Қызылордалықтар қоныстойын тойлады
Қызылордалықтар қоныстойын тойлады
1,206
оқылды
Сыр өңірінде тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға жаңа баспананың кілті табысталды. Қоныстойын тойлаушылар қаладағы ПМК-70 шағынауданында бой көтерген бес қабатты тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтерлерге қоныстанды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Отбасы банк» арқылы салымшы атанып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа баспанаға қол жеткізген халықтың қуанышымен бөлісті.
«Соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, халықты жайлы баспанамен қамту мәселесі шешімін тауып келеді. Бүгін бәріміз сондай кезекті қуанышты сәттің куәсіміз. Зәулім тұрғын үй ғимараттары қаламыздың келбетін де аша түсті. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын тауып, талай жандар жайлы баспанаға қол жеткізетін болады. Бұл бағытта атқарылар істер ауқымды. Бүгінгі қуаныш иелерін қоныстарымен құттықтап, отбасына амандық, береке-бірлік тілеймін!» – деп аймақ басшысы игі тілегін арнады.
Сондай-ақ сапалы әрі әсем ғимараттарды салып, ел игілігіне пайдалануға берген мердігер компанияларға алғысын білдірді. Өз кезегінде жаңа пәтерге қол жеткізген Мұхтар Сүлейменов  қуанышымен бөлісіп, осынау игі бастамаға ұйытқы болған жандарға ризашылығын білдірді. Ал еңбек ардагері Қорғанбек Қайруллаев қоныстанушыларға тілегін арнап, ақ батасын берді. отбасы банк «Отбасы банк» арқылы несие алып, мемлекеттік бағдарлама аясында  баспаналы болғандардың қуанышында шек жоқ. Соның бірі  –  жас маман Гүлзат Орынтай. «Байқауға қатысып, үш айдың ішінде жаңа баспанаға қол жеткізіп отырмын. Негізінен бағдарламаға сәйкес,  ай сайын үй құнының 20 пайызын салу арқылы үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Өте қуанып тұрмын», – деп Гүлзат өз қуанышымен бөлісті. Сол сияқты бағдарламаның шапағатына бөленген Жансая Бақтыбай да мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор мүмкіндіктерге шексіз ризашылығын жеткізді «Көптен армандап жүрген баспанаға қол жеткізіп отырмын. Көңіл күйім керемет. Осындай қуанышқа кенелуіме ықпал болған барлық азаматтарға алғысым айтамын» деп ол  да өз қуанышымен бөлісті. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, қатысушының депозитінде баспана құнының кемі 20 пайызы болуы тиіс. Бұл   – бастапқы жарнасы. Ал несиенің жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Жыл басынан бері банктің Қызылорда қалалық филиалы тұрғындарға 700-ден астам несие берген. Міне, бүгін сондай салымшылардың қуанышты сәтінің куәсіміз», – деді «Отбасы банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев. Филиал директорының айтуынша, мұндай игі шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Яғни, жыл соңына дейін Қызылордада тағы 250 пәтерлік 8 үй қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр.

Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы