Жазғы дабыл: судан сақтан!
Жазғы дабыл: судан сақтан!
831
оқылды
Жаз басталғалы Қарағанды облысында өзен-көл жағалап, суға түсуге асыққандардың саны көбейді. Дегенмен қай­ғылы жағдайлар да жиі­леді. Шомылу маусымы ашыл­ғалы бері аймақта 9 адам суға кеткен, оның 4-і – бала. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, былтыр жаз мезгілі кезінде 19 адам суға кеткен. Ал биыл жаздың бел ортасына жетпей жатып 9 адам суға ақты. Қайғылы оқиғаға ұшыраған 4 баланың біреуі Абай ауданындағы Жартас ауылы маңындағы су айдынына, екіншісі Майқұдық­тағы Көгілдір тоғандар суына, қал­ған екеуі Теміртаудағы Самар­қанд су айдыны мен Нұра өзеніне батып кеткен. Осы аптада тағы 2 бала қазаға ұшырап, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылы маңындағы су қоймасынан денелері табылған. Мамандар мұндай қайғылы жайттың жиілеу себебін ата-аналардың қарауынсыз баланың тыйым салынған жерлерге суға түсуінен болғанын айтады. – Біз балаларға, ересектерге радио, теледидар арқылы қауіп­сіздік жөнінде әрқашан хабарлаймыз. Қазіргі кезде облыста суға түсуге рұқсат етілмеген 283 су айдыны бар. Алайда ескертуді елемейтіндер көп. Тыйым салынған жерлерге суға түскендерге әкімші­лік айыппұл салынады. Ал балалар суға түссе, оларды бірден полиция алып кетеді. Полиция бөлімшесінде ата-аналар мен балаларға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылады. Егер екінші рет қайталанса, әкімшілік айыппұл салынады, – дейді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерасыл Сайпаш. Шомылу маусымы кезінде Қа­рағанды облысында 85 адам жауап­қа тартылған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы жағдайлар болмас үшін судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі ескеру қажетін айтады. Егер балалар жүзу білмесе, белден жоғары деңгейде түспеуі қажет. Ата-аналар да балаларын қараусыз қалдырмағаны маңызды. Тағы бір ескертетін жайт – суы бар жердің бәріне шо­мылуға болмайды. «Сырын біл­меген аттың сыртынан жүрме» дей­ді қазақ. Асау өзеннің ағысы ағы­зып әкететіні, тұңғиық көлдің тартып алатыны әрқашан есте болуы керек. Жалпы айтқанда, «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген сөз баршаның қаперінде болуы керегін ескертеді. Су жағасында орналасқан елді мекендер көп. Балалар жаз басталып, күн төбені тескенде аптап ыстықтан қашып, көлге ағылады. Осы күні Балқаш көлі маңында тұратын тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. – Балаларымыз жаз басталғанда көл жағасынан шықпайды. Күн ұясына батқанша көлге шомылады, қызықтайды, ойнайды. Көл жағасына бүкіл отбасымызбен барамыз. Алайда кішкентай балаларды көз алдымыздан қалт жібермейміз. Олар суда жүзе алмайды. Қолынан ұстап өзіміз жүзуді үйретеміз. Су жағасында тұрған соң қорқыныш та бар. Балаларымыз ес біліп, есейгенде достарымен бірге көлге барып, ойнап жүріп, қауіп-қатерге ұрына ма деген уайым басым. Дос­тарының «алысқа жүзе алмайсың» деген сөзіне намыстанып, қаншама баланың суға кеткенін көріп жүрміз, – дейді Гүлшат есімді Балқаш қаласының тұрғыны. Рас, бір кездері дәл осындай оқиғалар болған. Ойнаймын деп, от басып, абайсызда ажал құшқандар көп. «Жазғы демалыс кезінде білім беру ұйымдары балалар қауіпсіздігіне қалай көңіл бөледі?» деген сауал көпті мазалайды. – Шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Білім бас­қармасы судағы төтенше жағдайлар кезінде балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен мақсатты жұмыс жүргізеді. Оқу жы­лында мектептерде ата-аналар мен оқушылар үшін сынып сағаттары, судағы және су маңындағы қауіпсіздік жөнінде ата-аналар жиналыстары, «Төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсету», «Дәрігерге дейінгі ал­ғашқы көмек көрсету» тақырыбында практикалық сабақтар өткізілді, тақырыптық жадынамалар әзірленіп, таратылды, – дейді Қарағанды облыс­тық Білім басқармасы Тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы, ар­найы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева. Жыл сайын маусым айынан бастап шомылу маусымы аяқтал­ғанға дейін білім басқармасы «Қауіпсіз жаз» акциясын, облыс­тық және қалалық, аудандық «Жас құтқарушы» жарыстарын өткізеді. Дегенмен суға асыққан баланы бұл амал тоқтатпай тұр. 23 маусымда Павлодарда көлге түсіп, демалуға барған екі бірдей отбасы қара жамылды. 2008 жылы туған қыз бен 2013 жылы туған ұл­ды құтқару кезінде Қарағанды об­­лысында тұратын 1978 жылы туған және 1986 жылы туған ер адам суға батып кетті. Қауіптің ба­рын білге­німен, жұрт рұқсат етіл­меген жерлерге суға түсуін доғарар емес.

Қарағанды қаласы