Базар иісі аңқыған...
Базар иісі аңқыған...
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
681
оқылды
Қазақстанда ірі базарларға жап­пай тексеру жүргізіліп жатыр. Мұн­дай науқан ел тарихында бұрын-соң­ды болмаған. Тексерулерге бірден он мемлекеттік орган жұмылдырыл­ды. Сауда министрлігі базарларға қатысты мұндай пәрменді шаралар­ды қабылдау тек Президент арнайы тапсырма берген соң мүмкін болға­нын айтады. Осыдан кейін 4 наурыз­да прокуратура базарларға жоспар­дан тыс тексерулер тағайындаған. Елде енді даладағы сауда орында­рын тәртіпке келтіру бағытында ау­қымды жұмыс басталғандай. Жаңғырмауының себебі анықталды Бүгінде меморган өкілдерінен тұратын комиссия мен жұмыс тобы құрылып, жұ­мыс істеуде. Олар еліміздің барлық өңірін­де ірі сауда орындарына рейд ұйымдасты­рып жатыр. Қазіргі кезде 122 алып базар тексерілген. Біраз былықтың беті ашылған. Бұл сала – ең артта қалған сектордың бірі: тіпті, астананың өзінде алыпсатарлар қолға түскен нәрседен құрастыра салынған дүңгіршек-шатырсымақ астында сауда жасай береді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің баға­лауын­ша, қожайындары жауапкершілігінің болмауы және мүдделілік танытпауы ке­сірінен базарларды модернизациялау деңгейі өте төмен. «Олар тіпті ең төменгі еңбек жағдай­ларын жасауға және тұтынушылардың талабын қанағаттандыруға асықпайды. Сондықтан мемлекет жаңғырту мерзім­дерін 2025 жылға дейін қайтадан ұзартуға мәжбүр. Өйткені Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылы 42 сауда базарын мо­дернизациялаудан өткізу жоспарланған. Алайда соның небәрі 12%-ы немесе 5 базар жаңғыртылды. Жалпы алғанда, 2025 жылы 103 базар жаңғыртудан өтеді. Біздің болжамымызша, тіпті Алматы және Шым­кент қалаларының өзінде базарлар заңда белгіленген мерзімде жаңғыртудан өт­пейді. Оларды жаңғырту мерзімдерін тағы ауыстыруға тура келеді», – деп пессимизмге бой алдырды Сауда комитеті. Базар иелері жаңғыртудың уақытында жүргізілмеуіне артық қаржылық ресурс­тардың жоқ екенін алға тартып келген. Асқар Мамин Үкіметі, Атамекен палатасы оларды аяп, модернизация жүргізгеніне салықтық жеңілдіктер мен преферен­ция­лар да ұсынды. Бірақ Бас прокуратураның басшылығымен жүргізіліп жатқан тексеру­лер бәрі шынында бос сылтау екенін, базар қожайындары жүздеген миллион теңгемен есептелетін орасан табысын жасыратынын әшкереледі. Осы мақсатта бизнесмендер заңнамадағы олқылықтарды пайдаланады. Мысалы, сауда алаңдарын сыбайлас фир­маға арзанға жалға береді, ол өз кезегінде сауда орындарын қымбатқа субарендаға таратады. Ведомствоның дерегінше, Шымкент­тегі Qyrgy Bazar иесі делдал арқылы сауда алаң­дарын жалға беріп, жылына 200 млн тең­ге пайда табады, делдалының пайдасы – жылына 400 млн. Мұның бәрі қымбат субаренда арқылы азық-түлік құнына кері әсер етеді. Жалға берудің осы тетігі Шым­кенттегі 10 базардың 7-уінде, сондай-ақ Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен елордада әшкереленді. Яғни, базарлардың заманға сай жаң­ғырмауының және бақылау-кассалық ап­параттар сияқты технологияларды ен­дір­меуінің астарында қаражат тапшылығы емес, мол табыс пен сауда айналымын жа­сыру талаптары жатқанға ұқсайды. Көзбояу тірлік көлеңкені «тудырды» Сарапшылардың тұжырымдауынша, саланың былығуына биліктің өзі жол бер­ді. Ведомство бұл саланы бақылаушылар өте көп екенін қаперге салды: арасында – Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдай министрліктері, құқық қорғау органдары, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, барлық әкімдік пен олардың құрылымдары бар. Бақылаушы және қадағалаушы органның қап­тап өріп жүргеніне қарамастан, базар­лардағы сауда тұтасымен дерлік көлеңкеде қалып тұр. Ауыл-аймақ түгіл астана мен Алматының өзінде орталық базарларда сауда-саттықтың ашық есебі жүргізілмейді, сатып алушыларға чек берілмейді. Са­лықты аз төлеу үшін сауда айналымының шынайы көлемін жасыруға базарлардың қожайындары ынтық. Құрылған арнайы комиссия ескі Қа­зақстан билігінің ісін сынады: «шағын бизнесті тексеруге жиі мораторий жасау ақыры жосықсыз бизнестің дамуына ық­пал етті». Сауда комитеті тағы бір түсініксіз тірлікке назар аудартты: базарлардың өз қызметі мүлдем тексерілмейді, өйткені заң­­нама тек соларда сауданы жүзеге асы­ра­тын субъектілерді – саудагерлерді және олардың өнімдерін тексеруге ғана бағыт­талған. Сорақылығы сол, шенеуніктер бұл са­ланы тәртіпке келтіруге бағытталған талаптар мен баптарды көз қылып қана қабылдаған: оларды бұзғандарға еш жаза қарастырылмапты. Сауда ведомствосының мәлімдеуінше, базарлар қызметін рет­теудің қолданыстағы заңнамасын талдау көрсеткендей, базар иелері мен олардың әкімшілерінің жауапкершілігін бекітуде қаптаған олқылық бар. Нақтыласақ, заң­нама талаптары, ішкі сауда субъектілерінің міндеттемелері мен ережелері бар, ал олар­ды бұзғаны үшін Қылмыстық кодекс түгіл Әкімшілік кодексте әкімшілік айыппұл қарастырылмаған. Және саладағы бұзу­шылықтарды анықтау бойынша мемле­кеттік бақылау тетігі жоқ көрінеді. «Бұл проблема салада көлеңкелі эко­номиканың өсуіне әкеліп соқтырды: ол ЖІӨ-нің 5,57%-ына тең. Бұған сауда қызметін реттеуде тиімді мембақылау мен қа­дағалаудың жоқтығы, базар ашу үшін рұқсат беру бақылауының болмауы салдарынан жол берілді. Әлі күнге дейін саудагерлерде бақылау-кассалық аппарат жоқ. Базарларда тұтынушылардың құқығы сақталмайды. Техреттеу және метрология талаптары бұзылады, таразыдан жейді. Антисанитария жайлаған. Ветеринарлық нормалар бұзылады. Өртке қарсы қауіп­сіздік сақталмайды. Базардағы жұмыс­керлер жұмысқа ресми орналаспайды, зейнетақылық жарна аудармайды», – деп хабарлады министрлік. Сала ондаған жыл бойы қордаланған былықтан арылуға кіріседі деген үміт бар. Сауда комитеті базар иелерінің құқығы мен міндетін бекіту, барлық базар қызметін лицензиялау, оларға қатысты мемлекеттік қадағалау тетіктерін енгізу, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында деректермен ашық және тиім­ді алмасуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені әзірлеу бөлігінде қолданыстағы сауда қызметін реттеу туралы заңнамаға түзету енгізуде. Бір базардан мың жөнсіздік Бақыт Сұлтанов басқаратын минис­трлік атышулы «Алтын Орда» базарын мысалға келтірді. Оған қатысты тексеріс­терден белгілі болғандай, 90-жылдардың басында ашылған бұл қара базар 28,9 гек­тарды алып жатыр. Оның аумағы 3 қо­жайынға тиесілі: Kurylys LTD ЖШС (21,9 гектарын, барлық жердің 75%-ын ен­шілеген, онда 44 ғимарат орналасқан), Meat King (0,996 гектар, 3 объект) және «Алисултанова» жеке кәсіпкерлігі (6,02 гектар, 16 ғимарат). Бұл қожайындардың бәрі өз жер учаскелерін Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС-ына (директоры және құрылтайшысы – Д.Әбдіғапаров) жалға берді. Салықшылардың дерегінше, соның ішіндегі алпауыты Kurylys LTD ЖШС 3 жылда салықтың барлық түрі бойынша бюд­жетке бар-жоғы 41 млн теңге төлеп­ті: 2019 жылы – 15 млн, 2020 жылы – 8 млн, 2021 жылы 18 млн теңге. Биылғы ақпан­да ка­мералдық бақылау нәтиже­сінде ком­па­ния қызметінен 298 мил­лион теңге салық заңнамасын бұзу­шылық анық­талды. Бүгінде ол соның 106 млн теңгесін төледі. Тексеру көрсеткендей, ЖШС аума­ғындағы 44 құрылыстың 26-сын иелері рұқсат беру құжаттарынсыз, өз бетінше салып алған. Соның 7-еуі Ақсай өзенінің су қорғау аймағы шегінде тұрғызылыпты. Масқарасы сол, құзырлы органдар оның 17 объектісін сүру туралы актілер шы­ғар­ған. Алайда ол объектілердің бәрі толық­қанды жұмыс істеуін жалғастырған. Тексерушілер келесі жаға ұстатар жайт­ты әшкереледі: базар аумағында Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС-ның шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайда­ла­ны­латын су тарту құрылғысы тұрғызылған. Бірақ су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган оған арнайы су пайдалануға рұқсат бермегені мәлім болды. Су ресурсын қанша көлемде шы­ғындайтыны да белгісіз, есеп жүргізілмейді. Су өлшеу аспаптары жоқ. Тіпті су объек­тісін пайдалану туралы ақпаратты уәкілетті органға бермейтін болған. Биліктің қаңтар оқиғаларына дейін неге бұған көз жұма қарап, төзіп келгені түсініксіз. Өз кезегінде Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС 3 жыл ішінде салықтың барлық түрі бойынша ауыз толтырып айтуға жарамай­тын 94 млн теңге ғана аударды: 2019 жылы – 28 млн, 2020 жылы – 31 млн, 2021 жылы 35 млн теңге. Ақпандағы камералдық ба­қы­лау оның қызметінен 1,3 млрд теңгеден астам соманың бұзу­шылықтарын анықта­ды. Оның 1,1 мил­лиардын төлеп тастапты. «ЖШС жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз «Алматы–Бішкек» авто­мобиль жолының бойында, яғни қызыл сызық шегінде ортақ пайда­ланымдағы жерлерді басып алған. Онда жалпы ауданы 321 шаршы метр жерде сауда бутиктері салынған. Мұның сыр­тын­да, базар аума­ғы­на жалпы ауданы 1,3 гектар мемлекет мен­шігіндегі жер учас­келері кіріп кеткен», – деп мәлім етті Сауда министрлігі. ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі қа­ғидаларын бұзудың 200-ден аса фактісін тапты. Қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, СЭС, ауыл шаруа­шылығы орган­дары, басқасы да жөн­сіздік­терді тіркеді. Базар аумағында мыңдаған бизнесмен көлеңкелі саудамен айналысатыны анық­талды. Тексерістер нәтижесінде 2 898 биз­нес субъектісі тіркеуге қойылды. Сондай-ақ базар аумағында 63 ғимарат, 3 су мұна­расы, 4 408 сауда орны бар екені айқындал­ды. Алайда компания өз есептері мен декларацияларында тек 11 ғимарат пен 3 600 сауда орны бар екенін көрсеткен. Тек осылар бойынша салық төлеуден жалтару көлемі 400 млн теңгеден асты. Жұмыс тобы мүшелерінің бағалауынша, «Алтын Орда» базары сауда орындарын, автокөлік тұрақтарын ұсынудан ғана жылына ең кемі 3 миллиард теңге алым жинап келді. Бү­гінде базар басшылығы ауысқан. Ақпарат құралдары­ның жазуынша, базарды тәртіпке келтіру шаралары басталған. Жалпы, тексерушілер анықтаған былықтарды бүге-шүгесіне дейін терсе, бірнеше томға тартуы ықтимал. Оларды түзету де бірнеше жылға ұзауы мүмкін.