Мектептегі мәзірде де мін бар
Мектептегі мәзірде де мін бар
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
975
оқылды
Енді еліміздегі мектептер ас мә­зірін интернетте жариялауға мін­деттелетін болды. Сол арқылы ата-аналар баласының мектепте не ішіп-жеп жүргенін біле алады. Әйт­песе мектептегі тамақтың сапасына көптің көңілі толмайтын. Талай дауға ұласқан кездер болды. Мәзір интер­нетте жарияланғанымен тағамның соған сай сапалы екенін кім бақы­лайды? Міндеттеу мәселені шеше ме?
Елімізде бірегей типті ас мәзірін даяр­лаумен тамақтану академиясы айналы­сады. Кейін оны Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мақұлдайды. Соның негізінде барлық мектеп жеке ас карталарын құ­рады. Осы күні Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрлігі мектептердің тип­тік мәзірін жаңалау үстінде. «Біз нор­маны бекіттік. Бірер күнде бұйрыққа қол қойып, ол бойынша әр мектеп ата-ана­ларға арнап, «Күнделік» немесе басқа да жүйелер арқылы белгілі бір порталда ас­хана мәзірін жариялауға міндеттеледі. Тамақтану тақырыбына келгенде ақпарат­тың ашықтығы маңызды», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Негізі, мектептегі ас мәзіріне қатысты проблема жетерлік. Кейбір мектептерде тағамдардың бағасы шамадан тыс қымбат. Жарты литрлік минералды ауызсудың бағасы 300-350 теңге тұратын жайлар да кездескен. 2016 жылы мектептегі тағам рационы бойынша бірыңғай стандарт енгізілді. Бірақ одан бала түгілі ата-аналар хабарсыз қалды. Стандарттағы 4 апталық ас мәзірі туралы көбі сол күйі білмей кетті. Енді салаға жауапты ведомство мәселені ашық жариялау арқылы шешпек. Ата-ана ас мәзірін ғаламтордан қарар, дегенмен ол тағамның сапасын қалай бақылай алады? «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігі­нің төрағасы Мейіржан Темірбек егер ас мәзірін білсек, сапасын бақылау оңай іс екенін айтады.
– Мектепке қажетті азық-түлікті жет­кізушілер болады. Тендермен алатынын білеміз. Көп кінәрат соларда. Бізге бұрын шағымданғандар жетерлік. Мәселен, астың орнына сылдыр су берген жағдайлар кездесті. Оны балалар жемейді де. Дәміне қатысты шағым көп. Кезінде Шу қала­сында мектептегі ас мәзіріне байланысты үлкен дау болған. Бекітілген ас мәзірін ата-аналар көре алмаған соң жөнді тек­серіс өтпейді. Сондықтан мәзірді интер­нетке жариялаған дұрыс. Әрине, мәзірді білген бір бөлек, тағамның сапасы өзге әңгіме. Бірақ ата-ананың, тексеруге құ­зыры бар жауапты адамдардың қолында тізім болса, кез келген уақытта астың сапа­сымен салыстырып, кемшілігін анықтай алады, – деді ол.
Ал мектеп асханасын жалға алатын кәсіпкерлердің де өз бас ауруы бар. Мы­салы, асхананы бір жылға ғана жалға алу олар үшін тиімсіз. Өйткені сол аралықта табысы сатып алынған құрылғылардың да құнын ақтап үлгермейді. Сонан соң тамақ сапасына бейжай қарауы мүмкін. Сон­дықтан жауаптылар асхананы жалға алу мерзімін 3-10 жыл арасында бола­тындай етіп қарастырмақ. Сапа сын көтере ме? 2018 жылы елімізде мектеп жасындағы балалар арасында ас қорыту жүйесі ауру­ларының көбейгені жарияланды. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни әрбір бесінші жас жеткіншек артық салмақтың зардабын тартатын болған. Оның бәрі дұрыс тамақтанбағаннан туындап отырған мәселе екенін мамандар алға тартқан. Елімізде оқушылар үшін тамақтанудың типтік тәртібі бар. Онда баланың дене бітіміне, жас ерекшелігіне байланысты қандай тағамнан, сусыннан қанша грамм ішіп-жеу керегі жазылған. Мәселен, 6-10 жас аралығындағы бала бір күнде 33 грамм жеміс шырынын, 4 грамм кисель ішуі керек. 1 грамм ғана жұмыртқа жейді. Мектеп оқушыларының тағамында тұздың ұсынылған мөлшері күніне 5 грамм немесе 1 шай қасықтан аспауы тиіс. Осы сияқ­ты басқа тағам түрлерінің тізімі жал­ғаса береді. Осының бәрін асхана қыз­меткерлері ескеріп, әрбір тағамды таразыға тартып, өлшеуі керек. Алайда мектептегі асханада оқушының жасына қарай тағамды таразыға өлшеп тұрмайды. 2017 жылы мектеп асханасында оқу­шылардың денсаулығына зиянды тағам­дарды сатуға тыйым салынды. Бірақ бала­лар мектеп сыртындағы дүкеннен түрлі тағам сатып алып жүр. «Білім беру нысан­дарына қойылатын санитарлық-эпи­де­миологиялық талаптар» ережесінің 119-тар­мағында газдалған сусындар, пицца, шұжық сияқты арзан әрі сапасы төмен тағамдарды балаларға беруге рұқсат етілмейді. Мектеп сыртындағы дүкендерге бұл талапты қоя алмайсыз. Ереже бойынша тек мектептің ішіндегі жағдайды бақылауға құзырлы. Бұл мәселедегі жауапкершілік ай­налып келгенде ата-ананың өзіне жүк­телетіндей.
Не десек те, мектептегі асханалардан ши­кілік көп шығып жатыр. Соңғы жыл­дары тексеріс жекелеген талап-арыздарға байланысты болып кетті. Ал 2017-2018 оқу жылында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандар білім беру ұйым­да­рының ас блоктарына 4 145 тексеру жүргізген екен. Соның нәтижесінде жиі кез­десетін небір құқықбұзушылық анық­талған. Әсіресе, мектептердегі өнімнің сақ­талу шарттары мен жарамдылық мер­зімі өтіп кеткен, ас дайындайтын ыдыстар мен құрылғыларды күтіп ұстамаған, тех­нологиялық, тоңазытқыш жабдықтары мен мүліктері таңбаланбаған, жабдықтар мен мүліктерді сақтау және өңдеу ере­желері бұзылған. Бұл тек бір шеті ғана. Тіпті, қызметкерлер жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамаған болып шыққан. Бірақ құқықбұзушылық жасағандар жұ­мы­сынан шеттетіліп, айыппұлмен құты­лады. Әр жыл сайын шамамен мектептегі асхана мәселесіне байланысты 5-6 іс қана сотқа жолданады. Ал мамандар «мектеп асханаларында кездесетін құқықбұзу­шы­лықтар барлық өңірде бар, бірдей дең­гейде» деген қорытынды шығарған.
Түйіндер болсақ, мектеп асханасын­дағы мәзірді ашық жариялау – құптарлық қадам. Әйтсе де, проблеманы толық ше­шілді деуге келмеді. Оқушыларға ұсынатын тағамның сапасына қатысты сын көп. Енді оқу жылының басталғанын күтіп, ас мә­зірінде не өзгеріс боларын, оған оқушы­лардың көзқарасы қандай екенін білген абзал деп шештік. Әйтпесе сансыз құжат реттемеген жағдай бір амалмен жөнге келеріне сенім аз.