Апат ақталуға себеп емес
Апат ақталуға себеп емес
© коллаж: Елдар Қаба
575
оқылды
Табиғаттың тосын мінезі ескерілмей салынатын құры­лыс нысандары мен белгілен­ген ережеге көз жұма қарайтын шенділердің жауапсызды­ғынан жазатайым жағдай жиі­леп барады. Есте болса, бірер жыл бұрын елордада боран­ды күні тұрғын үйдің кірпіші қыз ба­ланың басына түсіп, көз жұм­­­ған. Одан бері де еліміздің әр жерінде осыған ұқсас оқи­ғалар болып жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Қараусыз қалған кәріз құды­ғына құлап көз жұмғандар мен денсаулы­ғына зиян келгендерде есеп жоқ. Бұл мәселе талай рет жазылып жауыр болуға айналса да, әлі күнге ашық-шашық жатқан кәріз құ­дығына бақылау болмай тұр. Ал хал­қы да, үйлері де тығыз орналас­қан қалалы жерлерде жел мен бо­ранды, жауын-шашынды және бұршақты күндері көшеде оқыс оқиға болмасына ке­пілдік жоқ. Жазатайым жағдай жиіледі Он бір жыл бұрын Алматыда бұр­шақ аралас жаңбыр мен дүлей дауылдың кесірінен 160-тан астам ағаш құлап, төрт адам зардап шек­кен еді. Газ бен электр желілері, кө­ше жолдары мен су басқан тұрғын үйлерде есеп жоқ. Ал түрлі деңгейде жарақат алғандардың дені сол кезде ауруханаға жатқызылды. Әкімдіктің есебінше, сол уақытта қала аума­ғында барлығы 161, Медеу, Камен үстірті, Бутаковка шатқалдарында 5 000-нан астам ағаш опырылып, авто­­көлік пен тұрғын үйлердің тө­бесіне құлап, шатырын зақымдаған. 2018 жылы Ақтөбедегі тоғыз қа­батты үйдің лифтісінде журналист Айзат Әбдісамат қаза тапты. Лиф­тіде көз жұмған жас ананың ар­тын­да үш жастағы бүлдіршіні аңырап қалды. Келесі жылы Қос­танайда әйелдің басына көпқабатты тұрғын үйдің төбесінен кірпіш құлап, жансақтау бөліміне түскен. Бұл оқи­ғада «Са­пасыз салынған құрылыс» бабы бойынша тергеу жүргі­зілді. Арада көп уақыт өтпей елор­дадағы сауда орталығының бірінде қыздың үстіне пальма ағашы құлап, басы жа­рылды. Көп қан жоғалтқан жә­бір­ленушіге дәрігерлер бассүйек-ми жарақаты, травматикалық шок диаг­нозын қойды. Былтыр Жамбыл облысындағы дауыл кезінде 11 жастағы баланы ағаш басып қалған. Бел омыртқасы жарақаттанған оқушы қалалық ау­руханаға жеткізілген. Ауа райының күрт құбылуының өзі шатырлар мен ағаштарды құлатып, автомобиль­дерді басып қалған. Ақтауда бірне­ше жыл­дан бері 30-шағынауданда ор­наласқан №169 үй тұрғындары­ның бас ауруына айналған. Был­тыр осы ғимарат қасбеті тағы құлап, тұр­­ғын­дардың үрейін ұшырды. Жер­гілікті халықтың жырына ай­нал­ған үй 2011 жылы мемлекеттік бағ­дарлама аясында салынып, пай­далануға берілген. Қазір тұрғын үй қасбетінің біршама бөлігі сыпы­рылып, қаптаманың қаупі халықтың үрейін ұшырып келеді. Биылдың өзінде еліміздің бір­неше қаласында осыған ұқсас оқиға болды. Мәселен, Нұр-Сұлтанда қатты желден баннер құлап, екі адам зардап шекті. Қатты жел бан­нерді шамамен 15 метр жерге дейін ұшырып, салдарынан елорда тұр­ғыны түрлі дене жарақатын алған. Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қыз­метінің мәліметінше, зардап шек­кендер түрлі жарақатпен көпбейінді қалалық стационарға жеткізілді. Күні кеше Өскеменде қатты желден тағы да екі жасөспірім қыздың үс­тіне аялдама павильоны құлады. Оқиға болған аумақ «ҚазӘлем» мер­дігер компаниясының кепіл­дігінде болған. Ал Өтепов аялда­масына «Таза Өскемен» мекемесі қызмет көрсетеді екен. Тұрғын­дардың сөзінше, қатты жел соққан сайын жұрттың зәре-құты қашады. Төрт күннен бері тыйылмай тұрған жел қала көшелеріндегі ағаштарды құлатып, автокөліктің үстіне түскен. Салдарынан оқыс оқиға кезінде көлікте болған екі адам дене жара­қатымен ауруханаға жеткізіліпті. Бір қызығы, тұрғындар қалалық әкім­діктен осы көшенің бойындағы екі талды кесіп тастау туралы бұрын да арыз­данғанын айтады. Алайда ат­қамінерлер еш әрекет жасамаған. Енді, міне дер кезінде кесілмеген ағаштан екі азамат зардап шекті. Ай­тып ауыз жиғанша, күні кеше тағы Талдықорғанда қатты желден әйел адамды ағаш басып қалды. Оқыс оқиғадан 59 жастағы тұр­ғын­ның басы, иығы мен аяғына зақым келген. Қауіпті қаптама Елордадағы тұрғын үй кешен­дерінің бірінде Пәтер иелері коопе­ративін басқаратын Баян Жаң­сықбаева жел мен боранды күні үйден шықпауға және көліктерін қауіпсіз жерге қоюға кеңес береді. Өйткені қазір қаладағы құрылыс ны­сандарының қауіпсіздігіне еш­қандай кепілдік жоқ. «Соңғы са­лын­ған құрылыс нысандарының сырты керамогранитпен қапталады. Мың жерден желімдеп жапсыр­ғанмен, 15 келі тұратын бір керамо­гранит жел мен боранда ұзақ шыдас бермейді. Сарапшылардың өздері үйдің сыртындағы қазіргі керамо­граниттердің сапасы сын көтермей­тінін айтып жүр. Мысалы, керамо­гранит -40 немесе +40 градусқа шыдас бермейді. Сол үшін титтей жел тұрса болды, үйдің төбесі са­тырлап, қаптаған керамограниттері түсіп жатады. Ал биіктен құлаған 15 келілік керамогранит адамның басына түссе, тіл тартпай кетуі мүмкін. Негізі, құрылыс са­рап­шылары жел мен бораны көп аймақтардағы үйдің биіктігі 5 қа­баттан аспауы тиіс екенін айтқаны­мен, қазір биіктігі ондаған метрге жететін, сырты әлгінде айтқан қауіп­ті қамтамамен жасалатын үй­лердің маңында жүріп-тұрудың өзі қорқынышты», – дейді ол. Былтыр ғана іргелес үйдің сыртындағы ке­рамогранит көліктің үстіне құлапты. Оныншы қабаттан құлаған қасбет адам түгілі темірдің өзін тіліп түсіп­ті. Қазір осы іс бойынша жәбір­ленуші Пәтер иелері кооперативі мен әкімдіктен өтемақысын талап етіп келеді. Айтып келмеген апатта айыпты жоқ Алайда айыпталушы тараптың жауаптан жалтарып кетуі де ғажап емес. Өйткені сотта форс-мажор емес екені, демек тосыннан болған жағ­дайдың салдарынан болмағаны дә­лелдену керек. Егер дәлелденсе, касбеті құлаған үйдің иесі сана­латын ПИК, ал жарнама мен бил­борд, аялдамадан болатын апаттың сал­да­рынан болатын жағдай үшін іске жауаптылардың қаражатынан қа­рас­тырылады. Ал сотта форс-мажор бол­ғаны дәлелденсе, яғни үйдің қас­беті, билборд пен жарнама дұрыс бекі­тілгені расталып, бірақ жаза­тайым жағдай болса, өтема­қыны ешкім төлемейді. Жауап­кершілік ешкімнің мойнына жүк­телмейді. «Іс-тәжірибемде көлігі зақым­данған кісілердің талап-арызы түс­кен. Біз істі қарамас бұрын көлікке зақым келген жердің кімнің қа­рауын­­да екенін анықтап аламыз. Кей­бір жағдайда аумақ әкімдіктің ие­лігінде болуы мүмкін. Ал кейбір жағ­­дайда әкімдік келісімшарт бо­йын­­­­ша басқа қызмет көрсететін ме­­ке­­­­мелерге береді. Мысалы, өзім қа­­ра­­ған сот ісінде көлікке зақым кел­ген аумақты Қазақстан Саңырау­лар қоғамының иелігіне берген. Өте даулы болды. Біреулер ол жердегі ағаштар ПИК-тің қарауында бол­ға­нын айтады. ПИК аумақтың жалпы пайдалануға берілген жер екенін алға тартты. Егер солай бол­са, өте­ма­қыны әкімшілік төлеуі тиіс. Әкім­дік ке­лі­сім­шарттарын көр­сетеді. Ол бойын­ша аумаққа Саңы­раулар қоғамы жауап беруі керек. Алайда олар да тиісті уәжін келтіріп, сызба бойынша дәл сол аумақты жауапкершілігіне алмаға­нын жет­кізе­ді. Үш тараптың дауы ұзаққа со­­зы­лып, соңында өзара шешу үшін талап-арызды қайтадан алып кетті», – дейді Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева. Судьяның сө­зінше, табиғи апаттың салдарынан бо­латын шығынды өндіріп алу іс­тері кінәлі тарап өзі мойындаса, бір ай­дың ішінде шешімін табады, әл­гін­дегідей даулы жағдайда жарты жылға дейін созылады. Себебі кі­нәсі дәлелденгеннен кейін де зиян­ды бағалау үшін арнайы мамандарды шақыртады. Шығарған қорытынды негізінде шығын өтеледі. Ал шығар­ған шешімге көңілі толмаса, сот са­раптамасы тағайындалады. Олар да өздерінің сараптамасын жасайды. Судьяның соңғы шешімі көбіне сол сот сараптамасына сүйеніп жа­салады. Заңгер Мейірман Шекеевтің сө­зінше, осындай жағдайларда адам қайтыс болса, іс Қылмыстық кодекс бойынша қозғалады. Болған жағ­дай­дың мән-жайы анықталып, са­рап­тама тағайындалады. Заң бо­йын­­­ша, кез келген мердігерлік не­­месе құрылыс компаниялары мін­детті түрде құрылыс нормалары мен ережелеріне сай жұмыс істеуі керек. «Мысалы, жарнама билборды не­месе аялдама басып қалған жағ­дай­ларда жауапкершілікті алған мер­дігерлік компания да, тапсырыс берушілердің ісі де қаралады. Өйт­кені мердігер тапсырыс берушінің жобасы бойынша жұмыс істейді. Өтемақы тағайындау кезінде сот зардап шегушінің жалғыз асыраушы ма, қанша баласы барына дейін қарайды. Сондай-ақ айыпталушы тараптың да материалдық шығын­ы ескеріледі. Қатып қалған өте­мақы көлемі жоқ», – дейді заңгер. Сон­дай-ақ ол жазатайым жағдайдан зардап шеккендердің шығыны сот шешімінен кейін де ауыз тол­ты­рып айтарлықтай толық өтеліп жат­­пағанын жеткізді. Апаттың айтып келмейтіні ақиқат. Алайда мәселе табиғаттың түрлі тосын мінезі елеп-ескерілуі тиіс ереженің өзі еленбейтінінде болып тұр. Жауапсыздықтың соңы қай­ғылы аяқталып жатса, өтем­а­қы­ның өзін толық қайтаруға құлқы жоқ. Ал сапасыз құрылыс пен қада­ғалаудың кемшілігінен материалдық шығынға ұшырағандарды айт­па­ғанда, қаншама адам кемтар болып, қаншасы мәңгілік мекеніне аттанып жатыр. Өтемақысын қойшы, обалы кімге?