды. Мәселен, журналист қандай да бір ғылыми тақырып туралы ма­қала жазғысы келсе, бізде қандай ғы­лыми база бар, қандай ресурс бар, жал­пы аталмыш индустрияның жай-күйі қан­­дай екенін білмейді, білу де қиын. Бү­гінде көптеген ғылыми-зерттеу инс­титу­ты­ның жағдайы қиын. Алматыда ке­зінде Ұлттық ғылым академиясына қара­ған ғылыми-зерттеу институттары­ның жағ­дайын мы­салға алыңыз. Ғылымға көзқарас на­шарлап кеткеннен кейін, сәйкесінше оны насихаттау да төмендеп қалды. Егер елімізде бұл сала қарыштап да­мып жатса, күнделікті ғылыми жаңа­лық­тар болса, оны БАҚ жарыса жазатын, сол арқылы ғылыми журналистиканың өзіндік ортасы, мектебі пайда болады», – дейді Abai tv теле­арнасының директоры Азамат Кеңесұлы. Сондай-ақ сарапшы журналистерді даярлайтын саланың өзінде жастарды ғылым тақырыбын жазуға бағыттау ісі кемшін екенін айтады. Оның пікірінше, жоғары оқу орындары әр журналистің қарым-қабілетіне қарай белгілі бір салаға бағыттап жіберсе, салалық журналистика дамитын еді. Осы және өзге де кешенді мә­селелердің себебінен ғылыми журна­листика дамымай тұр. Шын мәнінде, бүгінде республикаға таралатын көпшілік газет-журналдардың өзінде ғылым сала­сын жазатын журналистер аз. Мұны осы саланы жазудың қиындығымен байла­ныстыратындар көп. Ғылым тақырыбына жазу кезіндегі қиындықтар туралы Айдана Шотбайқызы: «Бұл тақырыпты жазу кез келген кәсіби журналистің қолынан келеді деп ойлай­мын. Дегенмен бұл саланы жазудың өзіндік қиындығы бар. Отандық ғылым саласы туралы айтар болсақ, ақпарат беру мәселесі жолға қойылмаған. Бұл мәселе ғалымдарға немесе белгілі бір мекемелерге қатысты деп айта алмаймыз. Көп ғалым­дардың вакуумда өмір сүруі, 90 жылдар­дағы ғылымдағы тоқыраудан кейін көп маманның басқа салаға ауысып кетуінің салдары деуге болады. Егде жастағы ға­лымдардың көбі вакуумда, яғни олар ғылым өз нәтижесін бергенде ғана жарық­қа шығуы керек деген ұстанымда өмір сүрді. Қазір, керісінше, ғалымдарға тағы бір міндет жүктеліп жатыр – өз жұмысын көрсету, насихат жұмысымен айналысу ісі. Бұл – заман талабы. Қазір ғалымдардың жұмысы да жарияланым санымен өлше­нетін болды. Әйтсе де, журналист үшін отан­дық ғалымдардан ақпарат алу қиын­дау. Әлі де олардың өз жұмысын жеткілікті, қарапайым тілмен түсіндіру дағдысы жетіңкіремейді. Ғалымдар өз жұмысы туралы айтып бергеннен гөрі, зертханада жұмыс істегенді құп көреді. Оның ішінде қазақ тілінде сөйлеп беретін ғалымдар аз, ақпараттың көбін орыс, ағылшын тілді мамандардан аламыз», – дейді. Бұл орайда ғылыми журналистиканы дамыту үшін ғылымның өзінде де менед­жмент болуы керек. «Ғылыми-зерттеу институттарында жақсы жаңалықтар ашылып, олар қызу жұмыс істеп жатқан да болар, бірақ оны кім насихаттап жатыр? Қазір нарық за­маны, сондықтан әр мекеме өз жұмысын наси­хаттауға, жаңалығымен бөлісуге мүдделі болуы керек. Өз басым ғылыми ме­кеме­лердің тарапынан мұндай серік­тестікті көп көрмеймін. Мәселен, архео­лог­тар жыл сайын қаншама қазба жұмы­сын жүргізеді. Бірақ олардың эксклюзивті жаңалықтарын біле бермейміз. Олардың жұмысы ғылыми есеп ретінде тіркеліп, мұрағатта шаң басып жатады. Ал ішіндегі маңыздысын сен­сацияға айналдыру – осы салаға жауапты инс­титуттың міндеті», – деп атап өтті Азамат Кеңесұлы.

Асыл ТҰМАР